Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баланың жыныстық дамуына қалай мән беру керек?

Кішкентай ұлын «әшу берші» немесе «насыбай берші» деп еркелетпейтін қазақ отбасы кемде-кем. Тіпті қатты жақсы көріп кеткенде баласының «әшуінен» сүйіп алатындар да бар.

1942802

Алайда мұның соңы кей жағдайда баланың психологиясына кері әсер етіп айықпас ауыр дертке ұшыратуы мүмкін екен. Ендеше балаға жыныстық дамуы кезінде ата-ана не айтуы керек? Бала өзінің жыныстық мүшесін қалай күтуі керек? «Денсаулық және даму» орталығының педагог-психологы Лола Сайдирасуловамен (суретте) әңгімеміз осы сұрақтар төңірегінде өрбіген еді, деп жазады Замана.

Гигиена сақтау керек

«Бізге көптеген ата-аналар балаларының жыныс мүшесін ұстап отыратынын айтып шағымданады, – дейді Лола Сайдимахмутқызы. – Кейбірі ондайда ұры­сатын көрінеді. Бірақ ұрыспен баланың бұл әдетін қойдыра алмайсыз. Дұрысы, баланың назарын басқа жаққа аудару керек. Бала жыныс мүшесін себепсіз ұстамайды, кір, тұз жиналып, ашытуы не­месе қышытуы мүмкін. Сондықтан оны уролог-дәрігерге көрсетіп қою артықтық етпейді. Жыныс мүшесін көп ұстаудың екінші бір себебі тар іш киімнен болуы да мүмкін. Сондықтан балаға кеңірек іш киім, шалбарлар кигізген дұрыс.

Мұндай әдет тек ұлдарда ғана емес, қыздарда да болуы мүмкін. Мектепте жұмыс істейтін кезімде маған бір сынып жетекшісі сыныбында бір қыздың үнемі үстелінде қозғалып отыратынын айтты. Мұғалімнің кішкентай қызды «онанизммен» айналысып отырған жоқ па деген күдігі де жоқ емес екен. Қыздың бұл әдетін қойдыру үшін жанына сабағы да, тәртібі де жақсы, жанындағы серігінің артық қимылын көтере алмайтын ашушаң ұл баланы отырғыздық. Қыз үстелін қимылдата бастаған кезде ана бала қыздың қолынан сарт еткізеді, қыз біраз уақытқа тоқтатады да, қайта бастайды. Ақыры болмағасын анасын шақыртып, қызды дәрігерлік тексеруден өткізіп келуін өтіндік. Нәтижесінде қыздан ішек құрттары табылған болатын.

Құрт гигиенаны дұрыс сақтамаудан пайда болады. Мысалы, кейбір отба­сыларда жуынатын заттарды ортақ пайдаланады, киімдерін де бірге жуады. Ал дұрысында әркімнің өз сабыны, щеткасы, мочалкасы болуы керек. Тіпті киім жуатын тазиктерді пайдаланғанда оны тазартқыш заттармен жақсылап өңдеп алғаны дұрыс.

Ұлды да, қызды да екі-үш жасынан бастап-ақ шомылдырғанда жыныс мүше­сін өздеріне жуғызып үйрету керек. Се­бебі ананың қолы баланың эрогенді зонасына тиіп кетіп, ол одан рахаттанып қалса, кейін ол жаман әдетке бой алдыра бастауы мүмкін.

Ұрсудың қажеті жоқ

Менің жұмыс тәжірибемде мынадай да жағдай кездескен. Үйленетін жастан асып бара жатқан жігіт ләззатты қыздан емес, жігіттерден көбірек алатынын айтып, шағымданып келді. Жігіттермен «байланыс» жасап тұратынын да жасырған жоқ. Әңгімелесіп отырып оның себебі сонау балалық шақтан басталғанын түсіндім. Кішкентай кезінде үйінде ешкім жоқта бір туыс ағасы келіп, мұның жыныс мүшесінен сүйгенін айтты. Әрине, ол жігіттің үйленіп, бала-шағалы болып кететініне дауым жоқ. Бірақ оның қалып­қа келуіне көп уақыт керек болады. Осындайды болдырмас үшін балаға кішкентай кезінен жыныс мү­шесін ешкімге ұстатпауы, ешкімге көрсет­пеуі керектігін жақсылап құлағына құйып қою керек. Ұрыспай, жай сөзбен, балаға түсінікті етіп жеткізген дұрыс.

Тағы бірде маған балабақша тәр­биешісі қоңырау шалды. «Кішкентай қыз бен ұл бала іш киімдерін шешіп, қыз ұлдың жыныс мүшесінен ұстап тұр, мұндайда не істеуім керек? Ата-аналарын шақыртып, қандай да бір шара қолдану керек пе?» – дейді ол. Кішкентай балалар жыныстық қатынас дегеннің не екенін білмейді, бұл үшін оларды ұрсып, аямай ұрып-таяқтаудың реті жоқ. Бала екі-үш жасынан бастап ненің не екенін білуге ұмтылады, өзін, өзгелерді «зерттей» бастайды. Содан соң көргенін қайталайды. Қазір телеарналарда бәрі ашық көрсетіліп жатқандықтан баладан мұндай нәрсені құпия ұстай алмайсың. Біздің ен­ші­мізге тек қана жай сөзбен түсіндіру қалады. Әрине, екі-үш жастағы балаға жыныстық қарым-қатынас жайлы түсіндір демеймін, оларға тек жыныс мүшесін жо­ғарыда айтқанымдай ешкімге көр­сетпеуі, ұстатпауы керектігін айтамыз. Ал мектеп жасындағы, өтпелі шақтағы балаларға жыныстық қарым-қатынас жайлы түсін­дірудің артықтығы жоқ. Мұндай қатынас­ты ерте бастаудың ең алдымен денсаулыққа, сосын өмірге тигізетін зия­ны жайлы айтып берсеңіз жеткілікті. Ал оны құпия ұстап немесе ұлға қызбен, қызға ұлмен дос болма, бірге жүрме, сөйлеспе­ деп қатаң түрде тыйым сала алмайсыз. Керісінше, құпия, тыйым салынған нәрсеге баланың қызығушылығы артып кетеді. Ал соңы немен бітетінін, зияны мен салдарын түсін­дірсеңіз, бала өзін мұндай жаман әдеттерден шектейтін болады.

Білместіктің зияны көп

Менің тәжірибемде бір жігіт кездесті. Жыныстық қарым-қатынасты он төрт жа­сынан бастаған ол өзінің жұқпалы ауру жұқтырып алғанын білмеген. Есейе келе білген күннің өзінде оны жанындағылар­ға айтуға, емделуге ұялады да, нәтижесінде 25 жасында импотент болып қалады. Балалық шағындағы білместікпен жасаған бір ғана қателігі оның бүкіл өміріне балта шапты деуге болады.

Тағы бірде 11-сыныптың оқушысы кабинетіме келгіштей берді. Келеді, ештеңе айтпай шығып кетеді. Бірнәрсені айта алмай жүргенін түсіндім, бірақ өзі айтқанша сұрамадым. Ақырында бірнәр­се сұрауға бола ма деп, бір жылдан бері ұйықтап тұрғанда ішкиімінің суланып қа­латынын байқап, оны ешкімге айта алмай жүргенін айтып қызарақтады. Ұл ба­ланың жыныстық жетілуі кезінде мұндай нәрсенің болуы қалыпты екенін айтып шығарып салдым. Ол кеткен соң оның бір жылдан бері өзін аурумын ба деп уайымдап, онысын ешкімге айта алмай қиналғаны мені ойландырды.

Сонымен, ата-аналарға балаңызға жы­ныстық даму кезінде болатын өзге­рістер, жыныстық қарым-қатынас, оны ерте бастаған кездегі зияны мен салдары туралы айтып отырғандары дұрыс деген кеңес айтып жүретін болдым. Жы­ныстық гигиена туралы да кейбір жас аналар біле бермейді. Кейбір шектен тыс таза аналар қыздарын қыздарға арналған интимді гельмен жуындырады. Мұн­дай гельдер қыздың микрофлорасын бұзады, оны кейін қалыпқа келтіру қиын. Сондықтан жай ғана кір сабынмен жуудың өзі жеткілікті».

…Тәжірибелі психолог осылай дейді. Сондай-ақ Лола Сайдирасулова ата-аналарға баланың қолы бос, уақыты көп бол­са, жаман әдетке үйір бола беретінін айтады. Оның алдын-алу үшін баланы сабақтан тыс уақыттарда түрлі үйірме­лерге қатыстырып, оның назарын өзіне пайдасы­ тиетін жаққа қарай бұрған дұрыс болмақ.­

Психолог маманның бұл кеңестерін жадыңызға тоқудың зияны жоқ деп ойлаймыз.

Тағы да оқыңыз:

Жүрек талмасы болардан бір ай бұрын байқалатын 8 белгі

Бас ауруының сіз білмейтін 7 себебі

Қатерлі ісіктің дамуының басты 7 себебі

Адамға өзгенің қанын құйса, сол адамның мінезі, жүрісіне дейін берілетіні рас па?

Талқылау