"Балаларын қайда берерін білмейді": Алматыда тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен салынуы керек мектепті жекеге өтті деп шағымданды
Фото: желіден скрин
Әлеуметтік желіде Алматыдағы салынып жатқан мектептердің біріне қатысты видео тарады. Бастапқыда қаланың бұрынғы әкімі бұл оқу орнының “Жайлы мектеп” бағдарламасы аясында мемлекеттік мекеме ретінде салынатынын мәлімдеген. Алайда кейін ол нысан жекеменшікке өткен. Балаларын осы мектепке береміз деп үміттенген ата-аналар енді оларды қайда орналастырарын білмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мектептің құрылысы әзірге бітпеген. Тұрғындардың көбі жаңа оқу жылына дейін оның ашылатынына күмәнмен қарайды. Дегенмен олар үшін бұдан да өзекті мәселе болып отырған мектептің құрылысы емес, жеке меншікке өтуі. Жұртшылық мемлекет қаржысына салынып жатқан мектептің жеке қолға неге өткенін түсіндіруді талап етіп отыр.
“Жоба бойынша бұл мектеп мемлекеттік болуы керек еді. Осы тұста әкімдікке сұрақ туындайды. Неге мектеп құрылысы “Жайлы мектеп” бағдарламасымен жүзеге асырылмады?”, “Соңғы сәтте құрылыс компаниясы өз шешімін өзгертіп, мектепті "Бәйтерек" компаниясына сатып жіберген. Қаланың әкімі болған кезде Ерболат Досаев бұл мектептің "Жайлы мектеп” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқанын ресми түрде мәлімдеген. Бұл туралы оның мәлімдемесінің скриншоты мен сілтемесі де бар. Енді осы тұрғын үй кешенінің тұрғындары балаларын қайда беретінін білмейді. Жақын маңдағы мектептер лық толы. Ал жаңа мектептің бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді”, – деп жазды жұртшылық.
Фото: желіден скрин
Stan.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Алматы әкімдігінен пікір сұрап көрді.
“Салынып жатқан нысанның мемлекеттік мектептерге қатысы жоқ болғандықтан, Алматы қалалық Білім басқармасының оған қатысы жоқ. Тұрғындар жақын орналасқан мемлекеттік Әбіш Кекілбаев көшесінде №63 мектеп және Егизбаев 9 мекенжайындағы №224 мемлекеттік метептерге баруына болады. Мектеп 2500 орынға арналған. Келешек мектебі (Жайлы мектеп) құрлысы аяқталуда. Тағы басқа №73 Басенов көшесінде ораласқан мектептер бар.
Жекеменшік құрылыс аумағында орналасқан нысандарға әкімшілік жауапты емес және әкімшілік жекеменшікке беруі мүмкін емес. Өйткені Алматы қаласында мектеп тапшылығы жоғары. Айта кетейік, "Келешек мектептерi" жобасы аясында тағы жеті мектеп 1 қыркүйектен бастап ашылмақ”, – деді ведомсвто.

Джей Ло концертінде жұмыс істеген кәмелетке толмаған волонтерлер ұйымдастырушыларға шағымданды
