Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларымызды сабаққа жіберуден қорқамыз": ШҚО-да қаңғысбас иттер тұрғындардың үрейін ұшыруда

Шығыс Қазақстанда иесіз иттер тұрғындарға маза бермей тұр. Өрістегі малды, қорадағы қойды қойғанда, ауыл адамдарына да тап беретін көрінеді. Осыған дейін Катонқарағай, Тарбағатай және Ұлан аудандарында төрт түлікке қырғидай тиген еді. Енді ол аз болғандай қылқұйрықтылар зайсандықтардың да малына шапқан. Жергілікті тұрғындардың шағымын Stan.kz тілшісі тыңдап қайтты. 

Зайсан ауданында мұндай жағдай осыған дейін де бірнеше рет болған. 2020 жылы қаңғыбас иттер бір отар қойды талап, 16 жастағы бақташы балаға тап берген. Абырой болғанда, қойшы аман қалыпты. Көңілдеріне үрей ұялаған жергілікті тұрғындар бұл жолы тағы дабыл қақты. Мәселені аудан тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Үш ауылдағы жағдайға жеке-жеке тоқталды. 

“Былтыр жазда түсте қаңғыбас иттер Зайсан қаласындағы Заречный мөлтек ауданында көп балалы отбасынан шыққан бастауыш сынып оқушысының қол-аяғын талап кеткен. "Ес кетті, жан шықты" дегенде ересек адамдар араша түсіп үлгеріпті”, – дейді Еркебұлан Зағыпаров.

Өскеменнің іргесінде орналасқан Ахмер ауылында иттер оқушылардың зәресін алған. Ата-аналар болса “балаларымыз мектептен келгенше жүрегімізді шүберекке түйіп отырамыз” дейді. 

“Көп балалы анамын. Көшеде қаңғыбас иттер қаптап жүр. Баламызды сабаққа жіберуден қорқатын болдық. Автобустан түссең артыңнан қалмайды. Тіпті қолыңа ағаш алып қорқытсаң, өзіңе тап береді. Былтыр бір баланы қауып та алған. Жауапты мекеме қайда қарап отыр? Ертең ауру тарауы да әбден мүмкін ғой. Мәселені қала әкімдігіне де бірнеше рет ескерттік, жұмыс істеліп жатыр дейді. Бірақ нәтижесін көрген жоқпыз”, – дейді қала тұрғыны Алмагүл Қасымова.  

Тағы бір шаһар тұрғыны иесіз иттердің көбеюіне жұрттың өзін кінәлауда. 

“Меніңше, қаңғыбас иттердің көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар. Себебі ала жаздай саяжайларда күшік асырап, қыс түсе тастап кетіп қалады. Ашыққан иттер азығын таба алмай, ақыры қаладағы қоқыс алаңдарын паналайды. Бұл дұрыс емес. Ашыққан ит ертең адамға шабады”, – дейді Азамат Талапхан. 

Шығысқазақстандықтар айдың-күннің аманында қаңғыбас иттерден үрейленіп отыр. Олай қорқынышпен күн кешетін жөндері де бар. Себебі өткен жылдың соңында Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылында 7 жасар қызды ит талап өлтірген болатын. Сол кезде қыздың анасы Дарья Орлова ветеринария қызметкерлерінің салғырт жұмысын сынға алған. 

Ал аудандық ветеринария бөлімінің өкілдері тиісті жұмыстардың атқарылып жатқан айтып сендіруге тырысты. 

“Зайсан ауданы бойынша жыл басынан бері 500 ит пен мысық ауланды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 880 болатын. Осы мақсатта биыл 2 млн 800 мың теңге бөлінген. Ит аулау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр”, –  дейді "Зайсан-вет" КМК басшысы Қамбар Кәкімұлы.

Жергілікті биліктің "жұмыс істеліп жатыр" деген сөзінен тұрғындар әбден жауыр болғандықтарын айтады. Болған жайттан сабақ алған жауапты қызметкерлердің алдағы жұмысы біздің назарда болады.

Талқылау