Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да аудан көркемөнерпаздарының арасында "Туған жерім – тұғырым" фестивалі өтті

БҚО-да аудан көркемөнерпаздарының арасында "Туған жерім – тұғырым" фестивалі өтті. Концертке әр ауданның мақтанышына айналған майталмандар келіп, өнерлерін ортаға салды. Шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев те қатысып, өнерпаздарға “Алғыс хаттар” табыстады.

Концерт 23 қазан күні БҚО мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының қолдауымен және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен "Атамекен" өнер ордасында өтті. 

Аталған шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтен басқа, облыс әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары, Орал өңірінің құрметті азаматтары мен жаны жайсаң меймандар келді. 

Қатысушыларды құттықтаған аймақ әкімі Нариман Төреғалиев мәдениетті қоғам дамуының көшірмесі, бейнесі, белгілі бір мағынада болашағы екенін атап өтті.

“Өйткені ғасырдан ғасырға жалғасқан ұлттық руханиятымыз – біздің күретамырымыз болса, бүгініміз бен келешегімізді нәрлі қайнарға айналдыру да  – мәдениет еншісінде. Ендеше, Ақжайық елінің рухани дамудың қасиетті мекеніне айналғаны төбемізді көкке жеткізеді. Сондықтан да бұл бағыттағы әр қадам игілікті.  Аудан көркемөнерпаздарының "Туған жерім – тұғырым" халық шығармашылығы облыстық  фестивалінің көктем айынан бастап оздырылып, бүгінгі өз мәресіне жеткізілуі – өнерді жаңарту, мәдениетімізді дамыту”, – деді ол. 

Сонымен қатар облыс әкімі әрбір ауданның көркемөнерпаз ұжымының кәсіби түрде шыңдалуына, материалдық-техникалық базасын жаңартуына, рухани тыныс-тіршілігінің көркем де шынайы бейнелеуіне жол ашылғанын мәлімдледі.

“12 аудан және қала өнерпаздарының облыс жұртшылығына керемет рухани демалыс сыйлап қана қоймай, қол жеткізген жетістіктерімен алмасу, қарым-қатынасты нығайту, халықтың мәдениетін арттыру, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсаты – осындай ауқымды жобамен жүзеге асты. Мұндай ортаны құрып, жүзеге асырған ұжым басшыларына, жетекшілеріне, өнерпаздарға өңірдің интеллектуалдық, шығармашылық қуатын сақтау мен дамытуға қосқан үлестері үшін алғысымды білдіремін”, – деп қосты ол. 

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, Жайық елінің мәдени талғамы мен танымын қалыптастыруда мәдениетті білу де, мәдениетті болу да баршаның парызы.

Еліміздің бәсекеге қабілеттілігі дегенде, біз тек экономиканың деңгейін айтпаймыз, өйткені біз атақты Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің "Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайтынын ұмытпайықшы" деген аманатын есте ұстауға тиіспіз.
Әрқашан қасиетті өнеріміз бен төл мәдениетіміздің, ауылымыздың болашағы үстем болсын! Сіздерге мәдениет пен өнерге қызмет ету жолында зор денсаулық, шабыт, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін!” – деп түйіндеді әкім. 

Гала концерттің басында көрермендерге "Атамекен" өнер ордасының кулуарында Батыс Қазақстан облысының домбыра жасау шеберлерінің Ақжайық өңіріндегі күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы, күй анасы Дина Нұрпейісовадан бастап, Мұхит, Ғарифолла секілді тұлғалардың домбыраларының түпнұсқаға сәйкес көшірмелері және облыстық халық шығармашылығы орталығының жұмыстары бойынша фотокөрмесі таныстырылды.

Концерттік бағдарлама "Дәстүрлі дала", "Дарындар даласы", "Туған жер – тұғыр" атты үш бөлімнен тұрды.

Сахнада біріктірілген халықтық ұлт-аспаптар оркестрлері өнер көрсетті. Атап айтқанда:

  • Жетекшілері А.Ескендіров, Казталов ауданы;
  • жетекшісі Н.Отарбаев, Жаңақала ауданы;
  • үлгілі "Қыз Жібек" термешілер ансамблі жетекшісі А.Болтанов, Казталов ауданы;
  • дәстүрлі ән үйірмесінің тәрбиеленушілері жетекшісі Д.Жұмағалиев, Теректі ауданы;
  • облыс бойынша дәстүрлі әншілер мен күйшілердің шеруі, "Салтанат" жетекшілері Б.Сапарғалиева, М.Танатова, Орал қаласы;
  • үлгілі "Назерке" жетекшісі А.Мұқанғалиева, "Ақ жұлдыз" жетекшісі Л.Морозова, Бөрлі ауданы;
  • би ансамбльдері, халықтық "Дауыс SOL" квартеті жетекшісі Д.Бекқалиев, Тасқала ауданы;
  • "Арын" вокалды тобы жетекшісі Т.Жексенбаев, Қаратөбе ауданы;
  • алықтық "СКИФЫ" вокалды аспаптар ансамблі /жетекшісі Ғ.Мұхамбетов, Бәйтерек ауданы және еліміздің мақтаныштары, облыстық, республикалық әншілер байқауларының жеңімпаздары өнер көрсетеді.

Әр ауданнан келген дарындылар сахна төрінің көркін келтіріп, көрермендердің көзайымына айналды. 

Концерт соңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп, аудан өнерпаздарының жемісті еңбектеріне Алғыс хаттар табыстады.

Марапатталған үздіктер қатарында:

  • "Өсиетті өлке" – Ақжайық ауданы көркемөнерпаздары;
  • "Тағылымды тұңғыштар" – Бөкей ордасы көркемөнерпаздары;
  • "Ұлттық ұлағат" – Бөрлі ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Достық – дастан" – Бәйтерек  ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Ғұмырлы құндылық" –  Жәнібек ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Абыз атамекен" – Жаңақала ауданының көркемөнерпаздары; 
  • "Қазыналы ән-қойнау" – Қаратөбе ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Өрісті өнер" –  Казталов ауданының көркемөнерпаздары; 
  • "Жақұтты жыр" –  Сырым ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Бірегей белес" – Теректі ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Тамырлы таным" – Тасқала  ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Ерекше елжанды" –  Шыңғырлау ауданының көркемөнерпаздары;
  • "Ән–Жайық әлемі" – Орал қаласының көркемөнерпаздары;

Шара соңында ықылас гүлдері сахнаға шығарылды.

Талқылау