Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Білім мен медицина тегін болмайды": Депутат жаңа Конституция жобасындағы өзгерісті түсіндірді

Депутат жаңа Конституция жобасындағы өзгерісті түсіндірдіФото: Stan.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымға жаңа Конституция жобасынан қазақстандықтарға кепілдік берілген орта білім мен денсаулық сақтау туралы баптарда “тегін” деген сөздің не себепті алынып тасталғаны туралы сұрақ қойылды. Депутат бұған дейін білімнің де, медицинаның да тегін болмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде бірқатар баптардан орта білім мен медицинаға қатысты “тегін” деген анықтаманың алынып тасталғаны назар аударды. Төменде қолданыстағы Конституция мен жаңа Конституциясының жобасында былай делінген:

Депутат жаңа Конституция жобасындағы өзгерісті түсіндірдіФото: Конституциядан скрин

Мәжіліс кулуарында осыған қатысты Конституциялық комиссия құрамындағы депутат Айдос Сарымға сұрақ қойды.

“Конституция барынша түсінікті, анық, нақты болуы керек, солай емес пе? Біз “тегін” деп айтқан кезде, бұл оның әуел бастан тегін екенін білдірмейді. Мысалы, тегін заң көмегін алайық. Бұл нені білдіреді? Мемлекет халықты қорғайды. Бұған мемлекет кепілдік береді. Бірақ іс жүзінде ол адвокатқа мемлекет ақша төлейді. Адвокаттар алқасына жыл сайын белгілі бір көлемде қаражат бөлінеді, сол қаражаттың есебінен олардың адвокаттары кезекпен-кезек ақшасы жоқ адамдарға тегін көмек көрсетеді”, – деді мәжіліс депутаты.



Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде қазақстандықтар орта білім үшін төлем жасамайды, ол Конституциямен кепілдендірілген. Алайда бұл мұғалімдердің балаларға білімді тегін беріп жатыр деген сөз емес деп нақтылады.

“Сондықтан адамдарды адастырмаңыздар. Біз “тегін” деп атап жүрген нәрселерге негізінде бюджет қаражатының көп бөлігі кетеді. МӘМС-ке қыруар қаржы бөлінеді, білім беру саласына да орасан көп ақша жұмсалады. Елестетіп көріңіздер, бұл – бюджеттің 60%-ы. Сол себепті осындай, былайша айтқанда, “социалистік” сөздермен халықты жаңылыстырудың қажеті жоқ”, – деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ мәжілісмен жаңа Конституция қабылданған жағдайда “мектептер жабылмайды, мұғалімдердің қысқартылмайды” деп деп уәде берді. Депутаттың сөзінше, денсаулық сақтау саласына да бұл өзгерістер әсер етпейді.

Бұған дейін депутат Айдос Сарым “талқылаулар өте тез өтті, адамдар аз жиналып, Конституция қысқа уақыттың ішінде қабылданды” деп жүрген халық наразылығына жауап берген еді. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 16:54