Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Екі апталап күтеміз, балаларды жуындыра алмаймыз": Маңғыстау облысында тұрғындар су тапшылығына шағымдануда

Маңғыстау облысында тұрғындар су тапшылығына шағымдануда. Айтуларынша, бірнеше апталап сусыз отыратын кездер болады. Ыдыс, кір жууға қажетті суды сағаттап күтетіндер бар көрінеді. Осындай тапшылық орнаған уақытта Ақтау қаласында жолдың шаңын басуға арналған жаңа көліктер көшеде су шашатын болыпты. Тұрғындар халыққа су жетпей жатқанда бұл бастаманың сәтсіз болғанын айтып отыр. Ал әкімдікте су расымен де тапшы екенін растады. Оның да өз себебі бар екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жақында ғана Ақтау әкімдігі қаладағы жасыл желектерді суарумен айналысатын жолдың шаңын басатын 4 дана жаңа көліктер пайда болғанын хабарлады. Оларды "Green city Aktau" компаниясы сатып алған көрінеді.

“Бұл арнайы көліктердің мүмкіндігі мол. Көліктің екі жағында суаруға арналған краны мен насосы орнатылған. Көлемі 12 м3 және 16 м3. Сыйымдылығы мол көліктердің көмегімен бірнеше алқапты суаруға және тас жолдарды жууға брлады. Ал сыйымдылығы шектеулі ескі үлгідегі көліктер бір тәулікте бірнеше рет су қоймасына баруға мәжбүр еді. Енді көп функционалды көліктердің көмегімен уақыт та үнемделіп, жұмыс жасау тиімділігі де артпақ”, – дейді әкімдік хабарламасында.

Қаладағы су шашатын көліктер, Маңғыстау облысы әкімдігі

Қала тұрғындары арасында бұл бастаманы сынағандар табылды. Себебі халық ауыз суға жете алмай жүр.

“Үйдегілердің күні бойы аңдығаны су. Басқа барар жері жоқ па? Ақбұлақ, Ауыз су бағдарламаларында сағаттап су беру күндеп, апталап, айлап бермеу керек деп айтылмаған шығар”, – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір қала тұрғыны көліктер суын жасыл желектерге себуді ұсынды.

“Ол далаға шашқан суды Арай массивіне бермейсіңдер ме, шашқанымен кеуіп кетеді. Одан да жасыл желектерді көбірек газон егіп осған шашқан жақсы шығар”, – дейді Гаухар Іздібай. 

Ал Маңғыстау облысы әкімдігінде бұл көліктер техникалық сумен қамтамасыз етілгенін алға тартады. Облыста су тапшылығы расымен де көрініс тауып отырғанын басқармада растады. Оның себебін әкімдік соңғы уақытта көбейген халық үлесімен түсіндіріп отыр. 

Осы ретте өңір тұрғындары судың қажет кезде болмай қалатынына күйініп болған.



“Сусыз өлетін болдық. Нәтиже жоқ болса жөндеу жұмыстары не үшін жасалды? Бізден тұрақты түрде төлем жасағанымызды қалайды, бірақ қарапайым өздерінің міндеттерін орындағысы келмейді. Қайда хабарласпасаң да себеп іздеп тұрады. Бұл қалада не сұмдық болып жатыр?”, – деп жазады қала тұрғындарының бірі.

Тағы бір тұрғын су айдың басынан бері болмағанын айтады. Өздері тұратын бесінші қабатта су жоқ дейді.

“Балаларымызды қайда барып жуындырарымызды білмей отырмыз. 5-қабаттқа мүлде су көтерілмейді”, – дейді Акма есімді тұрғын.

Маңғыстау облысы Басқұдық ауылы тұрғыны Бауыржан Тәңірбергенов энергия көзімен бірге су мәселесі шаршатқанын айтады. 

“Екі апталап күтеміз, жарты күн берсе береді, болмаса ол да жоқ. Бұл мәселеге жоғарыдағы мырзалар мән берсе жақсы болар еді. Сөзіме сенбесеңіздер келіп тексерсеңіздер болады”, – дейді ол.

Әкімдікте өз кезегінде 2022 жылға дейін 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау қолға алынғанын. Осы ретте Бекі және Басқұдық ауылдарын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталып, іске қосылып жатқанын хабарлады.

“Қалған 10 ауыл жыл соңына дейін қамтылады. Нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтуды биыл 96%-дан 100%-ға дейін жеткіземіз", – деді әкімдікте.

Жалпы Маңғыстау облысында су техникалық және ауыз су деп екіге бөлінеді екен.

“Көліктерде техникалық су қолданылады. Техникалық су бойынша ешқандай мәселе жоқ. Су тапшылығы бойынша, өңірде "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясы бар, бұрындары ол Маңғыстау облысын толық сумен қамтамасыз етуге қауқарлы еді. Қазір өңірде адам саны көбейіп, тұтынушылар саны өскендіктен су тапшылығы да арта түсті. Осы бағытта 2025 жылға дейін 9 жобаны жүзеге асыруды қолға алдық.

Жуырда солардың бірін іске асыру шеңберінде Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауыты іске қосылады. Нәтижесінде "Астрахан-Маңғыстау" су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне қолданылады. Сондай-ақ, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі жүргізілуде”, – деді облыс әкімдігінде.

Белгілі болғандай, жазда 5 мың текше метр су тұшыту қондырғысы қолданысқа берілмек.

Бұған қоса, биыл "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" компаниясы аумағында өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метр және Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады. Осы жобалар қолға алынған соң су тапшылығы бойынша еш мәселе болмайды.

Ал қаланың өзінде суға шектеу жоқ. Судың қысымы түсетін кездер болады. Шағымданып жатқандардың көбі жоғары қабатта тұратындар. Оларға су баяу барады. Ал су мүлдем берілмей, тоқтап қалу деген болмайды”, – дейді баспасөз қызметінің өкілі Ғалия Кенжебаева. 

Тұрғындар көбіне шағымданатын судың түсінің өзгеру себебін де әкімдік өкілінен сұрадық.

“Ақтау қаласындағы су желілері 75 пайызға тозығы жеткен. Қала құрылғалы кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен жылына орта есеппен 1500 апатты жағдай болады. Ол жердерді адамдар ретке келтіріп құбырларды қосқанда сары су ағады. Ол кейде ғана болатын жағдай”, – деп түсіндірді әкімдікте. 

Талқылау