Бастық өсімақы төлеп, айыппұл арқалайды: Айлық кешіктіріп берілсе не істеу керек
Фото: Freepik.com
Жалақысын кеш алған қызметкерлер жұмыс берушіден айлықтан тыс өсімақы ала алатынын білесіз бе? Қызметкерлердің жалақысын кешіктіріп алатын кездер жиі болғанымен, мұндай жағдайда не істеп, қандай шара қолдану керегін көбі білмейді. Заңгер Гүлзат Мергенәліқызы Stan.kz тілшісіне жұмыс беруші төлейтін өсімнің мөлшері қалай есептелетінін және қызметкердің қайда шағымдана алатыны туралы айтып берді.
Жұмыс беруші айлықты кешіктірген жағдайда өсімақы төлеуге міндетті дейді Гүлзат Мергенәліқызы.
“Еңбек кодексінің 113-бабына (Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері) сәйкес, жалақы уақытылы төленбеген әр күн үшін жұмыс беруші қызметкерге кешіктірілген соманың 1,25% мөлшерінде өсім төлеуге міндетті. Мысалы, жалақы 100 000 теңге болса және 10 күнге кешіктірілсе (100 000 × 1,25% × 10 күн), қызметкерге 12 500 теңге өсімақы төлейді. Ал еңбекақыны уақытылы төлемеу – бұл әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87-бабына (Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу) сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке әкеледі”, – дейді заңгер
Айыппұл мөлшері:
- Лауазымды адамдар үшін – 15 АЕК-ке дейін (2025 жылы шамамен 55 380 теңге);
- Заңды тұлғалар үшін – 150 АЕК-ке дейін (шамамен 553 800 теңге).
Мысалы, Жанар есімді қызметкер мамыр айында жұмыс істеді. Оның айлығы 200 000 теңге. Еңбек шартына сәйкес, айлық әр айдың 5-күніне дейін төленуі керек. Жұмыс беруші Жанардың мамыр айындағы жалақысын – 2025 жылғы 5 маусымға дейін төлеуге тиіс. Егер кешіктірсе, яғни айлығы 10 маусымда төленсе, яғни 5 күнге кешіктірілсе, жұмыс беруші:
• Жанарға 5 күнге есептелген өтемақы (өсімпұл) төлеуге міндетті.
• Бұл өтемақы Ұлттық Банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесімен есептеледі (күн сайын есептеледі).
• Егер жұмыс беруші өтемақыны төлемесе, Жанар еңбек инспекциясына немесе сотқа шағым түсіре алады.
Еңбек кодексінің 113-бабының 2-тармағына сай, жалақы төлеу күні демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, онда ол күннің алдындағы жұмыс күніне де төленуге тиіс.
Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек келісімі бұзылған жағдайда, Еңбек кодексінің 96-бабына сәйкес, жұмыс беруші еңбек шарты тоқтатылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қызметкермен есеп айырысуы керек. Яғни, жалақы мен тиесілі төлемдер (жылдық еңбек демалысы, өтемақы және т.б.) толығымен берілуге тиіс.
Жалақысы кешіктірілген жағдайда қызметкер қайда шағым түсіруі керек?
Айлықты кешіктірген жағдайда қызметкер мына жерлерге шағым түсіре алады:
• Еңбек инспекциясына (еңбек басқармасына);
• Сотқа;
• Прокуратураға.
Заңгер алғашқы қадам ретінде еңбек инспекциясына (жергілікті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына) жүгінуге кеңес берді.
Шағым түсірерде нені ескеру керек?
“Арыз түсірерде мына нәрселерді ескеру қажет: атап айтқанда, шағым жазбаша түрде, нақты деректермен жазылуы керек. Сондай-ақ жұмыс берушінің атауы, мекенжайы, жалақы кешіктірілген уақыт аралығы көрсетілуі қажет. Егер мәселе бірнеше рет қайталанса, бұрынғы шағымдар немесе ішкі хат алмасулар тіркелгені жөн”, – дейді Гүлзат Мергенәліқызы.
Шағым түсіру үшін төменде көрсетілген құжаттар қажет:
- Еңбек шартының көшірмесі;
- Жалақы төленбегені туралы дәлелдер (жалақы ведомосы, банк үзіндісі, төлем қағаздары, т.б.);
- Ішкі арыз немесе жұмыс берушімен жазысқан хаттар;
- Жеке куәлік көшірмесі;
- Шағым хаттың өзі.

Қазақта күйеу жігіт қайын жұртына иіліп сәлем салған – Этнограф
