Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атақты алаштанушы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты өз ұсынысын айтты

Бүгін, яғни 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Белгілі алаштанушы әрі жазушы Елдос Тоқтарбай дәл осы ел тарихындағы ең азалы күнді атап өту жайлы өз ұсынысын айтып, ойын ортаға салды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

 
Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіретке толы кезең болды. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, аталған аумалы-төкпелі заманда қаншама адам жазықсыз түрмеге тоғытылды, аяусыз атылды, туған жерінен жыраққа қудаланып, айдалаға айдалып кете барды.
Алаштанушы Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық жылдары қырылған халықты еске алу күні бөлек аталып өтуі тиіс. 

"Қазір біз "31 мамыр – саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алу күні" деп жүрміз. Бұл – дұрыс емес. Екеуі екі түрлі нәрсе, екі түрлі оқиға. Саяси қуғын-сүргін бөлек. Өкінішке орай, бізде барлығы бір күннің аясында болып тұр. Екі күн ретінде бағалану керек және саяси салмағы да бөлек болу керек. Одан кейін былтырдан бастап оқу-ағарту министрлігі оқу жылын созып, соңғы қоңырауды 1 маусымға ауыстырды ғой. Енді биылдан бастап 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу тағзым күні ретінде аталып өтілетін болады. Мектептерде ашық сабақ өтіледі, тағзым етіледі. Бұл – дұрыс нәрсе. Бірақ мамырдың соңы ЖОО, колледж студенттері үшін тиімсіз. Өйткені ол уақытта сессия, емтихан болып жатқан кезде біреуді еске алатын уақыт емес негізі. Шындап келгенде, бізде жастар аудиториясы ғой. Ал жастар емтиханда жүреді. Сондықтан мынау 7,8,9 мамыр демалыс күндерінде 8 мамыр үнемі бос кетіп қалады. Онда сол 8 мамырды осындай атаулы күн ретінде белгілеп қояйық. 9 мамырды Жеңіс күні деп емес, ІІ Дүниежүзілік соғыста қайтыс болған құрбандарды еске алу күні дейік. Сонда мамыр айын – тағзым айы дейік. Осылай жасау керек пе деп ойлаймын. Жоғары жаққа ұсыныстар жасадық. Бұл алаштанушы-ғалымдардың көтеріп жүрген мәселелері ғой. Осы мәселені болашақта да дамытуымыз керек, алға қарай көтеруіміз керек", – дейді Елдос Тоқтарбай.


Сондай-ақ танымал алаштанушы бұл сұхбатында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты өзге де  бірнеше мәселені көтерді.    
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау