Мойнына 700 мың ілген: Ақтөбеде компания көзі көрмейтін кейуананы сотқа берді
Ақтөбеде көпбалалы аналарды үкімет емес, енді тұрғын үйлерді жаңалаудан өткізген компаниялар сотқа сүйреп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 бағдарламасына сілтеме жасап.

Коммуналдық компания терможаңғырту бойынша жөндеуден өткен жатақханада тұратын кейуананы сотқа берген. Жетпістен асқан Мәдина Қалиеваның мойнына компания 700 мың теңге іліпті. Ал алты баланың анасы сапасыз жөндеу үшін бір тиын да төлемеймін деп бекініп отыр.
Осыдан тура бір жыл бұрын екі көзінен бірдей айырылған Мәдина Қалиева өзі тұратын көп қабатты үйді жөндеуден өткіземіз дегенді естігенім болмаса, ешбір құжатқа қол қойып, рұқсат бермедім, дейді. Сөзінше, үйдің төбесінен бастап, жертөлесіне дейін күрделі жөндеу жүргіземіз деген компания жұмыстарын жөнді атқармай кеткен.
Енді сапасыз жөндеуге мойныма жеті жүз мың теңгені іліп отыр дейді. Алайда, айына жетпіс мыңдай зейнетақы алатын қария бұл ақшаны төлейтін шамам да, ниетім де жоқ деп отыр.
«Дымды істемеген. Төмендегі балконға, тіпті, терезе де салмаған. Енді, жеті жүз мың төлейсіңдер деп сотқа беріпті. Бір тиын да төлемеймін», - дейді кейуана.
Сапасыз жүргізілді деп жөндеу жұмыстарына көңілі толмаған жалғыз бұл қария емес.
«Отыз бес жыл бойы ақша төлейсін деп хат жіберіп отыр. Мен несіне төлеймін: әжетханаға су бармайды. Жөндеуді әйтеуір жасай жалған», -дейді сол қабатты үйлердің тағы бір тұрғыны Зәуре Итеғұлова.
Ал қаладағы тұрғын үйлерді модернизациялаудан өткізген компаниялардың айтары мүлдем басқа. Олардың сөздерінше, жертөлесі кәрізге толған ескі, апатты жағдайда тұрған үй модернизациядан өткеннен кейін адам тұратындай қалыпқа келіпті. Отыз жеті миллион теңгеге үйдің төбесі, қабырғасы, есік терезесі, кәріз жүйесі мен электр тоқтары толық жаңартылды деп отыр.
«Қазір жұмыс біткен, мемлекеттік актіге қол қойылды. Ал егер жөндеу жұмыстарына тұрғындардың көңілі толмаса, біздің кеңсеге келіп шағымданса болады», - деп сендірді модернизациялауды іске асырған компания басшылығы.
Жалпы Ақтөбеде «Модернизация» бағдарламасымен 150 көп қабатты тұрғын үй жөндеуден өткен. Оған екі миллиард теңгедей қаржы жұмсалыпты. Мамандар күрделі жөндеуге басында келісім беріп, артынан келісімшартқа отырғысы келмеген тұрғындардың берешегін сот арқылы өндіруге көшкендерін айтады. Ал күрделі жөндеу үшін қарияның мойнына ілінген 700 мың теңгені 15 жылдың ішінде қайтаруға болады дейді.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді