БАҚ: Атыс болған үйдің жаңа иесінің әпкесі де сот орындаушысы болған
Алматыдағы "Ақбұлақ" ықшамауданында болған атыс кезінде қаза болған үйдің жаңа иесінің туған әпкесі де жеке сот орындаушысы болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Express Qazaqstan басылымына сілтеме жасап.
Алматыдағы атыс кезінде көз жұмған Нұрахмет Тұрғановтың туған әпкесі, Гүлмира Тұрғанова Алматы қаласында жеке сот орындаушысы болып қызмет атқарады.
Egov.kz сайтындағы жеке сот орындаушылардың тізімінде үйдің жаңа иесінің әпкесі мен оқиға кезінде қайтыс болған жеке сот орындаушы, марқұм Мұрат Әбеновтің аты-жөндері қатар тұр. Қайғылы оқиға болған кезде марқұм болған бес азаматпен бірге әпкесі Гүлмира Тұрғанова да бірге барған. Алайда, ол бесеумен бірге үйдің ауласына кірмеген. Сол себепті аман қалған.
Атыс болған үйдің жаңа иесі бұған дейін де банк арқылы өткізілген сату аукциондарына қатысып, жеңімпаз деп танылып жүрген. Сондай-ақ, электронды аукцион арқылы жеңіп алған мүліктерін толық иелену үшін бірнеше мәрте сотқа да шағымданған.
Нақты мысал келтірер болсақ, Нұрахмет Тұрғанов 2018 жылғы 4 маусымда Алматы қаласының Әуезов аудандық сотына Фархат Ахтамов пен Жібек Махамбетованы мәжбүрлеп көшіру туралы талап арыз берген. Ол шағымдану себебін 2017 жылдың наурызында аукцион арқылы 4 миллион теңгеге сатып алған пәтерінде бұрынғы иелері әлі де заңсыз тұрып жатқандығымен түсіндірді.
Тұрғанов меншік иесі ретінде құқығын тіркегеннен кейін пәтердің бұрынғы иесі Ахтамов пен Махамбетовадан пәтерді босатуды сұраған. Бірақ олар бас тартқан. Сот отырысында айыпталушылар соттан талап арызды қанағаттандырмауды, яғни өздерін үйден шығармауды сұраған. Себебі олар пәтерді сатылымға шығарған жеке сот орындаушысының баспананы сату бойынша әрекетіне шағымданатындықтарын айтқан. Ал, сот олардың уәжін есепке алмай, Тұрғановтың пайдасына шешім қабылдаған.
Тұрғановтың портфолиосында осыған ұқсас бірнеше жағдайлар болған. Ол көбінесе азаматтық істер бойынша сот отырыстарына электронды аукцион нәтижелерінің хаттамаларын жарамсыз деп тану үшін талапкер ретінде, шақырылып жүрген. Кәсіпкер тек даулы баспаналарды сатып алумен шектелмеген сияқты. Мысалы 2018 жылдың қаңтарында Нұрахмет Тұрғанов соттан электронды аукционнан сатып алған Toyota Highlander автокөлігін айып тұрағынан босатуға шешім шығаруды сұрап шағымданған.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.