Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлына қатысты рейдерлік басып алу ісін қайта тексеріп жатыр
Фото: Ашық дереккөздерден
Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлына қатысты рейдерлік басып алу ісін қайта тексеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаевтың өтініші бойынша Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты қозғалған рейдерлік басып алу ісін тоқтату туралы шешім жойылған. Іс материалдары қосымша тексеруге жіберілді.
“Сотқа дейінгі тергеу материалдарын зерделеу және Қуат Ерментаев ұсынған дәлелдерді ескере отырып, 2025 жылғы 9 қазанда бұрын қабылданған шешімнің күші жойылды. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті көрсетілген фактілерді жан-жақты және объективті тексеруге бағытталған қосымша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр”, – деді бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға жауап бере отырып.
Оның айтуынша, рейдерлік фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеудің барысы прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Депутат Ринат Зайытов Болат Назарбаевтың ұлының мүлкін тексеруді талап етті
Бас прокуратураның мәліметінше, бұған дейін Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті Қуат Ерментаевқа тиесілі “Porus” ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 16 пайыздық үлесті заңсыз қайта тіркеу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 249-бабы, 1-бөлігі “Рейдерлік” бойынша іс қозғаған. Алайда тергеу нәтижесінде 2024 жылғы 22 ақпанда қылмыстық іс құрамның болмауына байланысты тоқтатылған еді.
Еске салсақ, 2025 жылғы 1 қазанда мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи бас прокурорға Нұрбол Назарбаевқа қатысты рейдерлік басып алу ісін қайта жандандыруды сұрап сауал жолдаған еді.
Депутаттың айтуынша, оған зардап шеккен азаматтардан көптеген шағымдар түскен. Бұған дейін ол Бас прокуратураға кәсіпкерлік нысандары мен жер телімдерін басып алуға қатысты сауал жолдаған екен. Сол кезде Ермұрат Бапи Қарағанды қаласының тұрғыны хабарласқанын мәлімдеген. Ол депутатқа корпоративтік рейдтен кейін бизнесінен айырылғанын айтыпты.
"Өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, "PORUS" ЖШС-дегі үлесін рейдерлік басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған екен. Бірақ белгілі себептерге байланысты, мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым" дейді. Бірақ арада екі жыл өткенде Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамының болмауына байланысты" деген желеумен тоқтатықан. Себебі айтпасада да түсінікті, прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған. Қазір арызданушы корпоративтік рейд Нұрбол Назарбаевтың бұйрығымен жасалғанын тікелей айтып отыр", – деді депутат.

"Қысқа мерзімді жеңілдіктер ұзақ мерзімді дағдарысқа ұласуы мүмкін": Сарапшылар Қазақстанда шұғыл енгізілетін шараларға қатысты пікір білдірді
