Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас мүфти ауызашарды "ифтар" деп емес, қазақша атауға шақырды

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашарды "ифтар", сәресіні "сухур" деп атаудан аулақ болуға шақырды. Оның айтуынша, жамағат діни терминдерді бұрмаламай, қазақша айтуы керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: islam-portal.ru

"Жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкініштісі, кейбір жас буын ауызашарды ифтар, сәресін сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылман жолын ұстанған ата-бабамыз "ауызашар", "сәресі" деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, жақсы сөзді қолдансақ", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти мұсылман қауымы үшін кешірім айы саналатын Рамазанда сауап жинауға тырысыңдар, әрбір өнегелі істе сауап бар дейді. 

"Мәселен,саудагерлер азық-түлік бағасын төмендетсе, арақ-шарап сатылмаса, жағдайы төмен әр отбасына қолдау көрсетілсе жақсы болар еді", – деді бас мүфти.

Айта кетейік, биыл Ораза 1 наурызда басталып, 29 күнге созылады. Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түн – Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында ішімдік ішетіндерге ораза ұстауға бола ма деген сауалға жауап берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құраннан үзінді келтіреді. Басқарма мәліметінше, намаз сауабының жоғалуы тәубе етпеуі және арақ ішуді доғармауына байланысты.

Талқылау