Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде 815 миллион теңгеге салынған қыздарға арналған дәретханаға есік орнатылмаған

Ақтөбеде жуырда ғана №2 мектеп-гимназияға жаңадан дәретхана ғимараты қосылған. Алайда ол білім алушылардың наразылығын тудырды. Себебі бюджеттен 815 миллион теңге жұмсалып, салынған әжетханаға есік орнатылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: Instagram aqtobe_sergek

Желіде жаңа әжетхананың суреті жарияланды. Фотодан қыздарға арналған дәретхананың есігі жоғын, бөлек бөлмелерге бөлінбегенін байқауға болады.

Ақтөбе қаласындағы мектеп-гимназияның қосымша құрылысы өткен жылы басталған. 300 оқушыға арналған үш қабатты ғимаратта барлық жағдай жасалып, тіпті лифт те қарастырылған. Әр қабатта қыздар мен ұлдарға арналған бөлек дәретханалар да жобаланған. Оралдың "Альтаир-СК 7" серіктестігі тұрғызған ғимарат биыл таныстырылған. 



Ата-аналар мен оқушылар мектеп басшылығының ешқандай шара қолданбай отырғанына наразы. Желі қолданушылары да наразылығын білдіріп жатыр. Тіпті мұндай ыңғайсыз әжетханалар  №16 және №41 мектептерде де бар екенін жазған. Ал №2 мектеп-гимназиясы бұл мәселені жақын уақытта шешетінін хабарлады. 

"№2 мектеп-гимназиясының әкімшілігі мектептегі қосымша ғимараттың жақында ғана пайдалануға берілгенін хабарлайды. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі", – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Желіде ҚазҰУ-дағы спорт кешенінде оғаш салынған дәретхананың видеосы тараған еді. Мұны көргендердің кейбірі әзілдесе, кейбірі “ақшаны жеген бе” деп наразылық білдірген.

Талқылау