"Басымдық мемлекеттік тілде болуы керек": Мәжіліс төрағасы мектептерде орыс тілінің сағатын қысқартуға қатысты ойын айтты
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов кулуарда орыс әдебиеті пәндерінің сағатын қысқарту ұсынысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: parlam.kz
Мәжіліс кулуарында журналистер Ерлан Қошановтан депутат Ринат Зайытовтың "орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің сағатын қысқарту" бастамасы жайлы сұрады.
"Менің ойымша, мәселені олай қоймау керек. Әр депутаттың өз пікірі бар. Мәжілісте әлуан түрлі пікірі бар депутаттар жиналды. Біз оларға тыйым сала алмаймыз. Әркімнің өз пікірі бар. Біз бірінші кезекте орыс тіліне тыйым салуымыз керек пе немесе мемлекеттік тілді дамыту керек пе деген мәселені қарауымыз керек. Бұл туралы бұрын да пікірімді айтқан едім,- деді спикер.
Алайда мәжіліс төрағасы мемлекеттік тіл мәселесін өзге тілдерді төмендету арқылы шешпеуіміз керек деді.
"Ең алдымен бізге орыс тіліне тыйым салу керек пе, әлде мемлекеттік тілді дамыту керек пе? Бұл туралы бұрын да пікірімді айтқамын. Сондықтан біз, біздің балаларымыз, ұрпағымыз неғұрлым көп тіл білсек, соғұрлым басқа елдердің тұрғындарынан бір деңгей биік тұрамыз",- деді Қошанов.
Мәжіліс спикері орыс тілі де, ағылшын тілі де керек, алайда басымдық мемлекеттік тілге берілу керектігін айтты.
Еске салайық, осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында "AMANAT" партиясының атынан сайланған депутат Ринат Зайытов мектептерде орыс әдебиетін оқытуға қатысты пікірін білдірген еді.