Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзіне қол салмақ болған тұрғынды құтқаруға жәрдемдесті: Астанадағы SOS дабыл батырмалары қалай жұмыс істейді

Астанада 2021 жылы 13 SOS-батырмалары жұмыс істейді. Арнайы құрылғы полициямен байланыс орнатып, шұғыл мәлімет беруге және көмек шақыруға мүмкіндік береді. Полиция департаментінің өкілі Stan.kz тілшісіне батырмалардың маңызы мен қылмысты жедел ашуда қалай көмектесетіні туралы айтып берді. 

дабыл батырмасы

Батырмалар мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында бірнеше қалада орнатылды. Мәселен, Астанада демалыс және адамдар көп жиналатын орындарда 13 SOS дабыл батырмалары жұмыс істейді. Бұл құрылғылар тез арада полициямен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. 

Төтенше жағдайға тап болған азамат батырманы басқан сәтте Жедел басқару орталығының полиция қызметкерімен байланысады. Бұл, әсіресе, ұялы телефон жоқ кезде немесе сынып қалған жағдайда септігін тигізеді. Ал камера бейнежазбаға түсіруді қамтамасыз етеді. 

Аталмыш батырманы тек шұғыл жағдайда ғана емес, қалада адасып қалғанда да қолдануға болады. Мәселе, қаланы дұрыс білмейтін азамат батырма арқылы тәртіп сақшыларымен байланысып, көмек сұрай алады. 

Деректер жүйеге автоматты түрде тіркеліп отырады. Мұндай жаңашылдық азаматтардың барлық өтініштеріне байланысты жедел әрекет етуге жол ашады.  

Астана полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Нұралы Тәңірбергеннің мәліметінше, келіп түсетін шақыртулар мен арыздардың басым бөлігі әкімшілік құқық бұзушылықпен байланысты.  Олардың ішінде тыныштықты бұзу, қоқыс тастау, жол қозғалысы ережелерін бұзу бар. 

Сонымен қатар 2022 жылдың басынан бері SOS батырмалары арқылы азаматтардан қылмыс деректері туралы 11 өтініш қабылданған. 

дабыл батырма

"Мәселен, вокзал маңында орналасқан SOS батырмасына қала тұрғыны жүгініп, белгісіз біреу қаржысын тартып алғанын мәлімдеді. Шақырту қабылданып, дереу пысықталды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті ізі суымай ұсталды. Оның бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған 30 жастағы ер адам екені анықталды. Кінәсін мойындап, айғақ зат тәркіленді", – деді баспасөз қызметінің өкілі. 

Бұдан бөлек, SOS батырмасының көмегімен полицейлер өз-өзіне қол салу дерегінің алдын алған. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, куәгер Кенесары хан ескерткішінің жанында орналасқан батырма арқылы полициямен шұғыл байланысқа шығып, қыздың көпірден секірмек болғанын айтқан. 

"Хабарламадан кейін оқиға орнына патрульдік полиция экипажы жіберілді. Жағдайды бағалай отырып, инспекторлар қайғылы жағдайдың алдын алды. Мән-жайларды анықтау барысында отбасылық жанжал салдарынан 38 жастағы әйел осындай қадамға барғаны белгілі болды. Оған психологиялық көмек көрсетілді", – деп толықтырды ол. 

Талқылау