Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың үштен бірі сын көтермейді

Қазақстандағы су тасқыны биліктің осы уақытқа дейін көз жұмып келген мәселелерін әшкереледі. Кейінгі бірнеше жылда елімізде жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстар (ГТҚ) саны 1,5 есе өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дереккөзден

"Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы" заң жобасы тұжырымдамасындағы ақпаратқа сәйкес, 2017 жылғы мамырда 347 гидротехникалық құрылыс қанағаттанарлықсыз жағдайда болды. Олардың сол кезде жөндеуді қажет ететіні айтылған. 

Алты жылдан кейін, 2023 жылы мұндай проблемалы объектілердің саны азайған жоқ, керісінше  537-ге артты. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Сонымен қатар қолданыстағы гидротехникалық құрылыстардың үштен бірі — 1502 нысанның 535-інде техникалық құжаттама мүлдем жоқ. Бұл – бақылаусыз қалған нысандар. Премьер-министрге хат жазған мәжілісмендердің мәліметінше, бұл гидротехникалық құрылыстардың негізгі бөлігі коммуналдық меншікте және атқарушы билік бөгеттердің, каналдардың, су қоймаларының жай-күйін қадағалауға тиіс болған. Депутаттар Ақтөбе облысындағы жағдайды мысалға келтірді, онда экобелсенділердің өтініштерінен кейін ғана бас прокуратура экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне гидротехникалық құрылыстардың жағдайын тексеру қажет екені туралы нұсқама берген. 

Нәтижесінде 36 қараусыз қалған бөгет пен су қоймалары анықталды. Одан кейін департамент Ақтөбе облысының әкімдігіне иесіз 5 бөгет пен 3 көпірді жою, 21 бөгетті транзиттік режимге көшіру, қалған 28 нысанда жөндеу-тазалау жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Яғни, белсенділердің, Бас прокуратураның және тиісті министрліктің араласуынан кейін ғана жоспарланған жұмыстар атқарылды.

Жеке меншіктегі гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау мәселесі де бар. Мәселен, Ақтөбе облысындағы гидротехникалық құрылыс. Тексергенде 10 жыл бұрын балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген Магаджанов су қоймасының бөгеті жылдар бойы тиісті тексерістен өтпегені анықталды. Мүлде тексерілмеген, жөнделмеген. Нәтижесінде биыл 5 сәуірде бөгет бұзылып, Хромтау ауданындағы үш ауыл мен Ақтөбе маңындағы саяжай қауымдастықтары су астында қалды. Енді қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ЖШС басшысына қатысты өз міндеттеріне жосықсыз қарау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Су ресурстарын басқаруды дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері қордаланып қалған барлық негізгі проблеманы біріктіреді. Құжатта Қазақстандағы су шаруашылығы нысандарының нақты тозуы 60%-дан асқаны айтылған. Көптеген гидротехникалық құрылыстар 30-50 жылдан астам күрделі жөндеусіз жұмыс істеп келген. Сонымен қатар олардың қауіптігі жоғары. 

"Су шаруашылығы инфрақұрылымын қайта құру және дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру тиімділігінің әлсіздігі, жоғары сыбайлас жемқорлық қауіптері, шешім қабылдаудың күрделі және бюрократиялық тетігі байқалады", — делінген тұжырымдамада.

Талқылау