Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында ауылдық кітапхана құрылысына 570 миллион теңге жұмсалмақ

Батыс Қазақстан облысында Жәнібек ауылында жаңа кітапхана салу үшін 570 миллион теңгеден асатын сомаға тендер жарияланды. Жаңа ғимараттың құрылысы 2025 жылы аяқталуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Тендер құжатынан

Тендерді өңірдегі мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы Жәнібек аудандық сәулет бөлімі үшін өткізді. Хабарландыру 5 қарашада жарияланып, қарашаның соңына қарай жеңімпаз анықталды. Кітапхананы салатын компания – Жәнібекте тіркелген "Символ" ЖШС, ал құрылтайшысы және директоры – Искаир Илемесов.

Керамзит блоктарынан салынған, жалпақ бір еңісті төбесі профлистпен жабылған, ленталық іргетасты екі қабатты ғимараттың (жалпы ауданы – 595,52 шаршы метр) құны 570,2 миллион теңгеге бағаланған. Құрылыс сметасында жобаның мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатыны көрсетілген. Жалпы пайдалы алаңы – 861,62 шаршы метр.

Ғимараттың жоспар-экспликациясына сәйкес бірінші қабатта акт залы, абонемент бөлімі, кітап қоймасы, күзет бөлмесі, гардероб, қойма, буфет және санитарлық торап орналасады. Екінші қабатта оқу және интернет залы, әкімшілік кабинеттер, тағы бір кітап қоймасы және санитарлық торап қарастырылған. Сонымен қатар сыртқы дәретханалар да жобада көрсетілген.

Жобаны дайындаған – оралдық "Stroyconsulting" ЖШС. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпарат бойынша жобаның құны 2,67 миллион теңге. Кітапхананың жұмыс жобасына қоса, екі кабиналы сыртқы дәретхананың құрылысына арналған 1985 жылғы жоба қосымша құжат ретінде тіркелген. Жобалаушылар 1985 жылғы жобаны қайта жасамай, оны кітапхана жобасына қосымша құжат ретінде қосып, арнайы белгі қойған.

2024 жылдың қаңтарында Батыс Қазақстан облысында Жымпиты ауылында кітапхана салуға тендер өткізілген. 720 шаршы метрлік екі қабатты модульді ғимараттың құны 378 миллион теңге. Бұл Жәнібектегі кітапхана жобасынан 200 миллион теңгеге арзан. 2021 жылғы ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Жәнібек ауылында 7586 адам тұрады: 3 727 ер адам және 3 859 әйел. Ауыл Орал қаласынан шамамен 500 шақырым жерде және Жәнібек автокөлік өткізу пунктінен үш шақырым қашықтықта орналасқан.

2024 жылға бекітілген Жәнібек ауылының бюджеті:

  • Кірістер – 118,3 миллион теңге, оның ішінде 57,1 миллион теңге трансферттер мен 61,2 миллион теңге салықтар;
  • Шығыстар – 125,8 миллион теңге, оның ішінде аудан әкімдігін ұстауға және мемлекеттік қызметтерге 68,9 миллион теңге, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына 56,9 миллион теңге жұмсалады.

Кітапхана құрылысына арналған тендердің сомасы ауыл бюджетінен бірнеше есе асып түседі. Жәнібек ауылының басқа елдімекендерден айырмашылығы – мұнда мектептер, аурухана, тіпті, колледж бар. 2024 жылдың тамызында облыс билігі Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы жол учаскесінің ашылғаны туралы хабарлады. Бұл жолды салуға бес жыл кеткен. 248 шақырым жолдың құны осы уақыт ішінде 57 миллиард теңгеден 81,3 миллиард теңгеге дейін қымбаттаған.


“Бір-біріне қарап отырады”: Желіде ҚазҰУ-дағы қоршаусыз салынған дәретхананың видеосы тарады (видео)


Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде жуырда ғана №2 мектеп-гимназияға жаңадан дәретхана ғимараты қосылған. Алайда ол білім алушылардың наразылығын тудырды. Себебі бюджеттен 815 миллион теңге жұмсалып, салынған әжетханаға есік орнатылмаған. Ақтөбе қаласындағы мектеп-гимназияның қосымша құрылысы өткен жылы басталған. 300 оқушыға арналған үш қабатты ғимаратта барлық жағдай жасалып, тіпті лифт те қарастырылған. Әр қабатта қыздар мен ұлдарға арналған бөлек дәретханалар да жобаланған. Оралдың "Альтаир-СК 7" серіктестігі тұрғызған ғимарат биыл таныстырылған.

Талқылау