Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1000 теңгеге ЭЦҚ сатып алуға мәжбүр: Биылғы жас түлектер ЖОО-ға құжат тапсыра алмай сенделіп жүр

Елімізде ҰБТ тапсырып біткен түлектер енді жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмай сенделіп жүр. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды. 

түлек

Айтуларынша, оқу орнына онлайн түрде құжат тапсыруда электронды цифрлы қолтаңба алу азапқа айналған. Интернет те нашар, база да жиі істен шығады. Осылайша мемлекеттік қызметті пайдалана алмаған халық енді тегін қызметті жеке орталықтардан 1000 теңгеге сатып алып жатыр.

Түлектердің ата-аналары таң сәріден электронды қолтаңба алу үшін осы қызметті ұсынатын әр орталықтың алдына кезекке тұрған.

Айнұр Махатова Сайрам ауданынан Шымкентке келген, сөзінше, үш күннен бері базаның машақатын көріп жатыр.

"Үш күн болды осылай жүргенімізге. Бірінші күні ЖОО-на барып, кітапшасын алдық, интернетке кірдік, ол ұстамайды. Кеше таңда келгенбіз, болмады. Бүгін міне тағы отырмыз. Кезекке азанда 8:30-да келдім, 10:30-да кезегім келді, сағат 11:00-ден бастап интернет істемей қалды", - деді мектеп түлегінің анасы Айнұр Махатова.

Түлкібас ауданының тұрғыны Динара Хамитова да өзі тұратын Машат ауылында интернет түгілі, телефон байланысы дұрыс ұстамайтынын айтты. Ал енді қалаға келіп те электронды қолтаңбаны ала алмай жүр. 

"Екінші адам болып үлгермедім. Таңертең 8:30-да келдім, 9-да база ашық деді. Екінші болып отырдым", - деді Динара Хамитова.

Базаның ақауына көзі жеткен көпшілік 25-ші шілдеге дейін құжат тапсырып үлгермейміз деп алаңдайды. 

Ал халыққа қызмет көрсету орталығындағылар карантинге байланысты мұндай қызмет көрсетпейтінін айтқан. Сондықтан, қаланың әр бөлігінде электрондық қолтаңба алуға көмектесеміз деп жарнамаларын іліп қойған жекеменшік орындар бар. Бір күнде орталыққа 20 адам жиналған, соның тек 5-6-на ға қызмет көрсетіп үлгерген.

"Әркімнің қолынан келе бермейді, өйткені біреуінде ноутбук жоқ, біреуінде принтер жоқ. Сондықтан біз түлектерге қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз. Электрондық кілт ашу үшін халықтың қалтасы көтеретін баға - 1000 теңге аламыз", - деді

Грант мәселесімен айналысып жүрген мамандарда да биыл конкурстық ұйымдастыруда кемшілік көп екенін айтты. Олар 12 түйіткілді атап та берген: онлайн конкурсқа дайын болмауы, порталды дұрыс жүйеге қоя алмауы, құжат тапсыруда арнайы нұсқаулықтың болмауы секілді күрделі мәселелелер.

"Интернетті жоқ ауылдың балалары университетке барып тапсыруына тура келеді, сол жерге барып e-gov-қа кіру керек немесе 18-ге толған, толмаған, электрондық қолтаңба деген мәселлер де көп", - деді joo.kz компаниясының өкілі Қанат Өксікбаев.

Білім министрлігі түйіткілдерге байланысты жауап беруді кейінге қалдырды.

Талқылау