"Балаларға қауіп төндіреді": Астанада тұрғын үй кешендерін салуға шектеу енгізу ұсынылды
Сенатор Сергей Ершов Астананың қала құрылысы мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, елордада тұрғын үй кешендері көп салынып жатыр. Дегенмен көбі тиісті бақылаусыз жүзеге асырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Ершов депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектенов пен Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке жолдады.
"Астана қаласындағы құрылыс саласы мәселелеріне назарларыңызды аударғым келеді. Біріншісі, қаланы тұрғын үй кешендерімен дамыту мәселесі. Бұл көбіне жөнсіз жоспармен және бақылаусыз жүзеге асырылады. Мәселен, "Хан Шатыр" сауда орталығы мен "Абу-Даби Плаза" көпфункциялы кешенінің айналасындағы "Нұрлы жол" бульвары аумағындағы жағдай өте ауыр. Өкінішке қарай, олардың айналасында мектептер, балабақшалар, медицина мекемелері мен спорт нысандары сияқты әлеуметтік инфрақұрылымның қажет элементтері қарастырылмаған. Бұл тұрғындарды қаланың басқа бөлігінде орналасқан мекемелердің қызметіне жүгінуге мәжбүр етеді", – дейді депутат.
Сергей Ершовтың сөзінше, Астанадағы көптеген әлеуметтік нысандар кіруге мүмкіндік жасалмаған аймақтарда орналасқан.
“Бұл адамдарға үлкен қауіп төндіреді. Осы мекемелерге кіретін және шығатын жолдарды автокөліктер мен жаяу жүргіншілер қатар қолданады. Бұл жағдай әсіресе балалардың апатқа ұшырау қаупін арттырады. Көптеген тұрғын үй кешендері өз аумағын қоршаумен немесе тосқауылдармен қоршайды. Төтенше жағдай кезінде медицина және құтқару қызметтері оқиға орнына жете алмауы мүмкін. Мұның соңы қайғылы зардаптарға әкеледі", – деді Ершов.
Депутаттың сөзінше, қаланы дамыту мәселесіне келгенде барлық қажет әлеуметтік нысандарды ескере отырып, жаңа аумақтарды кешенді жоспарлауды қамтамасыз етуді ұсынды.
“Қаланың стиліне сай келетін және сәулет үйлесіміне кепілдік беретін нақты сәулет стандарттарын белгілеген жөн. Сондай-ақ ауданның инфрақұрылымдық қажеттігін зерттемей тұрғын үй кешендерін салуға шектеу енгізу керек”, – деді сенатор.