"Бір мекемедегі екі директор, жалақы алмаған 100-ден аса қызметкер”: Ақтөбедегі қалалық мәдениет үйінде дау шықты
Ақтөбедегі қалалық мәдениет үйде директор мен бас есепші арасында дау шықты. Есепші жаңадан келген директорды мойындамай, жұмыстан шығарда мөр мен құжаттары бар кабинетті құлыптап, кілтті өзімен алып кетіп қалған. Салдарынан жүздеген жұмысшы айлық ала алмай отыр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұртас Омаров өзін Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің директорымын деп таныстырды. Оған 2024 жылдың 9 желтоқсанында осы мекемеде директордың міндетін атқарушы қызметі берілген. Айтуынша, осыған дейін Өнер орталығында жұмыс істеген. Биыл 23 қаңтарда өткен конкурс нәтижесінде қалалық мәдениет үйінің директоры болып тағайындалған
“Мекеменің бас есепшісі болған қызметкер өзін заңсыз жұмыстан шығарды деп “Е-өтінішке” шағым түсіріпті. Оған қатысты қазір тексеру жүріп жатыр. Шағымда жұмыстан негізсіз шығарылғанын, менің директор екенімді мойындамайтынын жазған. Маған дейін директордың міндетін атқарушы қызметінде Ерұлан Наурызбаев болды. Қазіргі уақытта ол кісі шаруашылық жөніндегі орынбасарым. Сол кісіні директор деп, маған қатысты жаңадан шығарылған бұйрыққа көнбеді”, – деді ол.
“Есепшінің кесірінен жүздеген қызметкер жалақы ала алмай отыр”
Нұртас Омаров Әділет департаментінде заңды тіркелмеген. Айтуынша, өзінің тіркелуіне есепші қажет құжатты бермей қойған.
“24 қаңтарда бас есепші жұмыстан кетті. Ол өзімен бірге кабинетінің кілтін, сейф кілтін алып кеткен. Салдарынан есеп бөліміндегі компьютерлік бағдарламаларға кіруге мүмкіндігіміз жоқ. Жұмысын тапсырмай кетті. Мекеменің мөрі құлыптаулы сейфте жатыр. Мекеме мүлікі саналатын кілтті тапсыруды сұрап бірнеше рет хабарлама жібердікі. Қазір біздің қызметкерлер қаңтар айының жалақысын ала алмай отыр. Штатта 111 қызметкер бар. Оларға жалақы төлей алмай отырмын. 24 қаңтардан бастап “Е-өтініш” арқылы түскен хаттарға мекеме мөрін қоя алмадық. Мекеме мөрі осыған дейін бас есепшіде болған”, – деп қосты ол.
Бұған дейін мәдениет үйнің директоры үш айлық жалақы алды деген сыбыс тараған. Бұл ақпаратқа директор мұның сыйақы ретінде төленгенін айтып жауап берді.
“Ол қалалық мәслихат сессиясы шығарған бұйрық бойынша барлық қызметкерлерге төленген ақша. 2024 жылда үнемделген қаржыдан мәдениет бөлімі қызметкерлеріне үш айлық жалақы көлемінде сыйақы берілді. Оны жалғыз мен емес, барлық қызметкер алды. Ал жұмыстан шыққан есепші келтірген қосымша келісімшартты кадр маманы жасамаған. Ол құжат 2 желтоқсанда осыған дейін директордың міндетін атқарған Наурызбаевтың қолымен жасалған”,- деп қосты ол.
Нұртас Омаров бас есепшінің жұмыстан еңбек шартының аяқталуы негізінде босатылғанын айтты. Қазір ол қызметкерлердің жалақы ала алмай отырғаны және боқтық сөздер айтып қорлағаны үшін есепшінің үстінен арыз жазған
Қазір жаңа директор болған Нұртас Омаров Әділет департаментіне заңды тұлға ретінде ресми тіркеліп, электрондық кілт ашқан. Ал қалалық әкімдік мәдениет үйінде болып жатқан жайдан хабардар екенін жеткізді.
Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева бұл ақпаратты жоққа шығармады. Ол екі директор жұмыс ңстейді деген қауесеттің жалған екенін айтты.
“Қалалық мәдениет үйінің бас есепшісі түсірген шағым қаралып жатыр. Комиссия құрылды. Жұмыстан шыққан адамның бәрі өз еріктерімен өтініштері бойынша шығарылды.
Ақтөбе қалалық мәдениет үйінің директоры қызметіне 5-20 қаңтар аралығында конкурс жарияланды. Конкурс шешімімен 24 қаңтардан бастап қазір мәдениет сарайының директоры - Нұртас Омаров. Шағымда көрсетілген директор болып тіркелді деген қызметкер 18 қараша мен 9 желтоқсан аралығында директордың міндетін атқарушы болып істеді”, – деп қосты бөлім басшысы.
Ақтөбе қалалық әкімдігі мәдениет үйіне қатысты шағымның қаралып жатқандығын және құзырлы органдармен тексеріс жүретінен жеткізді. Бірақ әкімдік қызметкерлер жалақыны уақытында алады деп сендіреді.
“Әр айдың жалақысы еңбек шарты бойынша келесі айдың 10-нына түседі. Яғни, қаңтардың айлығын ақпанның 10-нына алады. Адамнан нақты арыз түскен жағдайда қызметтік тексеріс жүреді. Е-өтініш арқылы немесе қолма қол шағым азаматтан арыз түскен жоқ”,- деді Ақтөбе қаласының әкімдігі.