Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балқаштағы ауруханада екі жасар бала көз жұмды

Балқаштағы ауруханалардың бірінде екі жасар бала көз жұмды. Анасының айтуынша, баласын медициналық мекемеге әкелгенде ауруханаға жатқызбаған. Кейінірек баланың талмасы қайталанған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Литер" басылымына сілтеп.

сәби

Анасының айтуынша, 23 қазанда ұлының қабақтары іскен соң ауруханаға келген. 

"Дәрігерлері толық тексеріп, анализ алды. Күрделі асқыну болмаған соң үйге қайттық. Медбике менен ауруханаға жатқызудан бас тарту туралы қолхат сұрады", - дейді Маргарита Ивлев.

Алайда сол күні бала үйге келген соң жағдайы күрт нашарлап, қатты жылағаннан ерні көгеріп кеткен. Жедел жәрдем баланы балалар ауруханасына жеткізіп, анализден кейін оны қалалық аурухананың диагностикалық орталығына апарыпты.

"Ұлым айқайлап жылап, аяқтарын ішіне қарай бүгіп алған. Ал  дәрігерлер ешқандай ем жасамады. Мен табан тіреп тұрып алған соң ғана баламды реанимация бөліміне алып кетті", - деді баланың анасы.

Келесі күні, 24 қазанда, бала жан сақтау бөлімінде жатып қайтыс болды. Дәрігерлер анасына баланың жағдайы тұрақты екенін айтып көндірген. Баласын УЗИ-ге түсіруді сұрағанда тек 26 қазан, дүйсенбіде жасауға болатынын айтады. 

"Бірақ дүйсенбіге дейін ұлым шыдамады. Үш дәрігер шығып, оның қайтыс болғаны туралы хабарлады. Олар қанттың жоғарылауынан мидың ісінуі болғанын айтты", - деп түсіндірді ол.

Анасы балада ешқандай созылмалы аурулары болған жоқ дейді. Балқаштың орталық ауруханасында баланың қайтыс болу фактісі бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

"Баланың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Өлім фактісі бойынша қызметтік тергеу басталды. Сот-медициналық сараптаманың нәтижелері мен қорытындысы баланың анасына хабарланады. Қызметтік тергеу объективті түрде жүргізілетінін түсіндіреміз. Балаға медициналық көмек көрсету кезінде бұзушылық фактілері анықталған жағдайда аурухананың медицина қызметкерлері заң актілеріне сәйкес жазаға тартылады", — деп хабарлады орталық аурухананың әкімшілігі.

Тексеру облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау департаментінің мамандарын тарта отырып жүргізілетін болады.

Талқылау