Бекет ата деген кім және қазақстандықтар бұл мекенге не үшін барады: Қасиетті орынға бара жатып 10 адам қайтыс болды
Фото: k.karzhaubayuly Threads парақшасынан алынды
Маңғыстау облысында туристер мінген көлік жол апатына ұшырап, салдарынан 10 адам қаза тапты. Еліміздің әр аумағынан келгендер Бекет ата қорымын аралауға бара жатқан екен. Осы орайда Stan.kz тілшісі саяхатшыларды өзіне тартқан мекеннің ерекшелігі неде зерттеп көрді.
Қаза болғандар туралы не белгілі?
11 қыркүйекте Бекет ата қорымына барар жолда болған 10 адам ажал құшқан, оның 7-еуінің аты-жөні аталды. Ал үшеуі жарақат алған. Қайтыс болғандардың көпшілігі әйелдер екені белгілі болды.
Олардың арасында Астана, Жаңаөзен, Қарағанды, Теміртау тұрғындары мен Қазақстан азаматтығын алған Ресей тумасы бар.
Фото: Марқұмдардың туыстарының дерекқорынан алынды
Сатыбалдиева Рахима Сардарқызы (02.03.1960), Түркіменстанда туған, Жаңаөзенде тұрған.
Аманжолова Гүлсім Қосайқызы (25.08.1969), Жаңаөзен тұрғыны. Оның қызы Ақмарал Instagram желісінде анасына жазба арнады.
"Бүгін өмірімдегі ең ауыр күн! Жүрегім езіліп тұр… Алла анамның күнәларын кешсін", – деп жазды ол.
Джимбаева Агорн (15.12.1958), Қазақстан азаматы, Жаңаөзен тұрғыны.
Оразбаева Ғалия Қайнулинқызы (04.07.1989), Ақмола облысының тумасы, Астанада тұрған.
Измайлова Сәуле Әбілқасенқызы (14.11.1968), Қарағанды тұрғыны.
Виденская Лариса Александровна (10.12.1969), Ресейде туған, Қазақстан азаматы, Қарағандыда тұрған.
Вострецова Наталья Николаевна (26.06.1974), Теміртау тұрғыны. 30 жылдан астам уақыт бойы "АрселорМиттал Теміртау" металлургия комбинатында токарь болып жұмыс істеген. Жеті бала тәрбиелеген. Қайғылы оқиғаға дейін жергілікті басылымға сұхбат беріп, еңбегі мен отбасы жайлы айтып берген екен.
Мәліметке сәйкес, марқұмдар Маңғыстау облысында орналасқан Бекет ата жерасты мешітін аралауға бара жатқан.
Фото: Видеодан скрин
Бекет ата кім?
Бекет ата Мырзағұлұлы 1750 жылы Атырау облысы Құлсары ауылы маңында дүниеге келген. Ол 14 жасында ерекше құрмет тұтқан әулие Шопан атаға зиярат етіп, бата алуға келеді. Шопан ата жасөспірімге білім іздеуді нәсіп етіп, оған батасын береді. Осыдан кейін Бекет Хиуаға барып, медреседе білім алады.
Бекет ата өмір жолында талай сапар шегіп, кейін қайтадан Маңғыстауға оралады. Ол туған жеріне келген соң төрт мешіт тұрғызған. Алғашқысы Құлсарыдағы Ақмешіт, екіншісі Бейнеу ауылының шетінде әктасты жартасқа қашалған, үшіншісі – Үстіртте, ал төртіншісі – Оғыланды жартасындағы жерасты мешіті.
Фото: Видеодан скрин
40 жасқа келгенде Бекет ата сопылық жолға түсіп, балаларға сауат ашуды үйрете бастайды. Ол Оғыландыдағы жерасты мешітінің жанынан сопылық мектеп ашады. Кейін бұл мешітті зерттеген археологтар оны өзіндік ғылыми орталық әрі обсерватория болған деп болжайды.
Бекет ата халық арасында емші ретінде де танылған. Сонымен қатар физика, математика, астрономия заңдарын жақсы білген. Түрікмен көршілерімен даулы мәселелер туындағанда даналығымен екі жақты бітімге шақырған. Өз уағыздарында Бекет ата адамдарды адал болуға, әділдікке және жақсылық жасауға үндеген.
Ол 63 жасында дүние салып, Маңғыстаудағы Оғыланды жерасты мешітінде жерленген. Бекет атаға баратын жолда міндетті түрде Шопан ата мешіті арқылы өтеді. Бекет ата өзі өмірінің соңына дейін ұстазы Шопан атаға тағзым еткен. Қазір де саяхатшыларға Бекет атаға зиярат етуден бұрын, алдымен Шопан атаға соғу әдетке айналған.
“Мешітке түнеп, ұлды болдым”
Қазақ халқы ерте заманнан бері әулиелердің, батырлардың, абыздардың мазарына түнеп, Құдайдан тілек сұрауды дәстүр еткен. Себебі олар әулиелерді "қасиетті кісі" деп танып, солардың әруағы арқылы Жаратқанға жалбарынуды ықыласпен жасаған. Соның бірі Бекет ата жерасты мешіті. Көргендер бұл орынның ерекше энергетикасы бар дейді. Түнеген адам жан тыныштығын, жүрек сабырын, рухани жеңілдік табатынын айтады. Мешітке түнеуге баратындардың бірі дертіне шипа сұраса, енді бірі бала тілейді екен. Олардың біршамасы тілеуі қабыл болғанын айтады. Мұндай әңгімелер халық сенімін күшейтіп, қасиетті жердің маңызын арттырады. Солардың бірі Жайна (есімі өзгертілді).
Жайна құрсағына бала бітпеген соң, әулие-әмбиді аралап, нәресте беруді сұрадым дейді.
“Жолдасым екеуміз көп жыл бойы бала сүйе алмай жүрдік. Әр дәрігерге қаралып, түрлі ем қабылдадық. Бірақ ол нәтиже бермеді. Үмітім үзілердей болып жүргенде, ауылдағы үлкен туыс әжелерімнің бірі: “Қарағым, ниетіңді бекемдеп, Бекет атаға барып дұға жаса. Ол жерден талай жан шипа тапқан, тілегі қабыл болған”, – деп ақыл айтты”, – дейді келіншек.
Кейуананың осы кеңесінен соң келіншек жолдасымен бірге Бекет атаның мешіті орналасқан Маңғыстауға жол тартыпты.
“Ұзақ сапардан кейін Бекет атаның жерасты мешітіне жеттік. Ол жерде Құран бағыштап, малымызды сойып, ниет етіп түнедік. Түнімен дұға етіп: “Уа, Жаратқан! Осы жердің қасиетімен, Бекет атаның аруағының шапағатымен бізге бала нәсіп ет”, деп көз жасымды төктім. Сол түні түс көрдім. Түсімде нұрлы бейне қолыма ақ құндаққа оралған сәби беріп тұр екен. Сосын: "Сенің арманың орындалады, сабыр қыл" деп айтты”, – дейді Жайна.
Келіншек арада 3 ай өткен соң жүкті болып, тоғыз айдан соң дені сау ұл бала дүниеге әкеліпті. Оған ерекше ықыласпен "Бекет" деген есім қойдым дейді әйел. Жайна әр жыл сайын отбасымен бірге Бекет ата мешітіне барып тағзым етіп тұрады екен.
“Сұраған тілектерім Бекет ата есебінен орындалды деп ойламаймын”
Ал тағы бір кейіпкеріміз Іңкәр (есімі өзгертілді) мұндай орынға тарихи ескерткіш ретінде баратынын жеткізді.
“Бекет ата десе, бірден есіме қаһарлы, әруағы ұратын бір әулие түседі. Себебі ол бала кезімнен ойымда сондай образбен қалыпты. Оқушы кезімде көршім "Бекет атадан келген тілек, оны осынша адамға таратпасаң, отбасыңа жамандық келеді" деген сыңайлы қағаз таратқан. Балалықпен оны шын деп қабылдап, енді оны кімге берем, кімге таратамын деп уайымға салынғаным есімде. Кейін есейіп ұмытып кеттім”, – дейді ол.
Іңкәр Бекет ата жерасты мешітіне 2021 жылы жолы түскенін жеткізді. Десе де ол мұндай орынға тарихи ескерткіш ретінде қарайтынын жеткізді. Оның үстіне мешітке барғанда сұраған тілектерім Бекет ата есебінен орындалды деп ойламаймын дейді.
“2021 жылы Ақтауға саяхаттап бардым. Теңізді, Бозжыраны, өңірдің көрікті жерлерін көріп қайту ниетім болған. Бекет атаға да бір соғу керек шығар деп ойладым. Соқпай кетсем, жаңағы қаһарлы образ ренжитіндей көрінді, бір жолым болмай қала ма деп қорқақтадым ба, біртүрлі. Сонымен құрбыма айтып, екеуміз Бекет ата-Бозжыра деген кішігірім тур сатып алып, барып қайттық. Ақтаудың климаты құрғақ, ыстық. Бекет ата қорымы Бозжыра сияқты ашық далада орналасқан. Қатты ыстық болды, деміміз таусылып кетті, оның үстіне биікке көтеріліп жатырмыз. Әулиелердің басына барғанда “Құдайдан осы адамға жасаған зияратым қабыл болсын, оның әулиелігін бер, оның атымен сыйынамын” деп айту туралы үнемі еститінмін. Дәл солай тілеген болуы керек. Мен жай өңірдің бір тарихи жері ретінде бардым. Сол жерде айтқан тілектерім Бекет ата есебінен орындалды деп ойламаймын. Жалпы мұндай әулие аралауға қарсы емеспін. Тек адамдар саналы болып, ақылға қонымды нәрсеге сеніп, сол адамның рухына зиярат етсе дұрыс деп ойлаймын”, – дейді Іңкәр.
“Киелі орындарға зиярат ету исламға дейін қалыптасқан наным-сенім”
Осы орайда этнографтан халықтың қасиетті орындарға барып ниет ету себебі неде екенін, бұл қай кезеңнен бастап қалыптасқанын сұрап білдік.
Этнограф Бибизия Қалшабаеваның айтуынша, киелі орындар әр халықтың дүниетанымына, болмысы мен ментелитетіне сәйкес қалыптасқан.
"Қазақ халқының қазіргі дейін жалғасын тапқан дәстүрлі ғұрыптарының бірі – киелі орындарға зиярат ету. Халықтың киелі орындарды қастерлеп, зиярат етуі адамзат тарихының ежелгі дәуірінен бері үзілмей келе жатқан рухани дәстүрі. Сонау сақ дәуірінің өзінде белгілі тайпа көсемдерін, патшаларын ерекше қорғандарда жерлеп, онымен бірге құнды мал-мүлкін қоса көмген. Ондай обалардың қасиетті, киелі саналатыны түсінікті. Сондықтан да киелі орындар әрбір халықтың дүниетанымының, болмысы мен ментелитетіне сәйкес қалыптасқан рухани-мәдени құндылықтарының жемісі", – дейді этнограф.
Бибизия Қалшабаеваның сөзінше, қасиетті орындарға зиярат ету исламға дейін қалыптасқан наным-сенім.
"Жалпы, Орталық Азия халықтарында ата-баба рухына, молаға, құлпытасқа, киелі ағашқа, қасиетті бұлақ пен құдыққа құлшылық ету ертеден келе жатыр. Бұл исламға дейін қалыптасқан наным-сенім. Киелі орындарға барып тілек тілеу, зиярат етудің мақсаты: адам өзінің басына түскен ауыртпалықтан арылғысы келеді. Аурудан жазылып, мәселелердің оң шешілуін тілейді. Сондай-ақ өмірлік жар таңдау не бала сүю тілектерінің орындалуына дәнекер болуын сұрайды. Киелі орындардың басында құран оқу ислам дінімен сабақтастығын көрсетеді. Сонымен, киелі орындарға зиярат етуді халқымыздың ислам дінімен және ұлттық дәстүрлермен қабысқан құндылығы деуге болады", – деді этнограф.
Сондай-ақ ол киелі орындарға зиярат ету бүгінгі дәстүрмен астасып жатқанын жеткізді.
“Меніңше, зиярат ету діни құлшылықпен қатар, адамның ата-баба аруағынан рухани күш жігер алып, дертіне дауа табуының бір жолы деп есептеймін. Салт-дәстүр тұрмыста күнделікті кездесетін жалпыға бірдей қалыптасқан қоғамдық тәртіп. Бір жағы адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуші ереже мен қағида деуге болады. Дәстүр аяқ астынан қалыптаспайды. Ол белгілі бір құбылыстың күнделікті тұрмыста үйреншікті әдетке айналып, ондаған, жүздеген жылдар бойы қайталанып, дәстүрге енеді. Олай болса, киелі орындарға зиярат ету де кеше не бүгін қалыптаспаған. Ол бүгінде дәстүрлі мәдениетпен астасып жатыр деуге болады", – деді этнограф.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
