Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр": Сайран жағалауын қоқыстан тазартқан жігіт желіде мақтау жинады

Фото: @damushy.qazaq парақшасынан

Алматылық TikTok қолданушысы @damushy.qazaq Сайран жағалауындағы қоқыс мәселесіне назар аударып, жұмысшыларға көмектескені оқырмандардың ықыласына бөленді. Ол құрылысы әлі ақталмаған көлдің жағалауын қоқыс басып кеткенін көріп, қоқысты жинауға кіріскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы әкімдігінен қандай шаралар қолданғанын сұрап білді.

@damushy.qazaq Сайран жағалауындағы тазалық мәселесіне байланысты жазбасында, қоғамдық сана мен жауапкершілік жайлы ой қозғады. Ол көмектескісі келген жандар табылар деген ниетпен екі жұп қолғап ала барғанын, алайда екінші жұптың қажетке жарамай қалғанын айтты.

"Сайран... Біреу көмектескісі келіп қалса деген оймен екі жұп қолғап алған болатынмын, өкінішке орай екінші жұп қолданыссыз қалды. Бір Қытай жігітінің “thank you” деген сөзі болмаса, басқалар жымиып та қарамады. Бәлкім, көпшілігі мені сол жердің жұмыскері деп ойлаған да шығар. Кішкентай бауырларымыз, балаларымыз жүретін жерлерді шылым, ішімдік, насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр. Қаланың тазалығы ең бірінші кезекте халықтың мойнында. Енді 1-2 сағат таза тұрса, соған да шүкір", – деді @damushy.qazaq. 

Сайран жағалауындағы тазалық мәселесіне қатысты әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікірлер білдіріп жатыр. Кейбір оқырмандар жағалаудағы келеңсіз көріністерді көріп, бұл әрекеттердің жергілікті тұрғындарға тән емес екенін атап өткен. Олардың айтуынша, "Алматылықтар ондай тәртіпсіздікке бармайды, Сайранда кімдердің демалып жүргенін видеолардан көрдік, бәрі түсінікті болды. Бұлар жергілікті емес" деп жазған.

Көпшілік пікірлерде қоршаған ортаға бейқам қарау жабайылықтың көрінісі ретінде бағаланған. Желі қолданушыларының бірі "Жабайылықтан қашан арыламыз?" деп реніш білдірсе, тағы бірі Алматыда туып-өскенін айтып "Қала көшесіне қоқыс тастауға дәтім бармаған, мұны тек түйсігі төмен адамдар жасайды” деді.

Бұл мәселеге байланысты Алматы әкімдігі редакция сауалына жауап беріп,  жаңартылған Сайранға 124 қоқыс жәшігі орнатылғанын атап өтті. Алдағы уақытта Сайранда су қоймасы мен оның маңын тазарту бойынша сенбілік өтетін еске салды.

"Алматы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, Сайран су қоймасы маңында демалыс аймағын кезең-кезеңімен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақтың ресми ашылуы әлі өткен жоқ, нысан пайдалануға берілмеген. Қазір урналар мен кіші сәулет формалары сияқты бірқатар абаттандыру элементтері орнатылу кезеңінде тұр. Реконструкцияның барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін, аумақ толықтай қажетті инфрақұрылыммен жабдықталады жарықтандыру, демалыс орындары мен бейнебақылау жүйелері орнатылады", – деп пікір білдірді Алматы әкімі.

Әкімдік күн сайын Сайран көлінің аумағында 40 қызметкер жұмыс істеп, қоқысты жинау және шығару жұмыстарын атқаратынын атап өтті. 

"Орта есеппен тәулігіне 5 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Сайран көліне күн сайын шамамен 3-4 мың адам келеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында Сайранда күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, жүзуге тыйым салынғаны жөнінде белгілер орнатылған. Алайда, тұрғындар тәртіп ережелерін сақтамай, қоқыс тастап, абаттандыру элементтерін бүлдіріп жатыр. Бұл жағдай жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігіне кедергі келтіреді", – деп әкімдік ренішін білдірді.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда мәдениеттілік танытуға, коммуналдық қызметкерлер еңбегіне құрметпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырады.

Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында полиция профилактикалық шараларды арттырды. Алмалы және Әуезов аудандары әкімдіктерімен бірлескен көшпелі кеңесте құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары талқыланды. Жақында екі модульдік полиция бекеті орнатылып, патрульдеуге дрондар тартылмақ. Сондай-ақ жағалау бойына бейнебақылау камералары қойылады. 

Соңғы екі аптада 120-дан астам құқықбұзушы жауапкершілікке тартылған. Тұрғындармен кездесулер, парақшалар тарату және әлеуметтік жарнама арқылы түсіндіру жұмыстары жалғасады.


Абай облысы әкімдігі Алакөлдегі қауіпсіздікті басты назарда ұстап отыр


"Ақшаны босқа шашу": Атырауда шенеуніктер кішкентай аулаға 54 орындық орнатқан


Еске салайық, күні кеше алматылық тұрғын Әлия Байбуға Сайран көлінің санитарлық жағдайына алаңдап, адамдардың ластанған суда шомылып жүргеніне шағымданды. Ол қоғамдық тәртіптің сақталмауы мен тазалықтың жоқтығын сынға алды. Әлияның айтуынша, көл айналасы үнемі лас, ал көліктер заңсыз тұрақтайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы көлге мониторинг жүргізіп жатқанын, мамыр-қыркүйек аралығында су сынамалары алынатынын хабарлады.

@damushyqazaq Сайран 💔 ~Біреу көмектескісі келіп қалса деген оймен екі жұп қолғап алған болатынмын, өкінішке орай екінші жұп қолданыссыз қалды. ~Бір Қытай жігітінің “thank you” деген сөзі болмаса, басқалар жымиып та қарамады. Бәлкім, көпшілігі мені сол жердің жұмыскері деп ойлаған да шығар. ~Кішкентай бауырларымыз, балаларымыз жүретін жерлерді шылым, ішімдік, насвай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр. Қаланың тазалығы ең бірінші кезекте халықтың мойнында. Енді 1-2 сағат таза тұрса, соған да шүкір. #сайран #алматы #тазалық #damushyqazaq ♬ original sound - Damushy Qazaq
Айым Атамбаева
Сенбі, 21 Маусым, 2025 11:07
Талқылау