Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бішкекте апаттан аман қалғандар ұшақтың қалай құлағанын айтып берді

 

Бішкектегі әуе апатынан қаза тапқандар саны сағат сайын артуда. Гонконгтан ұшып шыққан Бойнг -747 ұшағы бүгін таңда Манас әуежайының маңында құлаған болатын. Түркиялық компанияға тиесілі жүк тасымалдайтын ұшақ әуежайға небәрі бір жарым шақырым жетпей, саяжайдың үстіне құлап отқа ораныпты. Апат салдарынан экипаж мүшелері мен жердегі 30-дан аса тұрғын ажал құшты. Қазір оқиға орнында мыңға тарта құтқарушы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады КТК арнасы.

самолет бишкек

Гонконгтан ұшып шыққан Бойнг-747 ұшағы Манас әуежайының маңындағы «Авиатор» саяжайына құлаған. Жүк тасыйтын алып әуе кемесі ауа-райының қолайсыздығынан алғашқыда қона алмапты. Сондықтан ұшқыш екінші айналым жасамақшы болған екен. Алайда осы сәтте доңғалағы әуежайдың қоршауына ілініп қалып, тұрғын үйлердің үстіне барып құлады деген болжам бар. Артынша алапат өрт тұтанып, отыз шақты үй қираған.

Осы сәтте шырт ұйқыда жатқан тұрғындар төсектерінен де тұрып үлгермепті. Салдарынан төрт экипаж мүшесі мен отызға жуық тұрғын ажал құшты. Әзірге қаза тапқан 20 адамның аты-жөні белгілі. Қалғандарының жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де апаттан опат болғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені құтқарушылар қираған үйінділердің бәрін әлі аршып болған жоқ.

«Қазір қаза тапқандардың саны 31 адам болды. Төрт экипаж мүшесі болған. Олардың үшеуі тіл тартпай кетті.  Біреуі тірі қалып, есінен адасып қалған екен. Бірақ Бішкек ауруханасына жеткізілген сәтте қайтыс болды», – дейді Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Мұхаммедқали Әбілғазиев.

Қазір оқиға орнында мыңға тарта құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Осы сәтке дейін қаза болғандардың 30-дан аса дене бөлшектері табылып, мәйітханаға жеткізілген. Ал ұшақтың бөлшектері бір шақырым жерге дейін шашылыпты. Сондықтан аумақты тәртіп сақшылары қоршауға алды. Қара жәшіктің бірі табылып, тағы екеуі іздестірілуде.

«Таңғы 7-лер шамасында қатты дауыс естіліп, артынан үйіміз теңселіп кетті. Бәріміз шошып, жүгіріп далаға шықтық. Айнала қою тұман болып тұр екен», – дейді тұрғындардың бірі.

Апатқа ұшыраған ұшақ Түркиялық әуе компанияға тиесілі. Сондықтан оның не себепті құлағанын енді екі елдің мамандары бірлесіп зерттемек. Сондай-ақ халықаралық авиация комитетінің де өкілдері апат себептерін анықтауға көмектеспекші. Осы оқиғадан кейін түске дейін Манас әуежайы уақытша жабылған болатын. Қазір ондағы ұшақтардың ұшып-қону кестесі реттелді. Ал қырғыз үкіметі қаза тапқандардың туыстарына қолдан келгенше көмек көрсетуге әзірміз дейді. Арнайы штаб құрып, баспанасыз қалғандарға жылу жинау науқаны басталып та кеткен. Ал ертең Қырғызстанда қаралы күн деп жарияланды.

Жіберіп алмаңыз:

Қаскелеңде баласынан айырылған ата-ана тергеушілерге ашулы

Алматы облысында мектепті жылыту үшін сабан жағып амалдауда

Алматыдағы ардагерлер үйінде 6 ақсақал мен әже отау құрған

Ләйлә Сұлтанқызы: Мен тоқал емеспін

Талқылау