Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бас санитардың қаулысын орындау мүмкін емес": Депутат IV тоқсанды қашықтан оқытуды сынға алды

ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқушыларына карантиндік жағдайда білім беру жоспарын сынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда төмен және орташа тәуекел аймақтарындағы бала саны 300-ден 3000-ға дейінгі оқушыны қамтитын қала және ауыл мектептері аралас форматта оқытуды жоспарлауда. Аталған мәселе халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарына ғана емес, елордаға жақын орналасқан орта мектептерге де қатысы бар. Осы ретте, бас санитар дәрігердің сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай, аралас форматта оқыту және 1 сынып-1 кабинет қағидатын сақтау қаулысын орындау мүлдем мүмкін емес екенін айтқымыз келеді. Көпшілік орта білім мекемелерінде оқушы саны 35-тен асатын сыныптар бар", - деді Мәжіліс отырысында сауал жолдаған Сүлейменова. 

Одан бөлек, халық қалаулысы аталған шешімнің мұғалімдерге артық міндет жүктейтінін алға тартты. 

"Мектептерге бұл орайда қосымша қаражат бөліне ме? Егер бөлінбесе, мұғалімнің еңбегі, маңдай тер ақысы қайдан төленбек? Егер сыныпта оқушы санын 25-тен көбейтуге шешім қабылданса, онда мектеп директорлары өз қалтасынан айыппұл төлеуге мәжбүр. Пандемия кезінде мектеп директорларына айыппұл төлету қаншалықты қисынды?",- дейді депутат. 

Сондай-ақ, мәжілісмен аталған мәселені шешу жолында өз ұсынысын білдірді. 

"Жергілікті атқарушы билік органдары бас санитар дәрігерлермен бірлесіп, оффлайн негізде сыныпқа келетін 25 оқушының нақты критерийлерін анықтап, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі форматта білім беруге көшуге икемді шешім қабылдау керек", - деді ол. 

Талқылау