Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белсенді Салтанат Тәшімова митингіге қатысқаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды

Алматы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соты белсенді Салтанат Тәшімованы заңдастырылмаған митингіге қатысқаны үшін 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media басылымына сілтеме жасап. 

салтанат

Белсенді Бостандық ауданындағы "Мечта", "Престиж", "Тенгиз Тауэрс", "Бұқар Жырау Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен бірге 9 сәуірде билікпен келісілмеген митингіге қатысты деп айыпталған. Митинг кезінде тұрғындар саябақ маңында 12 қабатты тұрғын үйдің салынбауын талап еткен. Дегенмен Тәшімоваға қатысты сот отырысын тек маусым айына қойған. 

Сонымен қатар судья Руслан Жамалбеков сот отырысы бастаған соң 30 минуттан кейін үкімді оқыған. 

"Сіздің кінәңіз зерттеу және әкімшілік өндіру кезінде дәлелденді. Жазаны жеңілдететін деректер болмағандықтан, құқық бұзушылықты қасақана адамдар тобымен жасағандықтан, әрі  жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау органдарының түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан заңға қайшы іс-әрекетті жалғастырғандықтан, кінәсін мойындамағандықтан және істеген әрекетіне өкінбейтіндіктен сот сізге 15 тәулік әкмшілік қамауға алу жазасын тағайындады", – деді судья. 

Отырыс кезінде Руслан Жамалбеков тұрғындарды шақыру үшін қолданылған аудиожазбаны тыңдау туралы өтінішті қабыл алғанымен, жазбаны тыңдамаған. Сонымен қатар фото мен видеоларды да көрмеген. 

Адвокат Руслан Қожахметов бейнежазбаларда түсірілім уақыты мен күні көрсетілмегенін айтады. Ал қоғамдық даму басқармасының митингті өткізуден бас тартуы туралы жауабы іс материалына көшірме түрінде ғана қосылған, түпнұсқасын ұсынбаған. 

"Сот отырысты заңды өрескел бұза отырып өткізді. Құқыққа қайшы шешім қабылдап, белсендіге қатаң әкімшілік жаза тағайындады", – деп атап өтті Руслан Қожахмет. 

Ал Салтанат Тәшімова сот шешіміне қатысты апелляциялық сотқа шағым түсіретінін айтты. 

"Мені тұрғындар хабарлама жіберіп, саябақты құтқару бойынша жиын өтеді деп ескертті. Менен ешқандай заңбұзушылық болмау үшін тікелей эфир түсіруімді сұрады. Мен осы себепті келістім", – деп түсіндірді белсенді. 

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 2020 жылы мамырда енгізілген өзгертулерден соң "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" деген 488-бабымен жауапқа тарту мерзімі екі айдан бір жылға дейін ұзартылғанын еске салады.

"Өкінішке қарай, қолданыстағы заң бойынша, митинг, пикет, шеру мен демонстрация ғана емес, көпшілік жерде өткізген кез келген жиын бейбіт жиын болып саналады. 488-бапқа сәйкес, митинг, пикет, шеру немесе демонстрация ғана емес, "басқа да көпшілік шараларға" қатысқаны үшін де жауапқа тарту қарастырылған", – дейді Жовтис.

Назархан Уән
Жұма, 17 Маусым, 2022 08:59
Талқылау