Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағанышылдағы балалар үйінің қызметкерлері "өз еркімен жұмыстан кетуге" мәжбүрлеп жатқанын айтты

Бағанашылдағы балалар үйі

Фото: Видеодан скрин

Бағанышылдағы балалар үйінін қызметкерлері әлдекімдердің оларды “өз еркімен жұмыстан кетуге” мәжбүрлеп жатқанын айтып, адвокат Анна Черновадан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балалар үйінің қызметкерлері әлеуметтік желіде үндеу жариялады.

“Бізге қысым көрсетіп жатыр. Біз алаңдаулымыз. Кеше бізге “қаласыңдар” деп айтты. Бірақ бізді “өз еркімен жұмыстан” кетуге мәжбүрлеп, балаларды қорғаған адамдардан құтылмақ. Өтініп сұраймыз, ұжымға қорғаны болыңызшы”, – деді қызметкерлердің бірі.

Алайда әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланғаннан кейін балалар үйінің ұжымы жақсы жаңалықты бөлісті. Олардың айтуынша, комиссия келіп, барлық мәселелер оң шешімін тапқан.

Алматы қаласының әкімдігі қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы әңгіме болмағанын мәлімдеді.

“Бүгін Алматы қаласының мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, Алматы қаласы мен Алматы облысы білім басқармаларының өкілдері Бағанашыл шағын ауданындағы “Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталық” КММ ұжымымен жеке кездесу өткізді. Кездесуде балалар үйінің қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Орталықтағы педагогтарға олар Алматы облысынан Алматы қаласының білім басқармасына ауыстырылатыны туралы, бұл ретте олардың еңбек құқықтары сақталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбек шарттары қайта рәсімделетіні және олардың жеке жазбаша келісімі ескерілетіні түсіндірілді. Балалар үйі қызметкерлерінің жұмыстан босатылатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды”, – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Әкімдік балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталықтарының аумағында тұрып, Алматы қаласындағы мектептерде білім алады деп уәде берді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаевқа еркінен тыс көшіру қоғамда наразылық тудырды. Қоғам белсендісі Аружан Саин бұл әрекетті заңға және Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясына қайшы деп атап өтті. 

Кейін Тоқаев Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырғаны мәлім болды. Президент Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және бұл нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.

 

Айым Болатқызы
Сенбі, 02 Тамыз, 2025 10:13
Талқылау
`