Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жаппай төбелестен кейін көз жұмған студенттің ісіне қатысты сот үкімі шықты

Шымкентте жасөспірімдер арасында адам өлімімен аяқталған төбелеске нүкте қойылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты сотталушыға жаза кесті. Олар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан іс әрекет бойынша айыпты деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алмас Өткіров

17 жастағы бозбаланың өмірін қиған төбелеске қатысқандар көршілес екі мектептің ұлдары. Барлығы Маятас тұрғын алабында өскен. Кінәлілердің төртеуі мектепте, екеуі колледжде оқып жүрген.

Сотталушылар үкімді онлайн тыңдады. Ең азы алты жылға сотталды. Жәбірленуші тарап оған моральдық- материалдық шығынды өтегені үшін кешірім беріпті. Ал төртеуі 6 жыл 8 айдан арқалады. Ең ұзақ жаза 8 жыл болды.

Сот төрағасы істі қарау барысында сотқа тартылғандардың кәмелет жасына толмағаны ескеріліп, жаза мөлшері азайтылғанын дәйек қылды. Десе де сотталушылар кінәларын толық мойындаған.

"Бір сотталушы 106 баптың 3 бөлігін толығымен мойындады, кешірім алған соталушы. Ал қалған бесеуі 106 баптың 3- бөлігін мойындаған жоқ, "қатысымыз жоқ" деп жауап берген сот тергеуінде. Сотталушылар 293 баптың 2-ші бөлігін толығымен мойындады. 106-ны мойындаған жоқ", - деді Шымкент қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов.

Еске салайық, марқұм Абзал Өткіровтың өмірін қиған қанды оқиға былтыр мамырдың 22-нен 23-не қараған түні Маятас ауылының тұсында болған. Басынан қатты зат тиген бозбала он күндей ауруханада жатып, ес жимастан көз жұмды.

Марқұмның ағасы Абзалдың басына шлакаблокпен ұрғанын, саусақтарында тырнақтары болмағанын айтты.

Сол төбелесте Абзалмен бірге жарақат алған екі досы сол күні көрші ауылдың балалар сөйлесуге шақырғанын айтқан.



Куәгерлер үш адамға жиырмаға тарта жігіттің жабылғанын айтқан еді. Сотқа алтауы тартылды. Алайда берілген жазаны марқұмның бауыры тым жеңіл деп отыр. Үкіммен сотталғандардың туыстары да келіспейді.

"Біздің берген дәлелдерді жоқ қып жіберген ғой, жоқ қылып жіберген Абылай Ақтөре деген. Әскер Алихан, Әскер Қалихан құтылып кетті. Солар бастаған төбелесті", - деді ата-ана.

"Бұл жерде ешқандай әділетті деп ойламаймын, мына сот. Себебі тергеу жасаған уақытта да тергеушілер өте қателік жіберген. Оны сот барысында көп нәрсе айтылды. Бірақ ол шықпады, неге екені белгісіз судья оны елемеді",  - деді ата-ана.

"Үш баланың төбелесінің ішінде ол бала өліп отыр. Біздің балалардың қатысы жоқ. Кінәсіз. Өйткені Әскер Әлихан, Қалихан барып ақша беріп бұлардың бәрін жапты. Біз дәл сондай ақша беріп шығарып алуға мүмкіндігіміз жоқ, шыны керек. Біздің балаларымыз кінәсіз. Әлі біз аппеляцияға береміз. Бұнымен келіспейміз біз. Тоқтамаймыз", - деді тағы бір ата-ана.

Айта кетейік, бұл істе қос мектептің басшылары мен жергілікті полиция өкілдерінің мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сот оларға шара қолдану туралы қаулы шығарды. Төраға Дәурен Сайханов жасөспірімдер арасындағы кикілжіңді дер кезінде анықтап, алдын алғанда мұндай қайғылы жағдаймен аяқталмас еді деген пікірін айтты.

Гүлдана Қазтай
Сейсенбі, 27 Сәуір, 2021 13:34
Талқылау