"Бапкерге жалақы берілмеген": ШҚО-да "АртСпорт" бағдарламасын жүзеге асыруда тағы да шикіліктер шықты
Шығыс Қазақстан облысында "АртСпорт" бағдарламасын жүзеге асыруда заңбұзушылықтарға жол берілген. Қатысқан балалар саны артығымен жазылып, бапкерлерге төленген жалақы табельде көрсетілген сомадан екі есе аз болғаны анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жеткіншектер шынығатын және өнерге баулитын нысандар да талапқа сай емес. Залдардың дұрыс жабдықталмағаны өз алдына, жаттығатын орындар жертөлелер, дүкен мен пәтерлердің ішінде орналасқан. Өңірде бағдарлама шеңберінде 12 мыңнан астам баланы қамтыған 57 секция мен үйірме жұмыс істеген.
"АртСпорт" бағдарламасына мамыр айынан бері облыс бюджетінен 1 жарым миллиард теңге бөлінген. Аrtsport.edu.kz платформасының жұмысы жетік болмаған соң, қызмет ұсынатын компаниялар бұл бағдарламаны майшелпекке айналдырған. Яғни алаяқтық жолмен атқарылмаған жұмыстарға бюджет қаржысын емін-еркін жымқырып отырған.
“Сабаққа қатыспаған балаларға ақы төлеу, жаттықтырушыларға екі рет ақы төлеу, сабақтарды өткізбеу сияқты бұзушылықтар анықталды. Қазірдің өзінде 8 миллион теңгеге жуық шығын көлемін анықтадық. Бұл бойынша процессуалдық шешім қабылдануда”, – дейді ШҚО прокуратурасының қоғамдық мүддені қорғау басқармасының прокуроры Дамир Бектұрғанов.