Батыс Қазақстан облысында Республика күні жоғары деңгейде атап өтілді
Бүгін Батыс Қазақстан облысында 25 қазан – Республика күніне орай мерекелік шаралар Тұңғыш президент алаңында Мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімімен басталды. Мемлекеттік Гимн шырқалып, тутұғырдағы көк байрақ көкке көтерілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рәсімнен соң “Атамекен” өнер ордасында облыс әкімі бірқатар батысқазақстандықтарға марапат табыстап, халықты Республика күнімен құттықтады.
Мемлекет ретінде жасампаз еңбек пен бейбіт өмірді басты мұрат-мақсаты санайтын Республикамыздың даңқы арта берсін!
“Республика күні – елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, “Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек” деген болатын. Бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің халқымыздың мемлекеттілігімізді сақтауға және нығайтуға, Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысы. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – ел азаматтары!” - деді өз құттықтауында аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысы ауылды дамыту, экономикалық, инвестициялық, ауылшаруашылық, инфрақұрылымдық салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Әкімнің айтуынша, биыл облыс бойынша 81,5 миллиард теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда 500-ге жуық шақырым жол пайдалануға берілді.
“Соның ішінде халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолдың 125 шақырымын 4 жылда жасаған болсақ, биыл 120 шақырым жолдың 104 шақырымын аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстарды жыл соңына дейін бітіретін боламыз. Ал 2024 жылы 105 млрд. теңгеге жалпы ұзындығы 800 шақырым жол салуды жоспарлап отырмыз”, – деді облыс әкімі.
Биыл облыс бойынша “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы және басқа қаражат көздері есебінен 26 мектеп құрылысын бастадық. Бүгінгі таңда 2 мектеп пайдалануға берілген болса, жыл соңына дейін 14 мектеп құрылысы аяқталады. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген.
“Тәуелсіз Қазақстанның, қасиетті Ақжайық өңірінің дамуына белсенді қатысқан және бүгінгі таңда белсенді өмірлік ұстанымын жалғастырып келе жатқан барлық азаматтарға, жерлестерімізге шын жүректен алғыс білдіремін! Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Қарапайым жұмысшылардың арқасында мемлекетте өнеркәсіп пен өндіріс дамып келеді. Сондықтан біз еліміздің дамуына үлес қосқан әрбір азаматтың адал еңбегін есте ұстауымыз керек. Бүгінгі салтанатты шарада өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атынан мемлекеттік наградалар табысталатын болады. Сіздерді мемлекеттің тірегі, жүректері елім, жерім деп соғатын мемлекетшіл азаматтар деп білеміз. Марапаттарыңыз құтты болсын!”, – деген облыс басшысы 70-ке жуық адамға мерекелік наградалар табыстады.
Атап өтсек, еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай “Парасат” орденімен, БҚО Теректі ауданы “Мәдиев” ШҚ басшысы Сәлімбай Мәдиев, Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы директоры Светлана Оразова, мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішов, Жәнібек аудандық “Ардагер ұйымы” РҚБ төрағасы Амангелді Уәлиев “Құрмет” орденімен марапатталды. Бірқатар азаматтар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдерін кеудесіне тағып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын иеленді.
Мерекелік шара соң “Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным” атты мерекелік концерт басталды.