"Бизнес иелері халықтың көзқарасымен санаса бастайды": қоғамға бас тарту мәдениеті не үшін керек?
Әлеуметтік желі мен медиада әйелін ұрды деп айыпталған Шәріп Серікке қатысты жанжалдан кейін, Salem Entertainment компаниясы және тағы басқа жарнама берушілер актермен келісімшартын бұзып, енді онымен жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Осылай, Қазақстанда “бас тарту мәдениеті” айқын көрініс тапты. Кэнселлинг немесе бас тарту мәдениеті деген не және ол қалай іске асады? Оның буллингтен қалай ажыратамыз? Stan.kz ақпарат агенттігі бұл феноменнің маңызын түсіндіріп берді.
Әлия Бутеева Instagram желісіндегі жеке парақшасында бұрынғы сүйіктісі, актер Шәріп Серіктен зорлық көргенін, оның ұрғанын жазды. Дәлел ретінде Шәріптің оны лифтіден қалай күштеп шығарғаны түсіп қалған видеоны және ұрғаннан кейінгі бет-жүзінің фотосын жариялады.
“Мен физикалық тұрғыдан әлсіз болсам да, өзім үшін қолайсыз нәрсе туралы үнсіз қалатындай моральдық тұрғыдан әлсіз емеспін. Мен өзімді және намысымды қорғауға мәжбүрмін. Мұны басынан өткерген әр адам бұл нәрсенің қалыпты нәрсе емес екенін түсінгенін қалаймын”, – деп жазды Әлия Бутеева.
Ақпарат тараған соң, қазақстандық азаматтардың көбі жәбірленушіні қолдап, актердың жазаға тартылуын талап етті. Қазақстандағы блогерлер мен әртістер де – блогер Айжан Байзақова, Нұрлан Батыров және тағы басқалары әріптесінен мұндайды күтпегенін, оның ісінің дұрыс болмағанын айта бастады. Say Mo да бұрынғы күйеуі Шакентиден психологиялық әрі физикалық жәбір көргенін ашық айтты. Ал желі қолданушылары мұндай агрессорларға кэнселлинг жасау керек екенін жазды.
“Бұған Кореядағыдай бас тарту мәдениетін қолдану керек. Басқа актерлар мен асүй батырларына сабақ болсын”, – деп жазды қолданушылар.
Әлия Бутееваның парақшасындағы жазбаның астындағы пікірлер
Salem Entertainment медиа-компаниясы дәл осы оқиғадан кейін актермен жұмыс істеуді ресми түрде тоқтататынын, оны компанияның “қара тізіміне” енгізгенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің сөзінше, бұған дейін жарияланған "Шакал" және "Qarga" сериалдарының үшінші маусымы ресми түрде жабылды. Сонымен қатар актер "Meow" сериалының екінші маусымында басты рөлдердің бірін сомдауға тиіс болған, алайда ол жобадан толықтай алынып тасталады. Сондай-ақ "Патруль: последний приказ" фильмінде Шәріп Серік түскен кадрлар алып тасталады.
Кэнселлинг немесе бас тарту мәдениеті деген не?
Бас тарту мәдениеті — жұрт арасында кеңінен танымал адам немесе кез келген бренд қоғамның қандай да бір моральдық нормасына қайшы, белгілі бір топты қорлайтын, алалайтын әрекет жасаса, мәлімдеме айтса не өнім шығарса, соған қарсы әлеуметтің реакциясы. Көбіне өнімді (кез келген өнім түрін) пайдаланбауға әлеуметтік желі арқылы шақыру. Мәдениеттанушы Ақтөре Көпбайдың айтуынша, актер Шәріп Серікке қатысты жағдай – кэнселлингке жарқын мысал.
“Бұл оқиғада физикалық күш көрсету актісі тіркелген. Бұл – сөзсіз айыптауға тұрарлық іс-әрекет. Актер өзі де кешірім сұрап үлгерді. Бұл жерде бас тарту мәдениетінің ықпалы бар. Мұнда адам қоғам алдында екі нәрсе жоғалтады: экономикалық жағдайы мен абыройы. Ақша табуға, жағдайды реттеуге болады. Алайда абыройды қалпына келтіру – өте қиын іс”, – дейді мәдениеттанушы.
Бас тарту мәдениеті қоғамда бұрыннан бар, бірақ Қазақстанда кейінгі жылдары ғана белең алып келеді. Бұл тәжірибе көбіне Оңтүстік Кореяда қолданылады. Әсіресе, бұл ел тұлғындары K-pop әртістері есірткі қолданса, кәмелет жасына толмаған адаммен сөйлессе, мас күйінде көлік немесе самокат айдаса, тіпті темекі тұқылын қоқысқа емес, жерге лақтырғанын байқаса, кэнселлинг жасап, жауапкершілік алуын талап етеді. Кейбір жұлдыздар мектеп кезінде буллинг жасағаны анықталса, бұрын немесе қазір өзгеге зорлық-зомбылық көрсетсе, бірден сынға ұшырайды. Мұндай жанжалдың ортасында қалған әртістен бәрі кері айналады: агенттіктері мен менеджерлері бірге жұмыс істеуін тоқтады, жарнама берушілер келісімшартты бұзады, телевизиядағы шоулар мен фильмдерден әртіс бар кадрлар қиылып тасталады. Осындай жанжалдың кесірінен жұмыссыз қалып, тіпті айыппұлдан-айыппұлға батқан кореялық жұлдыз көп.
Мәселен, дәл қазір Оңтүстік Кореяның табысы ең жоғары актерларының бірі болған Ким Су Хеннің мансабы аяқталудың аз-ақ алдында тұр. Себебі ол жақында өзіне қол салып қайтыс болған актриса Ким Сэ Ронмен бұрын, кәмелет жасына толмаған кезінде алты жылға уақыт қарым-қатынаста болғаны туралы дерек тарады. Осыдан соң Оңтүстік Корея халқы актерды сынап, марқұмның өліміне қатысы бар деп айыптап отыр. Жақында Ким Су Хен баспасөз конференциясын өткізіп, марқұммен бұрын қарым-қатынаста болғанын мойындады, бірақ ол кезде қыздың кәмелет жасында болғанын және өліміне еш қатысы жоқ екенін алға тартып отыр. Қазір тергеу ісі жүріп жатыр. Бірақ осыдан кейін Ким Су Хен киім, косметика, азық-түлік желісі сияқты бірнеше ірі брендтермен келісімшартынан айырылды. Тек Оңтүстік Корея емес, Қытайда, Тайландта фан-парақшалары жабылып, оның фотосы бар баннерлер алып тастап жатыр.
Айта кетері, марқұм актриса Ким Сэ Рон да бұрын кэнселлингке ұшыраған. Ол 2022 жылы мас күйінде көлік айдап, қала нысандарын бұзғаны үшін жанжалдың ортасында қалған еді. Тергеу барысында, марқұмның қыруар қарызы бар екені, қоғам тарапынан қатты қысым көргені анықталды.
Ким Су Хен баспасөз конференциясында
Құқыққорғаушы Айгерім Құсайынқызының айтуынша, бас тарту мәдениеті – ғылыми тұрғыдан зерттелетін құбылыс. Бұл ашынған адамдардың уақытша, тез суып қалатын реакциясы емес. Бұл – құндылықтардың өзгеруі, азаматтық қоғамның қалыптасуы, адам құқығы саласындағы өте үлкен өзгерістерді көрсететін құбылыс. Маманның сөзінше, Шәріп Серікке қатысты жағдай эффект доминосы сияқты болды.
“XX ғасырдың қаруы ядролық қару болса, XXI ғасырдың ең күшті қаруы – әлеуметтік желідегі аудиторияның белсенділігі. Қоғамның Шәріп Серікке қатысты оқиғаға қатты назар аударуына “Салтанат кейсінің” ықпалы да бар. Оған қоса бірнеше жыл бұрын оның экс-әйелі Say Mo зорлық көргенін айтып, ән шығарғанда, ешкім оны қолдамады, барлығы оны киімі, образы үшін сынады, өзін кінәлі етті. Ал қазір қоғам “дәл сол кезде Say Mo-ны қолдағанда, тағы бір қыз актердың құрбаны болмас па еді?” деген ойға келді, кэнселлинг жасай бастады. Кэнселлингке ұшыраған тұлға немесе ірі компания шығынға ұшырайды. Сол себепті Salem Entertainment мамандары қоғамның пікірін бақылап, “Қазір Шәріппен байланысты үзбесек, прокатпен мәселе туындауы мүмкін” екенін ескеріп, тез шешім қабылдады. Тіпті, осы жағдай арқылы өзіне позитив жарнама жасап, аудиториясын кеңейтіп алды деуге болады. Ал Шәріп Серік қыздың видеосы шыққанда үнсіз болды. Кейін кешірім сұраған видеосын жариялады, бірақ онда ол дайын мәтінді оқып тұр, шын жүректен айтпағаны, сасып, қорқып тұрғаны байқалады, ақшасыз қалудан, қоғамның қысымынан қорыққаны көрініп тұр”, – дейді Айгерім Құсайынқызы.
Бас тарту мәдениеті қоғамға керек пе?
Мәдениеттанушы Ақтөре Көпбайдың сөзінше, бас тарту мәдениетін (cancel culture) жақтайтындар да, құптамайтындар да бар.
“Кейбір адамдар бас тарту мәдениеті қоғамға қауіпті немесе жағымсыз іс-әрекеттердің алдын алуға көмектеседі және осылай жауапкершілікті күшейту құралы бола алады деп санайды. Бірақ оны сынайтындар бас тарту мәдениеті кейде шектен шығып, сөз еркіндігі мен қоғамдағы конструктивті диалог аясын тарылтады деп ойлайды”, – дейді мәдениеттанушы Ақтөре Көпбай.
Құқыққорғаушы Айгерім Құсайынқызының сөзінше, қоғамға бас тарту мәдениеті керек. Мәселен, Шәріп Серіктің кейсінен кейін көптеген ірі медиа компаниялары әртістермен жұмыс істемей тұрып, олардың бұрынғы өміріне, беделіне, әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарауы мүмкін. Осылай, бизнес иелері халықтың көзқарасымен санасуды үйренеді.
Дегенмен кейбір қоғамда бас тарту мәдениеті шұғыл және қысқа мерзімде пайда болады. Сол себепті хаос туып, оны реттеу қиынға соғуы мүмкін. Десе де, қоғамның қандай да бір жағдайға реакциясының өзгеруі уақытты және азаматтық қоғамның еңбегін талап ететінін түсінген абзал.
“5-10 жыл бұрын Қазақстанда белгілі бір азшыл топ өкілдері, мәселен, заңгерлер, феминистер ұнамсыз, заңсыз әрекеттерге наразылық білдіретін. Сол кезде көбі “ашулы феминистер, сендерге не жетпейді?” дейтін. Бірақ бұл реакция күннен-күнге өзгеріп келе жатқанына қуаныштымын. Бұл – азаматтық қоғамның, феминистердің, журналистердің жемісі. Дегенмен “Шәріптің жағдайынан соң бас тарту мәдениеті көрініс тапты” деп қатты қуанудың да қажеті жоқ. АҚШ-та кез келген ірі компания кэнселлингтің салдарын зерттейді. Сол сияқты осы жағдайдан соң “Кім сабақ алды?”, “Кімге пайдасы тиді?”, “Қандай өзгеріс болды?” – осы мәселені зерттеген жөн. Оған қоса кэнселлингті кейбір бизнес, билік өкілдері, ақшасы бар қалталы адамдар өз пайдасына қолданып кетуі мүмкін екенін де ұмытпаған абзал”, – дейді Айгерім Құсайынқызы.
Бас тарту мәдениеті мен буллингті қалай ажыратамыз?
Құқыққорғаушының сөзінше, бас тарту мәдениеті сөз еркіндігі секілді, сондықтан нақты бір ережесі, регламенті жоқ. Әр адам өзіне ыңғайлы әдісті таңдауына болады: бірі пост жазып, хэштег белгілейді, біреулер актер түскен фильмдерді, бейнебаяндарды көруден бас тартады және тағы басқа. Бас тарту мәдениетінің басты мақсаты – жәбірлеушіге сигнал жіберу.
Қоғам “Сен заңсыз әрекет жасадың және судан құрғақ шығып кеттің. Мемлекет, заң сені жазалаған жоқ, бірақ сені микроскоптың астынан қарап отырған аудиторияң, қоғам бар. Сенің әрекетіңе енді көз жұма қарамаймыз, шаршадық. Енді сені жазалаймыз” дейді. Ал көпшіліктің жазалуы – бұл ең қауіпті әрі қиын нәрсе. Қоғам “Біз сені жұмыссыз қалдырамыз”, “Эмоциялық тұрақсыз күйге түсіреміз, себебі – бұл сенің жазаң” деген көзқараста болуы мүмкін. Дегенмен адамдар кэнселлинг жанға-жан, қанға-қан принципімен жұмыс істемейтінін, елде заң бар екенін, құқықтық мемлекет екенімізді, барлығымыз сот бола алмайтынымызды да түсінуі керек”, – дейді маман.
Дегенмен құқыққорғаушы кэнселлинг буллингпен қатар жүретінін айтады.
“Мәселен, бұл жағдайда буллинг құрбаны – Шәріптің өзі. Шәріптің жеке басына тіл тигізсе, актердың өзі, оның продюсері немесе бар болса агенттігі сотқа арыздана алады. Бірақ кэнселлинг жасау, “Шәріп әйелін ұрғаны үшін түрмеде отыруы керек” деп парақшасына пікір жазу заңсыз әрекет емес. Сол себепті құқық қорғау органдары бас тарту мәдениетіне араласпағаны жөн деп ойлаймын. Әрине, кэнселлинг пікір жазу, белгілі бір өнімнен, тауардан, қызметтен бас тартудан асып, физикалық әрекетке, күшке көшіп кетсе, заңбұзушылық, буллинг саналады”, – дейді маман.