Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты сібір жарасының 14 қорымы ашылып кеткен
Биыл еріген қар су облыстағы 8 мал қорымын, сондай-ақ 14 сібір жарасы қорымын шайып кетті. Олардың басым бөлігі Сырым ауданында орналасқан. Облыстық ветеринария басқармасы бұл аурудың қоздырғышы топырақта сақталатынын, сондықтан малдың ауру жұқтыру қаупі бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Uralskweek.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Belive.ru
Мал дәрігерлері су тасқыны болған аймақтарда үй жануарларын сібір жарасына және эмфиматозды карбункулға қарсы мүмкіндігінше тезірек егуді көздеп отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Нұрқайыр Құсайынов 8 сәуірдегі алдын ала мәлімет бойынша 219 бас ірі қара, 1552 бас қой, 54 жылқы, 97 шошқа және 119 құс су тасқынынан өлді.
Оның ішінде Сырым ауданында елді мекендерді су басу кезінде 68 бас ірі қара, 258 бас ұсақ мал, 8 жылқы суға кеткен, Теректі ауданында 41 бас ірі қара, 112 бас ұсақ мал, 1 жылқы, 7 тауық қырылды.
Қаратөбе ауданында ауыл тұрғындары су тасқынынан 57 бас ірі қара, 906 бас ұсақ мал, 2 жылқы, 112 тауықты, Бөрлі ауданында 53 бас ірі қара, 276 ұсақ мал, 43 жылқы, 60 шошқа, Бәйтерек өңірінде 37 шошқаны жоғалтты.
Жеке қожалықтар мен шаруа қожалықтарындағы малдың шығынын анықтау бойынша жергілікті жерлерде арнайы комиссиялар жұмысын жалғастырып жатыр. Кейбір елді мекендердің әлі де су астында қалуы, кейбірінің кіреберіс жолдарының болмауы бұл жұмысты қиындатып отыр.
Ветеринариялық қызмет жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, Батыс Қазақстан облысының су басқан аумақтарындағы өлген мал өлексесін жоюды бастады. Бүгінде 115 бас ірі қара, 1246 бас уақ мал, 23 бас жылқы, 81 құстың өлексесі өртеніп, арнайы қазылған шұңқырларға көмілген.
Нұрқайыр Құсайынов су тасқыны кезінде ауыл тұрғындарының өздері, төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері 2277 бас ірі қараны (оның ішінде Ақжайық ауданында 300, Теректіде 503, Сырымда 447) аман алып қалғанын атап өтті.
“Облыста су басу салдарынан 8 мал қорымы және сібір жарасының 14 қорымы су астында қалды. Төтенше жағдайлар болған аймақтарда жануарлардың қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу мақсатында барлық мал басы ветеринариялық қызметтердің бақылауында болады. Қоздырғыштары топырақта сақталып қалуға бейім сібір жарасына және эмфизематозды карбункулға қарсы барлық мал мүмкіндігінше қысқа мерзімде егіледі”, – деді Нұрқайыр Құсайынов.