Бір адамның жеті науқасты құтқаруына болады: Қазақстандықтар неліктен донорлықтан қорқады
Бүгінгі таңда Қазақстанда 3700 адам донорлық кезекте тұр, олардың 80-і балалар. Алайда елде өз еркімен донорлыққа келісетіндер аз. Мәселен, Қарағанды қаласында соңғы 10 жылда бірде-бір адам қайтыс болған соң ағзасын донорлыққа беруге келіспеген екен деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша, ағзасын донорлыққа алу үшін ешкім адамдардың өмірін әдейі қимайды. Оның үстіне 1 адам 4-7 науқастың өмірін құтқара алады екен. Бұл миы өліп, жүрегі мен тыныс алу ағзалары жасанды жұмыс істеп тұрған адамдарға ғана қатысты екен.
Заң бойынша донор 18 жастан асқан болуы шарт және ата-анасы ағзасын алуға келісім беруі керек. Әр қазақстандық қайтыс болған ағзасын донорлыққа беру немесе бермеу туралы құжатты eGov порталы немесе емхана арқылы толтыра алады. Алайда қазірге дейін 30 мың адам бұл құжатты толтырса, оның 28 мыңы донорлыққа келіспеген. 10 жылда Қазақстанда ағзаны ауыстыру бойынша 2 мыңға жуық ота жасалған.
"Адамдар сенетін мифтер өте көп. Негізінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа рұқсат берілген, заңды норма бар. Сонымен қатар діни конфессиялар да донорлықты қолдайды. Исламда бұл туралы аят бар. Әрі христиан, католик діні де қолдайды. Бір адамды құтқару барша адамзатты құтқарумен тең", – деді Транспланттауды және технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Сәуле Шайсұлтанова.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында депутат Гүлдара Нұрымова елде бүйрек сатуды заңдастыру керегін мәлімдеген еді. Депутат донорлыққа және орган трансплантациясына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілуі қажет деп санайды. "Қазақстан халқына" қоры жұмысын бастаған сәттен бастап оған шетелде орган ауыстыру операциясына көмек көрсету бойынша 261 өтінім түскен.