Білім вице-министрі E-learning бағдарламасына бөлінген қаражат қайда жұмсалғанын айтып берді
Білім және ғылым министрлігі E-learning бағдарламасы аясында қаражаттың қалай жұмсалғанын түсіндірді, деп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ОКҚ-да өткен онлайн-брифинг барысында бүгінде бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде E-learning бағдарламасын қаржыландыру мәселесін көтеріп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға қаражат 2010-2013 жылдар аралығында бөлінген. Ал 2016 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру толығымен тоқтатылды.
"Бюджеттен шамамен 36 млрд теңге жұмсалды. Оның 28 млрд теңгесін құрал-жабдықтарға, яғни интерактивті тақта, серверлік жабдыққа жұмсалған шығындар құрайды. Олар пайдаланылды және қазірде пайдаланылып жатыр. Есеп комитеті тексеру жүргізіп, қорытындысында қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілеріне қатысты ұсыным берді", - деді Бибігүл Асылова.
Ол білім беру жүйесін ақпараттандыруға байланысты бірқатар міндеттерді жүзеге асыруға арналған 27 миллиард теңгеге арналған трансферттер туралы да сөз қозғады.
"Осы қаражат аясында бірінші кезекте ауыл мектептері үшін компьютерлер сатып алынды, барлығын жергілікті атқарушы органдар бөлді.Сонымен қатар цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, аталған трансферттер аясында жалпы білім беру мектептердің интернетке қосылуы жүзеге асырылды. Жалпы қашықтан оқытуға қатысты айтар болсам, 4-тоқсанның қорытындысы бойынша бұл мақсатқа республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттен де қосымша қаржы бөлінген жоқ. Барлығы жергілікті атқарушы органдардың күшімен және мүмкіндігімен жүзеге асырылды", - деді вице-министр.
Бибігүл Асылова қашықтан оқыту кезінде білім беру процесінде пайдаланылған 3 мыңнан астам сабақ тегін ұсынылғанын еске салды. Білім беру ресурстары тегін негізде әзірленген.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
