Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың спортпен айналысуына тыйым салынды": Спорт министрлігі қанша жастан бастап жарыстарға қатысуға болатынын түсіндірді

жас спортшыларға жарысқа қатысуға шектеу қойдыФото: olympic.kz

Туризм және спорт министрлігі балалардың спорттық жарыстарға қатысуының ең төменгі жас шегі туралы пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, физикалық және эмоциялық жүктемелермен байланысты жас шегі белгіленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрліктің бұл жөніндегі ресми мәлімдемесі 2025 жылғы 28 шілдеде Instagram парақшасында жарияланды.

"Туризм және спорт министрлігі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында таралған “балалардың спортпен айналысуына тыйым салу” тақырыбындағы ақпаратқа түсініктеме беруді қажет деп санайды. 2025 жылғы 16 шілдедегі №133 министр бұйрығына қатысты мұндай интерпретация шындыққа сәйкес келмейді", – делінген хабарламада.

Министрліктің дерегінше, қазір Қазақстанда 4 пен 17 жас аралығындағы 5,1 миллионнан астам бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады.

"Алайда жарыстар спорттық дайындықтың бір бөлігі ретінде белгілі бір физикалық және эмоциялық жүктемелермен байланысты. Осыған байланысты жарыстарға қатысу үшін ең төменгі жас шегі белгіленді. Бұл шара бірінші кезекте балалардың денсаулығын қорғауға және ерте жаста жарақат алу қаупін азайтуға бағытталған", – деп хабарлады министрлік.

Минималды жас шектеулері спорттық федерациялардың ұсыныстары негізінде, денсаулық сақтау министрлігімен келісіліп, халықаралық стандарттарға сай енгізілгені атап өтілді.

"Бұл шаралар тек жарыстарға қатысуға ғана қатысты және балаларды спорт мектептеріне, секцияларға немесе спорттық резервті дайындайтын өзге де мекемелерге қабылдауға әсер етпейді. Сондықтан “спортпен айналысуға тыйым салынды” деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Мұнда тек жарыстарға қатысудың жасына қойылатын талаптар туралы сөз болып отыр", – деп түсіндірді министрлік.

Жас шектеулері туралы толық ақпарат ведомствоның Instagram парақшасында жарияланған карусельде берілген.

Жас шегі қойылған спорт түрлерінің тізіміФото: Туризм және спорт министрлігі

Жас шегі қойылған спорт түрлері 2

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жас шегі қойылған спорт түрлері 3

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жас шегі қойылған спорт 4Фото: Туризм және спорт министрлігі


"Биатлоннан футболға дейін": Жоғары аудиторлық палата миллиардтаған қаржы бөлінсе де, медаль әкелмеген спорт түрлерін атады


Таеквондодан бас бапкер жалған құжат жасап, жасөспірімдер жарысына қатысқан: Министрлік оны жауапқа тартпаған


Еске салайық, бұған дейін олимпиадалық емес спорт түрлеріне артық қаржы жұмсалғанын жазған едік. Жаттығу бағдарламаларының болмауы, спорт мектептеріндегі қабылдау жүйесінің ашық емес екені, медициналық көмектің ескіргені сияқты проблемалар да анықталды. Дирекция басшылығына 3,5 миллиард теңге көлемінде сыйақы берілген. Министрлік 2024 жылғы жаңа заң аясында спортты қаржыландыру жүйесін қайта қарағанын және ашықтықты арттыруға бағытталған жоспар қабылдағанын мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 17:44
Талқылау
`