Бишімбаевтың ұсталуы: Полицейлердің бейнебақылау камерасына жазылған видеосы көрсетілді
Сот отырысы барысында Қуандық Бишімбаевтың қамауға алынған сәтінің видеосы көрсетілді. Қамауға алыну сәті оқиға орнына келген полицейлердің бірінің бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы Сот
Оқиға орнына келген жедел жәрдем Нүкеноваға қажет көмекті көрсеткеннен кейін “Жедел жәрдем келгенге дейінгі өлім” диагнозын қойып, полиция шақырған.
Бишімбаевтың ұсталған видеосы полицейлердің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.
Видеода оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Бишімбаевтың құқығын оқып берді. Кадрларда экс-министрдің полицейдің өтініші бойынша басын көтеріп, кейін қайтадан төмен түсіретінін көруге болады. Осыдан кейін Қуандық Бишімбаев кінәлі екенін айтқан.
"Бұл – менің мейрамханам. Мен мұнда тұрмаймын, Астанада тұрамын. Исламдық неке. Біз ұрысып қалдық, мен оны ұрдым, бұл рас. Ол таңертең ұйықтап қалды, ол бір сағат бұрын ұйықтап қалды, қорылдады”, – дейді Бишімбаев.
Еске салсақ, айыпталушы айғақ беру кезінде жылап жіберген. Оның айтуынша, ол Салтанат Нүкеновамен 9 қараша күні таңғы сағат 7-8-ге дейін түні бойы ұрысып қалған.
Мейрамханада одан жауап алынып жатқанда Бишімбаев үстел басында екі қолын артқа қойып отырған. Оның қолындағы кісен көрінбейді. Алайда айыпталушы далада темекі шегіп тұрып, полицейлердің бірімен сөйлескен. Осыдан кейін оны көлікке отырғызып, полиция бөліміне алып кеткен көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін сотта Бишімбаевтың жеке қойын дәптеріне жазылған Салтанаттың қолхаты оқылды. Осыдан соң Бишімбаев не себепті жедел жәрдем шақырмай, көріпкелге хабарласқанын айтты
Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.