Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз ЖИ-ді қазақша сөйлеттік": QazCode компаниясының бас директоры Digital Bridge 2025 форумында ірі тіл модельдерінің рөлі туралы айтты

Алексей Шаравар

Beeline Қазақстан холдингіне кіретін QazCode компаниясының СЕО-сы Алексей Шаравар Digital Bridge 2025 форумының панельдік сессиясында сөз сөйледі. Онда ол мобильді байланыстың дамуы мен өз өнімін жасағанда жасанды интеллектіні қолдану мәселесін талқылады. 

Алексей Шаравардың айтуынша, QazCode компаниясы өзінің жасанды интеллект бастамаларына ерекше мән беріп, белсенді түрде негізгі бағыттарға инвестиция салып жатыр. Оның ішінде KazLLM ұлттық тіл моделін дамыту бар.

"Біз KazLLM ұлттық тіл моделін Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, ISSAI NU ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтымен және Astana Hub-пен бірлесіп жасадық. Бұл модельді біз Janymda (бұрынғы Мой Beeline) қосымшасына енгіздік. Сол жерде қазақ тілін үйретуге арналған AI Tutor көмекшісін іске қостық. Қазірдің өзінде осы AI Tutor-ды ай сайын белсенді қолданатындар саны 15 мыңға жетті", – деді Алексей Шаравар.

Елде мәдени және тілдік мұраны сақтау ісіне айрықша көңіл бөліне бастағанда қазақ тілін үйретуге арналған AI Tutor Қазақстанда көп сұранысқа ие болды. Қазір платформа автомат түрде сабақтар мен тесттер құрастырып, оқушылар мен студенттерге білімін тереңдетуге және тіл деңгейін арттыруға көмектеседі.

Алексей Шаравар

"Мұндай модельді іске қосу үшін қуатты инфрақұрылым қажет. GPU арқылы жоғары өнімді есептеуі үшін серверлер Қазақстан аумағында орналасуға тиіс. Сондықтан Beeline Қазақстан холдингі осындай қуат көздерін дамытуға инвестиция салды. Биыл деректер орталықтарын дамытуға маманданған және негізінен GPU-ға, яғни жоғары өнімді есептеу жүйелеріне бағытталған Hyper Cloud Solutions компаниясы құрылды", – деді QazCode компаниясының бас директоры.

Hyper Cloud – компанияларға деректерді қауіпсіз сақтауға, өңдеуге, қосымшаларды іске қосуға және цифрлық жүйелерді бір ортада басқаруға мүмкіндік беретін бұлтты платформа. Бұл кәсіпке өз ресурстарын қауіпсіз жерде икемдеп, толық бақылауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық дерек толығымен Қазақстан аумағында сақталады.

"Мұндай құралдар командаларға жасанды интеллект негізіндегі өз өнімдерін әлдеқайда жылдам жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанда осындай технологияларды пайдаланып, инвестиция тартып жатқан табысты стартаптар бар. Біз оларды инфрақұрылым жағынан қолдауға дайынбыз", – деді ол.

Алексейдің айтуынша, Қазақстаннан басқа елдерде де KazLLM моделіне қызығатындар көбейіп жатыр. Мәселен, бұл жобаға Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және өзінің ұлттық модельдерін дамытқысы келетін басқа да мемлекеттер назар аударып отыр.

"Қазір біз Пәкістандағы әріптестерімізді қолдап жатырмыз. Олар елдің негізгі тіліне – урду тіліне бағытталған UrduLLM деген өз үлгісін жасап жатыр. Біз оларға жинаған білімімізді, тәжірибемізді, әзірлемемізді бөлісіп, көмектесу ниетіміз бар. Оған қоса KazLLM-ге Украина және басқа елдердегі мамандар да қызығып отыр. Себебі платформа ұлттық тілдерді сақтау мен дамытуға көп мүмкіндік береді", – деді Алексей.

KazLLM – қазақ тіліне бейімделген үлкен тілдік модель. Онда 150 миллиардтан астам мәтін бірлігі бар. Модель қазақ тілінен басқа орыс, ағылшын және түрік тілінде де істейді, сондықтан бұл құрал – көптілді ортада жұмыс істегенде ыңғайлы әрі әмбебап.

Сарапшылардың білімін бөлісуі – ынтымақтастықтың бір бөлігі ғана. Бұдан еш кем емес екінші маңызды бағыт – QazCode компаниясының өз ішінде және серіктестерімен бірге іске асырған практикалық жобалар.

"Мысалы, біз Beeline Қазақстан үшін Aventa деген жасанды интеллект платформасын құрдық. Оны қазір заңгерлер, HR-мамандар, қаржыгерлер және басқа қызметкерлер қолданады. Платформа арқылы әр қызметкер өзіне арнайы ЖИ-көмекші жасай алады. Көмекші жұмыс сұрақтарына тез жауап береді, күнделікті тапсырмаларды автомат түрде орындайды және жұмыс өнімін арттырады. Қазір Aventa Beeline ішінде де, сыртқы нарықта да қолжетімді. Ең маңыздысы, бұл – KazLLM моделі негізінде жасалған толықтай қазақстандық өнім", – деді Алексей Шаравар.

Алексей Шаравар

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні қолданғандағы басты сын-қатерлердің бірі – локализация мен қауіпсіздік.

"Жасанды интеллект жаңа электр қуаты сияқты: көп мүмкіндік ашады, бірақ оны саналы әрі жауапкершілікпен пайдалану қажет. Ал сенімді түрде бақылап, қауіпсіздік қамтамасыз ету үшін ел ішінде есептеу қуаттарын енгізген маңызды", – деп атап өтті спикер.

Оның сөзінше, жасанды интеллект деректерді талдау мен реттеуде өте тиімді. Бірақ тек технология емес, серіктестік пен тұрақты цифрлық инфрақұрылымды дамыту да маңызды. 

Сессия қатысушыларының пікірінше, бүгінде Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жаһандық үрдістерді қуып жетіп қана қоймай, керісінше, олардың жаңа бағытын қалыптастырып отыр. Бұл – ел технологияларын жүйелі дамытуға, жергілікті өнімдер жасауға және халықаралық ынтымақ орнатуға бағытталған еңбегінің нәтижесі.

Наргиза Аршидин
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 09:38
Талқылау