"Балалардың мүддесін қорғауға көмектеседі": Қазақстанда неке келісім-шартын жасайтын ерлі-зайыптылар көбейген
Фото: freepik.com
Қазақстанда көптеген ерлі-зайыпты өз құқықтарын қорғау үшін неке келісім-шартын жасайтын болған. Мұндай құжаттар некені бұзу кезінде мүліктік дауларды болдырмауға, балалардың мүддесін қорғауға көмектеседі. Дегенмен, мамандар мұның кері тұстары барын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылы Қазақстанда 6 мыңнан астам неке шарты жасалған. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Қазақстандықтардың пікірі бұл тақырыпқа келгенде екіге бөлінді. Бірі мұны ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімсіздігінің көрінісі десе, енді бірі даму мен қарым-қатынасқа прагматикалық көзқарастың түрі деп санайды.
“Меніңше бұл бізге қажет емес. Некеге тұрған адамдардың арасында сенім болуы керек”, “Ересектерге арналған теориялық тәжірибе. Бұрын махаббатқа сенуге болатын еді. Бірақ қазір адамдар практикалық және прагматикалық бола бастады”, “Мен неке шартына қарсымын. Өйткені, адамдар үйленетін кезде бір-біріне сенуі керек”, – дейді олар.
Белсенділердің айтуынша, неке шарты болашақта көптеген жанжалдардың алдын алады. Ол ерлі-зайыптылардың активтерін, соның ішінде бизнесті, жеке және жылжымайтын мүлікті қорғауға көмектеседі. Ажырасудан кейінгі әрбір тараптың жауапкершілігін анықтайды. Сонымен қатар келісім балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
“Ажырасқаннан кейін балалар кімге қалады. Кім қандай қамқорлық жасап, қандай жауапкершілікке ие болуы керек. Ата-ананың бірінің тәрбиеге атсалысуы, білімге деген жауапкершілігін арттыруы үшін мұның бәрі нақтылануы керек. Өйткені ешкім ешнәрседен қорғалмаған”, – деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі Гүлнар Омарова.
Заңгерлердің айтуынша, Шымкентте неке шартын жасасу тәжірибесі сирек кездеседі.
“Психологиялық тосқауыл мен менталитет әрекет етеді. Көптеген адамдар неке шартын ықтимал дауларды әділ шешу құралы ретінде емес, ықтимал ажырасудың белгісі ретінде қабылдайды. Келісім болған жағдайда да, ажырасу процесінің түпкілікті нәтижесіне әсер ететін нюанстар бар. Бұл мәміле жалпы мәмілелер принципіне негізделген бірқатар себептер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін. Барлық тармақтарды түсіну керек. Бұл менің таныстарымның арасында ғана таралып жатқан жағдай. Ал көпшілік арасында келісім-шарт жасалып жатқан жағдайды кездестірмедім”, – деді заңгер Евгений Яворский.
Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде әрбір екінші неке бұзылады. Өткен жылы Қазақстанда 40 мыңнан астам ажырасу оқиғасы тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев елімізде әрбір екінші неке бұзылатынын мәлімдеген еді.

"Баланы тұз қосылған суға шомылдыру, омырауын сығу" сынды салттар қаншалықты дұрыс – Мамандар жауап берді
