Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бірнеше жыл бойы қурап тұр”: Алматыдағы әйелдің өлімінен кейін белсенді әкімдікке шағымданды

“Бірнеше жыл бойы қурап тұр”: Алматыдағы әйелдің өлімінен кейін белсенді әкімдікке шағымданды
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы әйелдің өлімінен кейін белсенді қаладағы ағаштардың көбі дерлік қурап, қараусыз қалғанын айтып әкімдікті айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қала тұрғыны Виктор Бурдин ағаш бұтақтарын кесу мәселесін жылдар бойы көтеріп келе жатқанын желідегі парақшасында жазды.

"Қаланың жасыл желегі сұмдық жағдайда. Тек биылдың өзінде Алмалы ауданы әкімдігі чатына ағаштардың қурағаны туралы бірнеше рет арыз жаздым. Кейбірі бірнеше жыл бойы қурап тұр. Бұл тек мен тұратын аудандағы жағдай. Басқаларын айтпай-ақ қояйын", – деп жазды белсенді.

Ол барлық мәселелер бойынша шағым жазғанын алайда нәтиже ала алмағанын алға тартты.

"Өткен жылы да шенеуніктерге тротуарлар мен веложолдардың үстіндегі бұтақтар мәселесін талай рет айттым. Кей жерлерде жазда да, қыста да өту мүмкін емес. Ішінара ғана аралап кетеді. Жүйелі жұмыс көріп тұрған жоқпын. Жаңа ағаштар да өте көп отырғызылады, бірақ көбін суармайды. Арналардың көбі құрғап жатыр. Ал қазір не болып отыр? Бір әкімнің орнына екіншісі келеді, бір шенеунікті екіншісі алмастырады, бордюрлер ауысады, бірақ қалада өмір сүру оңайлап жатқан жоқ", – деді ол.

Алматылық әйелдің өліміне себеп болған ағаштың бұтағы қуарамаған болып шықты.

Алматы қаласының әкімдігі оқиғаға қатысты пікір білдірді. Алмалы ауданында, Қарасай батыр көшесі мен Шәріпов көшесінің қиылысында, №114 үйдің 4-ші корпусына жақын жерде ағаш бұтағы әйелдің үстіне құлағаны хабарланды.

Оқиға орнына аудан әкімдігі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы мен аталған басқармаға қарасты ұйым қызметкерлері келді.

"Тексеру барысында бұтағы сынған ағаштың жасыл және жағдайы қанағаттандырарлық екені анықталды. Ағашты санитарлық кесуге жататын-жатпайтынын немесе бұтақтардың не тұтас ағаштың құлау ықтималдығын тек сыртқы көрінісіне қарап болжау мүмкін емес, өйткені ағаш жасыл және қурау белгілері жоқ", – деп түсіндірді әкімдік өкілдері.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда ағаш бұтағы құлап, әйел адам қаза тапқанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 22:23
Талқылау
`