"Үйде отыру керек": Отандық миллионерлер карантинді қалай өткізіп жатыр?
Stan.kz тілшісі отандық бірнеше кәсіпкерге, бай-бағланға хабарласып, карантин кезінде немен айналысып жатқандығын анықтамақ болды. Алайда біз хабарласқан 10 шақты кәсіпкердің ішінде тек бірең-сараңы ғана жауап берді. Зейнолла Кәкімжанов, Арманжан Байтасов пен Қайрат Құдайберген карантин кезінде айналысып жүрген жұмыстарымен бөлісіп, өз ұсыныстарын да айтты.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген мұқтаж жандарға көмек берумен айналысып жатқанын айтады.
"Қазіргі уақытта көмекке зәру адамдарға, соның ішінде қарттарға көмек көрсету мәселесімен айналысып жатырмыз. Осы мақсатта мемлекеттен жеті миллион теңге бөлінді", - дейді ол. Айтуынша, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру бағытында қазір жұмыстар жүргізілуде.
Кәсіпкер халықты үйде отырып, ешқайда шықпауға шақырды.
"Карантин уақытында адамдар білімін жетілдіруге жұмсау керек. Үйде отырған соң бос отырмай, фильм, теледидар қарағанша, кітаптар оқысын. Еуропада адамдар жылына 14-16-ға дейін кітап оқыса, Ресейде он кітапқа дейін, ал Қазақстанда бірден-үш кітапқа дейін оқиды екен. Карантин уақытында халық кітап оқумен айналысса, нұр үстіне нұр болар", - дейді кәсіпкер.
Қайрат Құдайбергеннің айтуынша, карантин уақытында бұлжытпай үйде отыру ережесін ұстану керек.
"Карантинді мемлекет бостан-босқа жарияламайды ғой. Көмек беру тобына тіркелмеген болсаң, үйде отыру керек", - дейді ол.
Қоғамның кейбір мүшелері карантинде ауылға кетіп қалып жатқанына қатысты кәсіпкер былай дейді:
"Ауылға барған жақсы шығар, туыстармен араласасың, бірақ дәл қазір карантинде үйде отыру керек. Себебі Италия карантиннің таралуы бойынша бірінші орынға шығып, айтылған сөздерге қарамай, өздерінің италиялық темпераментіне қарай уақыт өткізіп, кафеде отырып, қыдырып жүре берген. Сол себепті көм адам зардап шекті. Демек айтылған ұсыныстар мен талаптарды орындап, сақтау қажет", - деп қорытындылады ол.
Қазақстандық танымал кәсіпкер, бірқатар тәуелсіз БАҚ-тың негізін қалаушы мен мейрамханалар желісінің иесі Арманжан Байтасов карантин жариялаудың дұрыс шешім болғанын айтты. Кәсіпкер карантин уақытында барлық жұмыстарын қашықтан істеп жатқанын жеткізді.
"Карантин жариялауды дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл өте тиімді. Жұмысты қашықтан істеймін", - дейді кәсіпкер.
ҚР мемлекеттік және саяси қайраткері, қаржыгер, экономист Зейнолла Кәкімжанов қашықтан жұмыс істеу жұмыстың өнімділігін арттыратынын айтады.
"Қазіргі уақытта карантинде үйде отырмын. Жақсысы - көңілімді аулайтын бақшам бар. Сондықтан қатты қиналып жатқан жоқпын. Карантин уақытында менің өмірім өзгерді деп айта алмаймын. Осы уақытқа дейін де барлық жұмысты қашықтан істейтінмін. Заманауи өмірде қызметкерлер бастықтарын қаншалықты сирек көрсе, соншалықты өнімді жұмыс істейді деп есептеймін. Себебі бүгінгі басшылар емеурінмен басшылық етеді", - дейді ол.
Айтуынша, жұмыстарын бақылауға алған және қазіргі байланыс құралдарының осыған үлесі мол.
"Көп жыл бойы қашықтан жұмыс істеймін, жұмыстағы жобалар елдің әр түрлі аймағында орналасқан, серіктестерім шетелде.
Байланыс құралдарының жаңа түрлері барлығын дәл қазіргі уақытта бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Барлық аумақты видео арқылы минут сайын бақылай алатын дәрежеге жеттік. Алайда өзім олай бақыламаймын, себебі адамдарға сенемін", - дейді экономист.
Зейнолла Қалидоллаұлының айтуынша, карантинде балалармен уақыт өткізу қызық.
"Карантин уақытында екі баланың ұзақ уақыт үйде болуы өте қызық. Себебі мұндай жағдай өте сирек болдады, әр қайсысының басында шаруалары бар. Үлкен балаларым өз үйлерінде карантинде. Әлеуметтік желі арқылы хабарласамыз.
Сондай-ақ, әр түрлі кітап оқимын, әрдайым 3-4 кітапты бірдей оқып жүремін. Үйде Netflix бар болса да, фильм көрмеймін, көруге реті келмей жүр. Әр түрлі арналардың жаңалықтарын қараймын, пандемия кезіндегі әлемнің көрінісі мен үшін тым қызық. Барлығын бақылап қарап жүрмін.
Жалпы алғанда, қазір бәрінің бұрыннан ойында жүргенін жүзеге асыратын мүмкіндік туып отыр. Осы мүмкіндік бәрінде болсын және осы мүмкіндікті беретін жақсы интернет бәрімізде болғай", - дейді Зейнолла Қалидоллаұлы.
Біз хабарласқан басқа кәсіпкерлер - Марғұлан Сейсембай, Айдын Рахымбаев - жолдаған сауалдарымызға жауап бермеді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
