Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың мәдениетін, болмысын толық түсінгім келеді": Алексей қазақ тілін тегін үйретіп жүр

Алексец Батыл бол

Алматыда Алексей Скалозубов “Батыл бол” деген клуб ашып, қазақ тілін үйретіп жүр. Оған түрлі жастағы кез келген адам тегін қатыса алады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі “Батыл бол” клубының бір сабағына барып, қатысушылармен танысып қайтты. Сонымен қатар, Алексеймен тілдесіп, оның бұл бастамадағы мақсатын білді.

"Әжемнің әңгімелерін тыңдағым, түсінгім келеді"

Демалыс күні Алматыдағы KIMEP университетінің аудиториясына 30-ға жуық адам жиналды. Олардың арасында студенттер де, зейнеткерлер де, шетел азаматтары да бар. Бірі – қазақ, бірі – басқа ұлт өкілі. Бірақ барлығының мақсаты ортақ – қазақ тілін үйрену. Солардың бірі – 20 жастағы Алина. Өзі қазақ. Алина Байқоңырда туғанымен, Ресейде оқып, қазақ тілінен мүлде алшақ өсіпті. Алматыға көшіп келгенде, қазақ тілін білмегенінен жаңа қиындықтарға тап болды. 

"Жақындарымның, достарымның әңгімесін, әзіл-қалжыңын түсінбеймін. Олармен бір толқында бола алмаймын. Кейбір достарым әжесіне еркелейтінін, оларға ерекше әңгімелер айтып беретінін айтқанда қызығамын. Себебі менің де әжем бар. Бірақ ол тек қазақша, ал мен тек орысша сөйлеймін. Арамызда бір шекара тұрғандай сезіледі. Қазақ тілін меңгеру арқылы сол кедергіні жойғым келеді", – дейді Алина.

Алина Батыл бол

Ал 37 жастағы Олег биылдан бастап қазақ тілін меңгеруге саналы түрде шешім қабылдапты.

"Қазақстанда туып-өстім. Бұл жер – менің тамырым, менің идентификациям. Бірақ осы елдің мәдениетін, болмысын толық түсіну үшін қазақ тілін білгенім жөн. Қалай орысша жақсы сөйлеймін, дәл солай қазақша білуім керек деп ойлаймын. Қазір өзімді сол үшін жауапты сезінемін", – дейді ол.

Олег Батыл бол

Алина мен Олегтің “Батыл бол” клубының курстарына қатысып жүргеніне алты ай болды. Бұған дейін олар мүлдем қазақша сөйлей алмаған. Тіпті, көшеден біреу қазақша жол сұраса, жауап бере алмайтын. Ал қазір олар тілді әжептәуір меңгеріп, ойын емін-еркін жеткізіп отыр.

Батыл бол

“Қазақ тілінде сөйлейтін орта керек болып, “Батыл бол” клубын аштым”

Алина мен Олегке қазақша сөйлеуді үйреткен “Батыл бол” клубын үш жыл бұрын Алексей Скалозубов ашқан. Ол Ақмола облысы, Есіл қаласында туып-өскен. Мектеп пен университетті орысша бітіріп, қазақ тіліне тек Алматыға көшкен соң ғана қызыға бастаған. Репетитор жалдап, өз бетімен үйренуге тырысқанымен, нәтиже шықпаған. 

"Жұмыста да, достарыммен жиналғанда да орысша сөйлеп кете береміз. Олар “Біз мұғалім емеспіз ғой, ыңғайлы тілде сөйлей берші” деп, тез шаршайды. Бір күні ағылшын тілі клубына барған соң, маған қазақ тілінде сөйлейтін орта керек екенін түсіндім. Сөйтіп, репетиторым Ақжарқынның көмегімен “Батыл бол” клубын аштым", – дейді Алексей.

Батыл бол

“Батыр болдың” ерекшелігі неде?

Алексейдің айтуынша, 16 жастан асқан кез келген адам “Батыл бол” клубының мүшесі бола алады. Олардың жынысына, жасына, ұлтына, мамандығына және тағы басқа ерекшеліктеріне шектеу қоймайды. Бастысы, тіл үйренуге деген ниеті болғаны жеткілікті. 

“Клубқа келетіндердің дені – 25-35 жас аралығындағы жастар. Дегенмен зейнеткерлер де аз емес. Мәселен, 85 жастағы Елена әжей де қазақ тілін үйреніп жүр. Әркімнің өз мотивациясы бар. Бірі жұмысына қажет болған соң, енді бірі сүйікті адамымен қарым-қатынас құру үшін меңгереді, енді біреулер патриоттық сезімі оянып қазақша сөйлегісі келеді екен. Бәріне есігіміз ашық. Себебі “Батыл болдың” мақсаты - қазақ тілін енді үйреніп жүрген адамдарға қазақша сөйлейтін орта ұсыну”, – дейді ол. 

Батыл бол

Алексейдің сөзінше, олар әуелі тіл грамматикасын үйретеді. Кейін тілді меңгерген деңгейі бойынша топтарға бөледі. Топтасқан соң олар түрлі тақырыптарды қазақ тілінде талқылайды екен. Сабақтың соңында міндетті түрде қазақша ән орындайды. Оған қоса барлығы бірге қазақша теарға, кинотеатрға барып, түрлі спектакльдер мен фильмдерді тамашалайды. Ең бастысы, олар азаматтарға бұл курсқа тегін қатысуға мүмкіндік беріп отыр. 

“Қазақ тілі - өте әдемі әрі рухты тіл. Мысалы, маған қазақтың “жыламаған балаға емшек жоқ” деген мақал-мәтелі ұнайды. Шынымен де, өте мағыналы және қазіргі өмір қарқынын сипаттайтын сөз. Оған қоса диалектілерінің өзі қызық. Тіпті, қазір біз әр өңірдің диалектісін үйреніп, “біз жақта былай айтады, жоқ былай айтады” деп әзілдесіп, таласып отырамыз. Бүгін сән тақырыбын талқылап жатырмыз. Мұнда барлығының деңгейі бірдей болған соң, бір-бірінің қазақшасын, сөйлеу мәнерін мазақ етпейді. Қайта бір-бірін қолдап, мотивация береді. Осында келіп, жиі-жиі сөйлесіп, жаттығады”, – дейді Алексей. 

Батыл бол

“Батыл бол” клубы сабақтарын барынша еркін форматта өткізеді. Десе де өздерінің шағын ережелері бар. Мәселен, біріншіден, қатысушыларға курс кезінде телефон, аудармашы қолдануға болмайды. Екіншіден, саясат, дін және тағы басқа араздық тудыруы мүмкін тақырыптарды талқыламайды және әдепті сақтап, бір-бірінің шекарасын аттамайды.

“Үйге тапсырма да береміз. Мәселен, енді сөйлей бастағандарға екі-екіден бірігіп дүкенге баруын сұраймыз. Біреуі дүкеншімен қазақша сөйлесіп, өзіне керек затын сатып алуы керек. Екіншісі соны видеоға түсіруі керек. Таксиге мінгенде де жолақысын төлеу үшін жүргізушінің нөмірін қазақша сұраңдар дейміз. Осылай күнделікті өмірдегі әрекеттерді қазақ тілінде істеуді әдетке айналдыруға кеңес береміз”, - дейді Алексей. 

Қазір “Батыл бол” клубының жалпы 200-ден астам тұрақты қатысушысы бар. Клубтың Алматыда, Астанада, Қарағандыда, Атырауда, Оралда филиалдары ашылған. Алматыдағы клубта төрт мұғалім және еріктілер істейді.

“Негізі басында 14 облыстан ашқанбыз, бірақ кейін қаржы мәселесіне байланысты көбі жабылып қалды. Себебі мұғалімдерге уақыты, еңбегі, жолы үшін ақы төлеуіміз керек. Сөйтіп, мен түрлі демеушілерді іздей бастадым. Қуанышымызға орай, екі жыл бұрын KAZ Minerals компаниясы бізге хабарласып, жобамызға қолдау көрсеткісі келетінін айтты. Осылай, екі жылдан бері осы компанияның арқасында мұғалімдерімізге жалақысын төлеп отырмыз. Оларға алғысымыз шексіз. KIMEP университеті ауласын, ғимаратын тегін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр”, - дейді Алексей. 

Батыл бол

Алексейдің айтуынша, жылдан-жылға қазақша үйренгісі келетіндердің саны көбейіп жатыр. Дегенмен жүрексініп, бастай алмайтындар да көп. Алексей оларды батыл болуға, ұялмай қазақ тілінде сөйлеуге шақырады. Оған қоса ол болашақта “Батыл бол” клубын Қазақстанның басқа өңірлерінен де, әсіресе Солтүстік Қазақстаннан да ашқысы келетінін жеткізді.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 10:00
Талқылау