Байзақтағы жарылысқа кінәлі деп сотталған сарбаздар 23 миллиард теңге төлеуге міндеттелді
Шымкентте №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының өртенуіне кінәлілер мемлекетке 23,8 миллиард теңге төлеуі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қорғаныс министрлігінің 4 жауапкерден 25 093 038 236 теңге материалдық залалды өндіру туралы талабы бойынша істі қарады. 4 жауапкердің екеуі – сарбаз.
“2021 жылдың 26 тамызында сағат 18:40 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан №28349 әскери бөлімінің инженерлік оқ-дәрілер қоймасының бірінен өрт шығып, одан кейін жарылыстар болған. Нәтижесінде 18 адам қаза тауып, бірнеше адам зардап шекті. Сондай-ақ мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келтірілген”, – деп мәлімдеді сот.
Жауапкерлердің кінәсі 2024 жылғы 13 наурыздағы заңды күшіне енген апелляциялық сот актілерімен дәлелденді.
Жауапкерлер әскери бөлімнің техникалық аумағында №14 инженерлік оқ-дәрілерді сақтау қоймасында өрт шығуына жол бергендіктен, аса ірі мөлшерде шығын келгені анықталды.
Енді олар 23 764 530 881 теңге мемлекет пайдасына материалдық шығынды төлеуі керек.
Дәлел болмағандықтан, қалған 1 328 507 355 теңгені төлемейді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Байзақтағы жарылыс бойынша апелляциялық сот болып, сарбаздарды 13 жылға бас бостандығынан айырды.