Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр адам қай тілде сөйлесе де, өзі біледі": Қазақша қызмет көрсетуден бас тартқан Алакөлдегі демалыс орны жұмысын тоқтатты

Алакөлдегі демалыс орны қазақша қызмет көрметуден бас тартқан

Қазақстандықтар қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартқан және әлеуметтік желіде сепаратистік, ұлтаралық араздық тудыратын мазмұндағы хаттар жазған Алакөлдегі демалыс орны басшысы үстінен eOtinish порталы арқылы шағым түсірді. Қазір демалыс орны қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана тұрғыны Аружан Махмут біраз уақыттан бері Threads әлеуметтік желісінде қазақ тілі мәселесін көтеріп, кәсіпкерлерді заң аясында жұмыс істеуге шақырып келеді. Оның айтуынша, дау Алакөлдегі OSTROV-OK демалыс орнының қызметкерлері желідегі парақшасы арқылы азаматтарға қазақ тілінде қызмет көрсетпегенінен басталған. 

“Бірде Дархан Анарбекұлы есімді қолданушыға OSTROV-OK деген Алакөлдегі демалыс орнының қазақша қызмет көрсетпегені туралы ақпаратты оқыдым. Мұның қаншалық рас-өтірік екенін білу үшін демалыс орнының мессенжеріне жазып, қызмет түрлерін сұрадым. Дегенмен орысша жауап алдым. Оларға орысша білмейтінімді, қазақша түсіндіруін өтіндім. Бірақ олар маған “вроде всё по-человечески написано, орын жоқ" деп жауап берді. Осы мәселені көтеріп, желіге жазып, скринді әдеттегідей парақшама салдым. Сол кезде әлгі Дархан деген жігіт демалыс орнының қызметкері екеуінің арасындағы әңгіменің жалғасын жіберіпті. Онда сепаристік, ұлтараздық алауыздық тудыратын сорақы әңгімелер айтылған. Мен ол кісіге бірден арыз жазу керегін айттым. Сөйтіп сол кісінің атынан арыз жаздық”, – дейді Аружан. 

Алакөлдегі демалыс орны қазақша қызмет көрметуден бас тартқан

Дархан Анарбекұлы мен Аружан Махмуттың скриндары

Аружанның сөзінше, арыз жазған соң, Алакөл аудандық әкімдігі профилактикалық шаралар, оның ішінде әуелі Zoom арқылы жиналыс өткізген. Бірақ OSTROV-OK демалыс орнының парақшасының атынан хабарламаны жазды деп саналған әрі сол мекеменің басшысы Денис Быков байланысқа шықпаған. Жиналысқа оның әкесі Вадим Быков, Алакөл аудандық әкімінің орынбасары, Жетісу облысының тілдер басқармасының өкілі, OSTROV-OK демалыс орнының әкімшісі және шағымданушы Аружан мен Дархан қатысқан. Жиналыста Вадим Быков ұлы кінәлі болса, жазасын алатынын айтқан.

“Денис Быковтың әкесі Вадим Быков Қазақстан азаматы екенін, соңғы рет ұлы Алакөлге 5 жыл бұрын келгенін, бизнесті қашықтан басқаратынын айтты. Вадим Быков өзінің әпкесі мен қызы қазақ ұлтына тұрмысқа шыққанын, Денистің осылай істегені дәлелденсе, оны туыстары кешірмейтінін де жеткізді. Жиналысқа демалыс аймағының әкімшісі де қатысты. Ол кісі әдетте орыс тілінде, қажет болғанда қазақ тілінде қызмет көрсететінін айтты. Ал тұтуынушыларға желі арқылы тек Денис жауап береді деді”, – дейді ол. 

Дәл сол күні біраз уақыттан соң, Денис Быков байланысқа шығып, екінші мәрте жиналыс өткен. Дегенмен ол бұл іске мүлдем қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Денис Быков бұл оқиғаға дейін, яғни төрт күн бұрын парақшаларының бұзылғанын және екі күннен соң өзі жұмыстан шығарылғанын айтқан. 

“Денис мырза ешқандай өкінішін білдірмеді. Өзін өте тәкаппар ұстады. Бастапқыда ол кісі “мен білмеймін, парақша бұзылды, басқа біреулер жазған. Енді маған түрлі қорқыту хаттары келіп жатыр. Далаға да шыға алмай қалдым” деді. Кейін “Сізге қай тілде болса да, қызмет көрсетіпті ғой, жауап беріпті ғой. Енді сізге басқа не керек?” деді. Кейін “Қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емеспін. Әр адам қай тілде сөйлесе де, өзі біледі. Президенттің өзі солай айтты”, “Төрт жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін, бірде-бір рет қазақша қызмет көрсетпегенмін. Мен ғана емес, көбі солай. Осы күнге дейін қайда жүрсіздер? Неге басқаларынан талап етпейсіздер?” деп айтты. Әңгімесі ерсілі-қарсылы. Өз басым, жиналыс кезіндегі Денис мырзаның сөзі мен мессенжерде жауап берген адамның ойы ұқсас екенін байқадым. Дегенмен ол кісі “мен емеспін” деп, мойындамады. Біз “онда біздің мәселеміздің сізге қатысы жоқ, біз сол жазған адамға шағымданып отырмыз” дедік. Денис Быков аккаунтын бұзған адамның үстінен шағымданса, оны іздесе, өзінің кінәсіз екенін дәлелдер еді, ал біз шағымымызды сол адамға бағыттар едік. Алайда ол ешкімнің үстінен шағым жазбайтынын, “провокацияға берілмейтінін” айтты”, – дейді Аружан.

Аружан Махмуттың айтуынша, Денистің де, оның әкесі Вадим Быковтың да сөзінде сәйкессіздіктер, түсініксіз заттар көп екенін айтады. Мәселен, шағымданушылар екінші жиналыста OSTROV-OK демалыс орнының иесі Денис Быков емес екенін, оны бірнеше күн бұрын өзгелерге сатып жібергенін білген. Қазір Денис Быковқа қатысты бұл іс Алматыдағы Түрксіб ауданының полиция бөлімшесіне жөнелтілген.

“Бастапқыда аудан әкімдігі екі жақ ортақ келісімге келіп, тіл табыссаңыздар, істі сотқа дейін жеткізбей, жабуға болатынын айтты. Біз, яғни арыз жазған Дархан Анарбекұлы “өз қатесін түсініп, кешірім сұраса, арызды қайтып алуға дайынмын” деді. Бірақ Денис Быков ешкімді тыңдамады, келіспеді. Аудан әкімдігінің орынбасары құқықтық органға жолдайтынын айтты. Нақты шешімді сот шығарады. Дегенмен біздің қазақ тілінде қызмет ала алмағанымыз, ұлтараздық алауыздық тудыратын негіздегі хабарлама келгені – факт. Аккаунты шынымен бұзылса, оны бұзған адам Қылмыстық кодекстің 174-бабы, тұтунышулардың және тілге қатысты заңы бойынша, сонымен қатар жеке бас құралдарын бұзғаны үшін жазалануы керек. Ал Денис мырзаның кінәсі анықталса, ол кісі де жазалануы керек”, – дейді Аружан Махмут. 

Mollspy деген Threads қолданушысы да осы жағдайды естіген соң, демалыс орнының үстінен eOtinish-ке арызданған. Айтуынша, оның бұл іске тікелей қатысы болмаса да, аталмыш демалыс орны қызметкерлерінің әрекеті – заңға қайшы нәрсе. 

Stan.kz редакциясы OSTROV-OK демалыс орнымен байланысып көрмек болды. Алайда олар барлық парақшасын, WhatsApp-тан нөмірін өшіріп тастаған. Оған қоса байланыс нөмірі өшірулі. 2GIS арқылы демалыс орнының мекенжайын анықтадық, бірақ онда демалыс базасы уақытша немесе біржолата жұмысын тоқтатқаны жазылып тұр. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 15:42
Талқылау
`