Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Балаларына физикалық жаза қолданады": Америкалық жұп әлемді ақырзаманнан құтқармақ

Симона Коллинз дүниежүзілік экономиканы балалы болу ғана құтқарады деген ұстанымдағы күйеуін кездестірмейінше мансап қуған. Қазір ерлі-зайыптылар 10 балалы болуды армандайды. Көп балалы болу идеясын көпшілікке насихаттап, осы мақсатта қайырымдылық қорын да құрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Holod media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: @simonehcollins / Instagram 

Малкольм мен Симона Коллинз 40 жасқа да толмаған. Олардың төрт баласы бар. Болашақта 10 балалы болуыд жоспарлап отыр. Коллинздер отбасы бүкіл адамзат белсенді ұрпақ өсіру керек деп санайды. Ал бала туу әлемді ақырзаманнан құтқарады дейді. 

Коллинздердің көпбалалы отбасы болғысы келетініне діннің еш қатысы жоқ екен. Себебі олар атеист. Керісінше, олар прагматикалық есептің жетегінде кеткен. 

Олардың ойынша, туу көрсеткіші төмендеп, еңбек нарығы мигранттарға толы елдерде ақырзаман экономикалық дағдарыстан басталады.

Балаларына физикалық жаза қолданады

Бір қарағанда, Коллинздер әдеттегі консервативті отбасы сияқты көрінуі мүмкін. Олар Илон Маск пен Дональд Трампты қолдайды. Алайда олардың көзқарастары күрделірек. Олар ЛГБТ теңдігін жақтайды және отбасыдағы дәстүрлі гендерлік рөлдерді ұстанбайды.

Симона жұмыс істеп, сәбилеріне қарайды, ақшаны да табады. Ал 18 айдан асқан балаларға күтімді күйеуі жасайды.

Екеуі бала тәрбиесіне керек ережелерді жабайы жануарларға қарап жасаған. Себебі Коллинздер отбасы балаларына физикалық жаза қолданады. Айтуларынша, жолбарыстар өз балаларына солай жасайды. 

Бір сұхбатында Малкольм екі жасар ұлын мейрамхана үстелін теуіп, сөзін бөлгені үшін ұрғанын айтқан. 

Коллинздер балаларды тәрбиелеу қымбатқа түспеуі керек деп есептейді. Өйткені адамзат қаржылық қиындықтарға алаңдамай көбейген жағдайда ғана аман қалады. Ерлі-зайыптылар өздеріне және балаларына жалпы құны жарты миллион долларға (499 миллион 520 мың теңге) екі саяжай үйін сатып алған. Бірақ жылыту жүйесін "мағынасыз артықшылық" деп атап, қыста да қоспайды. Олар балаларын мектепке беруді жоспарлап отырған жоқ. себебі олар үйде оқытылады. Коллинздер жинаған ақшаларының барлығын өздерінің пронатализмді қолдайтын қайырымдылық қорларына береді.

Босану кезінде мерт болсам қуанар едім

Симонаның күйеуінен айырмашылығы, бұрын-соңды адамзатты құтқару туралы ойламаған. Күйеуімен кездеспес бұрын балалы болғысы келмеген. Балалы болу мансабына кедергі жасамас үшін зарарсыздандыруды жоспарлаған. Ол Мальколммен екінші кездесуінде өз жоспарлары туралы айтқан. Отбасы құрса да өз амбицияларынан бас тартпайтынын жеткізген. Ал үйлену тойынан соң Мальколм оның Кембридждегі оқуының ақысын өтеп берген. 

Қазір Симона бесінші баласын күтіп отыр. Денсаулығына байланысты ол жасанды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы ғана жүкті бола алады. Сонымен қатар бірінші баласының дүниеге келуімен байланысты асқынулардан кейін ол тек кесарь тілігі арқылы босанады.

Симона денесі қалыпқа келуі үшін18 ай аралықпен босанады. Әрбір кесарь тілігімен босану ауру қаупін арттырады. Осыған қарамастан ол барлығы 10 рет босануды жоспарлап отыр.

Ол бір сұхбатында: "Босану кезінде мерт болсам қуанамын", – деп айтқан.

Коллинздер отбасы Симонаның денсаулығына байланысты мәселе туындаса, суррогат анаға жүгінбек. 

Қазір ерлі-зайыптылардың 32 мұздатылған эмбрионы бар. Олар пайдаланғысы келмейтін эмбриондарды басқа отбасыларға береді. Мәселен Калифорниядағы бір лесбиянка жұпқа үш эмбрион беріліпті.

"Менде әлі жоқ балалар, бұрыннан бар балалар сияқты қымбат", – дейді Мальколм.

Қарттар аштықтан өледі

Малкольм демографиялық дағдарыс әйелдердің құқығы мен білім алу мүмкіндігі бар елдерге әсер етеді дейді. Ол қоғам аналарды сарбаздармен бірдей бағалауы керек, деп санайды. Өйткені "әйелдер ел үшін өз өмірін қатерге тігеді" дейді. 

Адамзаттың демографиялық проблемалары "зейнетақылық бомба" қаупін тудырады. Дамыған елдерде туу көрсеткіші халықты ұстап тұру үшін қажетті деңгейден төмен. Тұрақты демографиялық тепе-теңдік үшін орта есеппен бір әйелге кемінде 2,1 бала болуы керек. Дегенмен, Ресей, АҚШ және Қытайды қоса алғанда, әлем елдерінің шамамен 55% -ында туу көрсеткіші төмен. Ал Африканың бірқатар елдерінде айтарлықтай жоғары. Мысалы, Анголада бір әйелге орта есеппен 5,2 бала, ал Нигерде – 6,7 баладан келеді.

Фото:Jorge Fernández / Getty Images

“ХХІ ғасырдың соңына қарай 204 елдің 198-інде бала туу көрсеткіші төмен болады деп болжанып отыр. Жақында бұл  "зейнетақылық бомбаны" тудыруы мүмкін. Мәселен, жұмыс істейтін халықтан түсетін салық түсімдері зейнеткерлердің төлемдерін жабуға жеткіліксіз болады. Бұл мәселе қазірдің өзінде әртүрлі елдерде сезіліп жатыр. Мысалы, Францияда зейнет жасы ішінара еңбекке қабілетті азаматтардың санын жасанды түрде арттыру үшін көтерілді. "Қарттар аштықтан өлетін елдер болады", – дейді Малкольм.

Малкольмның сөзінше, дамыған елдерде туу деңгейі өспесе Оңтүстік Кореяның тағдырын қайталайды.

Қазіргі уақытта Оңтүстік Корея дүние жүзінде туу көрсеткіші бойынша ең төмен елдердің бірі. Бір әйелге небәрі 0,92 баладан келеді (ел астанасы Сеулде бұл көрсеткіш 0,55). Бұлай жалғаса берсе, 50 жылдың ішінде еңбекке жарамды корейлердің саны екі есеге азайып, халықтың жартысына жуығы 65 жастан асқан адам болады. Коллинз Оңтүстік Кореядағы жағдайды "экономикалық күйреу" деп атайды. 

“Бала күтімі бойынша жәрдемақы дамыған елдерге жағдайды түзетуге көмектеспейді. Мұндай саясат Оңтүстік Кореяда да жұмыс істемеді. Үкімет соңғы 20 жылда бала туу деңгейін арттыру шараларына 286 миллиард доллар жұмсады. Балалы отбасыларға такси мен баспанаға жеңілдіктер ұсынылды. Ал ерлі-зайыптыларға тегін ЭКО жасалды. Өткен жылы мемлекет барлық жас ата-аналарға сегіз жыл бойы отбасын асырау үшін 22 мың доллардан астам (11 миллион 130мың 240теңге ) төлеуге міндеттенді”, – дейді Малкольм. 

Малкольмның айтуынша, жасанды түсік жасатуға тыйым салу туу мәселесін шешпейді.

Коллинз отбасы абортты "ерте эвтаназия" деп атайды. Оны 12 аптаға дейін қолайлы деп санайды (бірақ олар тұратын Пенсильванияда 23 аптаға дейін тоқтату заңды).

Коллинздердің пікірінше, кешіктірілген абортқа екі жағдайда ғана рұқсат етіледі: егер бала құрсақта аман қалмаса немесе оның өмірі "ауыр азаппен" жүретін болса. Малкольм абортқа толық тыйым салу оның сәйкессіздігін дәлелдеп қойғанын айтты. Мысалы, 1970 жылдары Румынияда бұл бастапқыда бала туудың өсуіне әкелді, бірақ көп ұзамай күрт төмендеді.

Эмбриондар таңдап алады

Малкольм мен Симонаның барлық балалары туғанға дейін денсаулықтарын тексерді. Ол үшін Collinses эмбриондарға полигендік скрининг технологиясын қолданады. Бұл оларға болашақта пайда болуы мүмкін ауруларды тексеруге мүмкіндік береді.

Ерлі-зайыптылар қатерлі ісік, шизофрения, Альцгеймер ауруы, депрессия мен алаңдаушылықты дамыту қаупі бар эмбриондарды пайдаланудан бас тартты. Бірақ олар эмбриондарды аутизмге тексермейді. Өйткені олар екеуінде де аутизм спектрінің бұзылуы бар дейді.

Фото: @simonehcollins / Instagram

АҚШ-та ата-аналарға болашақ балалардың генетикалық іріктеу қызметін ұсынатын жеке компаниялар бар. Дегенмен, барлық ғалымдар бұл әдістерді тиімді деп санамайды. Сонымен қатар полигендік скрининг этикалық қайшылықтарды тудырады. Өйткені эмбриондарды іріктеуді эвгениканың бір түрі ретінде қарастыруға болады. Мысалы, нацистік Германияда қолданылған нәсілді "жақсарту" үшін адамдарды іріктеп өсіру тәжірибесі. 

Малкольм мен Симона эмбрион сынамасын "полигендік" деп атайды. Олардың пікірінше, ата-аналар "ең жақсы" баланы таңдамайды, бірақ екеуіне де ең қолайлысын таңдайды. Малкольмның айтуынша, евгеника барлық адамдарда болуы керек гендердің белгілі бір жиынтығына басымдық береді. Ал "полигеника" нақты ата-ананың баласынан не көргісі келетініне назар аударады.

"Әртүрлі мәдени топтар оңтайландыру үшін әртүрлі нәрселерді таңдайды. Сайып келгенде, бұл адамның шынайы әртүрлілігіне әкеледі", – деді Малкольм.

Коллинздер жасанды ұрықтандыру, криоконсервация (эмбриондар мен жұмыртқаларды мұздату) және скринингке 200 000 доллардан астам (101 миллион 184 мың теңге) жұмсады. Бір эмбрионды сынау шамамен 2500 доллар тұрады (1 миллион 264 мың 800 теңге). Ал АҚШ-та жасанды ұрықтандыру бағасы 20 мың долларға (10 миллион 118 мың 400 теңгеге) дейін жетуі мүмкін.

Коллинздердің қазір Pronatalist Foundation деп аталатын қайырымдылық қоры бар. Олар мұндағы жинақтарын инвестициялайды. Ұйымның міндеті – болашақ ата-аналарға жүктілікті жоспарлауға және балаларды тәрбиелеуге көмектесу. Коллинз қорының демеушісі, Skype-тың негізін қалаушы, эстондық миллиардер, көп балалы Яан Таллин. 2022 жылы ол Pronatalist қорына шамамен жарты миллион доллар берді.

Коллинз отбасы өз идеяларын Ақ үйге жеткізгісі келеді. Олар АҚШ әкімшілігіндегі "байланыстарын" пайдаланып, министрліктердің бірінде "натализмді жақтайтын арнайы топ" құруға ниетті. 

Олар табысқа жетуі мүмкін, өйткені қазіргі АҚШ үкіметі демография тақырыбын қолдайды. 

Вице-президент Джей Ди Вэнс абортқа қарсы шерулерде "АҚШ-та көбірек бала болғанын қалаймын" деген ұранмен сөйледі. Ал Дональд Трамп елде "бала бум" құру ниетін мәлімдеді.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 21 Ақпан, 2025 17:18
Талқылау