Батыс Қазақстанда сарбаз Қорғаныс министрлігі берген грантпен оқуға қабылданбай қалды
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрлігінен білім грантын алған сарбазды Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті “қабылдау мерзімі өтіп кетті” деген желеумен оқуға алмай қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Мой город” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2023 жылы 18 жасқа толып, әскерге шақырылған Бақытжан күзде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ақтауға аттанған. Теңіз жаяу әскерінің қатарында қызмет еткен сарбаз білім грантын алу үшін өтініш берген. Сөйтіп ол 2024 жылдың қазан айының ортасында әскерден оралып, айдың соңында өзіне Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде оқу үшін білім гранты берілгені туралы хабар алады.
“Қазан айының соңында Бақытжан ағасымен бірге университетке барды. Сол жерде бір қызметкер оқудың басталып кеткенін айтып, келесі жылы жазда келуді сұраған. Ол кезде оқу жылының басталғанынан 2 ай өтіп кеткендіктен ештеңе анықтап жатпады. Үлгермейтінін түсінген. Биыл маусым айында университетке тағы барды. Қабылдау бөлімінде бастапқыда “ештеңе білмейміз” деген, кейін сертификатты, дәлірек айтқанда QR-кодты алып келуді сұрады”, – деп жалғастырды жігіттің туысы.
Қорғаныс министрлігі Бақытжан сұраған QR-кодты берген, бірақ министрлікпен серіктес әр университетте грант алғандардың тізімі бары және оған қағаз сертификаттың қажеті жоғын айтқан. Ал Бақытжан сертификатты апарғанда ережелердің өзгергенін және жоғары оқу орнының ректоры қабылдау мерзімі өтіп кеткенін айтқан.
Университет егер Бақытжан 2024 жылдың аяғында келсе оқуға қабылдайтын едік деген. Бірақ оның жыл аяқталмай тұрып барғанын ешкім ескермеген. Жігіттің туысының айтуынша, оларды Бақытжанның оқуға қабылдамай қоюы емес, университеттің оқу басталғаннан кейін де студент қабылдай беретіні алаңдатқан.
“Егер адам жыл соңында әскерден келсе, университет оны қабылдап, қатарластарын қуып жетуі үшін жеке оқыта ма? Қысқасы, БАҚ араласқаннан кейін ректор университет атынан грант ұсынып көрді, бірақ біз бас тарттық, өйткені күмәнданып қалдық. Мұның бәрін мен тек әскери қызметтен келген жігіттер біліп жүрсін деп айтып отырмын: Қорғаныс министрлігінен сертификат алу грантқа 100% кепілдік бермейді. Сондықтан әскерден келген бойда, оқу бірнеше ай бұрын басталып кетсе де, дереу университетке барып, құжат тапсырыңдар”, – деп кеңес берді әйел.
Алайда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Бақытжанның 2024 жылы оқуға түсу үшін өтініш беруге келмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ сертификатпен қоса тиісті құжаттарды тапсырмаған дейді жоғары оқу орнындағылар.
“Оның бұл өтініші тек 2025 жылдың маусым айында, яғни, меморандумға қосымша келісімде көрсетілген қабылдау мерзімі (2024 жыл ішінде) өтіп кеткеннен кейін түсті. Бұдан бөлек, 2025 жылы әскери қызметін өтеген Қазақстан азаматтарына грант бөлу тәртібі өзгерді. Ғылым және жоғары білім министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 25 тамыздағы №443 бұйрығына (2025 жылғы 19 маусымдағы №315 өзгерістерімен) сәйкес “бакалавр” немесе “магистр” дәрежесін беретін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді төлеу үшін білім беру грантын тағайындау қағидалары бекітілген. Осыған сәйкес, 2025–2026 оқу жылына қабылдау мұндай азаматтарға Ғылым және жоғары білім министрлігі бөлген квота негізінде ғана жүзеге асырылады”, – делінген университет ректоры Шәкешевтің жауабында.
Университет Бақытжанның 2025 жылы аталған квота иегері емес екенін және оның тегі Қорғаныс министрлігі тарапынан жоғары оқу орындарына оқуға ұсынылған тұлғалар тізімінде жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапта жоғары оқу орны оған университет грантын ұсынғанын, бірақ Бақытжанның одан бас тартқаны көрсетілген.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерзімді әскери қызметкерлерге білім гранттарын беру жастар арасында әскери қызметтің беделі мен тартымдығын арттыру үшін іске асырылып отыр. Сондай-ақ ол “Сарбаз 2.0” платформасында негізгі көрсеткіштер, атап айтқанда, жауынгерлік дайындық, жеке тәртіп, арнайы міндеттер, психологиялық жағдай бойынша автоматты форматта бөлінеді.
Ведомствоның дерегінше, министрлік берген білім грантымен 2023, 2024 жылдары жоғары оқу орны әскерден келген азаматтар 100% жеңілдікпен тегін оқи алатын еді. 2025 жылдан бастап бұл жоба мемлекеттік грант болып саналады. Яғни, бұл грантты ұтып алған қазақстандықтар оқуға жұмсалған қаражатты өтемейді.
“2023 жылы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті университет гранты бойынша 5 орын бөлсе, 2024 жылы 6 орын, биыл мемлекеттік грант бойынша 31 орын бөлген. Қорғаныс министрлігі мен университет арасындағы келісімге сәйкес, бұл сертификат толыққанды тегін оқу кепілдігін береді және осы сертификат иегерлері жоғары оқу орнына қабылданады”, – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
