"Батыр атануды көксеген жоқпын": Алматылық азамат өз басын қатерге тігіп, отқа оранған үйден зейнеткерді аман алып шықты
Алматы тұрғыны өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден зейнеткерді аман алып шықты. Азаматтың ерлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бейнежазбаның бөліктері әлеуметтік желілерде жарияланды. Онда көпқабатты үйдің бірінші қабатының өртеніп жатқанын көруге болады. Кадр сыртындағы дауыс ғимаратқа ешкімнің кірмеуін сұрайды. Артынша белгісіз азаматтың әлсіреген адамды сыртқа алып шыққаны түсірілген.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 20 қараша күні таңертең Наурызбай ауданында орналасқан "Шұғыла сити" тұрғын үй кешенінде болған. Таңғы сағат 5:20 шамасында өрт сөндіру бөлімдері өрт болған орынға келген.
"Келген уақытта тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтердің тұрмыстық заттары мен жиһаздың өртенгені анықталды. Қызметкерлер пәтерлерде қалған тұрғындарды эвакуациялауға және өртті сөндіруге кірісті", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
- Астанадағы өрт кезінде үш адамды құтқарып, ауыр жарақат алған Асқар Забикулин көз жұмды
- Шымкентте полицейлер 5-қабаттан секірмек болған 3 баланың анасын құтқарып қалды (видео)
- Астанада полицей өз-өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды құтқарып қалды. Осымен ол үшінші адамды аман алып қалған
Пәтерде шыққан өртті оқиға орнына келгеннен кейін 10 минуттан соң ауыздықтап, таңғы сағат 5:47-де толық сөндірілді. Алайда өрт сөндірушілер келгенге дейін үйде 1950 жылғы үй иесі болған. Оны осы тұрғын үй кешенінің 30 жастағы тұрғыны Еркебұлан Жанахметов құтқарып қалған. Ол өз өмірін қатерге тігіп, операциядан кейін өз бетімен қозғала алмайтын қарт адамды оттың арасынан аман алып шыққан.
"Таңға таяу ұйықтай алмадым. Терезені ашып, көрші корпустағы үйде өрт шыққанын сездім де дереу көршілерге хабар бергім келді. Бірден жүгіріп барып, көмекке мұқтаж адамдарға көмектестім. Алдымен газ құбырының аузын жаптым. Көшеден өтіп бара жатқан куәгер немесе көршісі таспен тіреп, өртеніп жатқан кіреберістің есігін ашты. Түтін будақтаған кіреберістен біреудің әлсіз шыққан даусын естіп, куәгерлердің ішінен бірге кіретін адам іздеп сыртқа шықтым, алайда ешкімнің батылы жетпеді", - дейді Жанахметов.
Ол кіреберістің іші түтінге толып, демалу мүмкін емес екенін әрі қауіпті болғанын еске алады. Ол ішке бірнеше мәрте кіруге әрекеттенгенін атап өтті.
"Тыныс алу жолдарын жауып, жанып жатқан пәтердің есігіне қарай ұмтылдым, әлсіз шыққан дауысы арқылы зейнеткерді таптым. Ол дәлізде жатты, өте қатты әлсіреген және пәтерден шықпақ болған. Мен ер адамды қауіпсіз жерге алып бардым. Батыр атануды көксеген жоқпын, тек көмек қолын созғым келді", - дейді батыр жігіт.
72 жастағы ер адам қазір дәрігерлердің бақылауында. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы 30 жастағы батыр Еркебұлан Жанахметовті Төтенше жағдайлар министрлігіне еңбегін бағалау туралы бастама көтерген.