Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Әжептәуір Алматыны Қаскелең қылып тастады-ау": Отандық жазушы Бәйбектің кеткеніне қуанғанын жасырмады

Белгілі жазушы, журналист, сатирик Бейбіт Сарыбай Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек қызметінен кетуіне байланысты өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасына пікірін білдіріп, бұрынғы әкім несімен есте қалғанын тізіп шықты. 

"Қайбір жылы Алауханов (Есберген Алауханов - заңгер, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде 2011-2012 жж. декан - ред.) журфакқа декан болып келе қалғанда, әлкеуде студенттер қомсынған еді... Былайғы жүрт та бұның журфакқа не қатысы бар дегендей сыңай танытқан. Ал, кеткен кезінде «алақай, Алауханов кетті...» деп бөріктерін аспанға атты...

Бүгін Байбек кетті. Журфактың студенттеріндей алақайламасақ та, іштей күткен тілегіміз орындалғандай күй кешіп отырғанымыз рас. Бәукең жалпы әкім ретінде әлеуметтің әлеуітен көтеруде үлкен еңбек сіңірді. Қаланы біршама ретке кетірді. Бірақ тыныш тұрған бордюрларды алып, орнына тура сондайларын қайта қойғанда, сол ақшаны бұдан көрі басқа нәрселерге жұмсаса да болар еді ғой дедік. Сол сияқты көптеген «тірліктері» болды... Керексіз жерге көп күш жұмсалды. Күш бар жерде куш бар екенін біраз жұрт біледі...

Сосын көшелердің бәрін бір бағытты қылғанда, Үшқоңырдың баласы әжептәуір Алматыны Қаскелең қылып тастады-ау дедік.

Темір жолын тарсылдатып кетіп бара жататын трамвайдың да түгесілген тағдырының да сыры тереңде. Екі рет жолдан шығып кетті деп, өзімен-өзі кетіп бара жатқан трамвайды тоқтата салу үшін де Бәукеңдікіндей тізеге баса алатын тік мінез керек еді. Трамвай дегеніңіз Алматының ерекшеліктерінің бірі еді. Темір жол тарту мен трамвайлар сатып алу миллиондардың әңгімесі. Ол бізде бар еді. Жоқ болды. Салу қымбат болғанмен, жоғалту тегін екен.

Алматылық шопырлардың зығырданын қайнатқаны Әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықты сексеннен алпысқа түсіргені болды. Басқа-басқа әл-фараби көшесінде ешқандай кедергі жоқ еді. Жаяу жүргіншіге қауіпті болғандықтан Алматының кез-келген көшесін 50 қылып тастауға болады. Ал, әл-Фараби сексенге лайық еді. Тұтас даңғыл бойында жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірлер тұр. Тіпті ол көшеде әрі-бері өтетін жүргінші де жоқтың қасы. Енді сол даңғарадай жолды алпысқа түсіруі жол қауіпсіздігі үшін емес, таза тиын жасау мәселесі еді. Айыппұлмен жан бағып отырған бюджетті, семірткісі келгені айдан анық.

Қонаев көшесінің екі жағын көлік тоқтамастай тарылтып, орнына веложолақ салып тастауын да көп ешкім құптай қойған жоқ. Күніге екі-үш белесебет көрсек көрдік, көрмесек ол да жоқ еді. Күллі көшелердегі әр сағат сайын жүз теңгеңді қағып алатын ақылы тұрақтардың да тірелер жерінің жобасы бар көрінеді. 

Осындай-осындай тірліктерімен біреуге жағып, енді біреуге жақпаған Бауыржан Қыдырғалиұлы Алматыдан аттанды. Жасаған, атқарған, бітірген, тындырған істері де ел игілігіне айналсын. Жолы болсын, биіктесін, рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Бірақ, кетті дегенде біртүрлі қуанғанымыз рас. Неге екенін итім білсін. Шын айтам. Крышасы бар жігіт қой, далада қалмас..."

Айта кетсек, Алматыдағы бордюрларды жаппай ауыстыру, трамвай көлігін жою, үлкен жолдардағы жылдамдықты 80-нен 60 шақырымға түсіру, орталықта ақылы паркинг енгізу, бірнеше жолдарды біржақты қылу және Атакенттегі зор тиіңнің мүсінімен есте қалған Бауыржан Бәйбек 2015 (9 тамыз)-2019 (28 маусым) аралығындағы еліміздің ең ірі шаһарында әкім болды. 

Бауыржан Бәйбек "Нұр Отан" партиясының төрағасы орынбасары қызметіне тағайындалса, Алматыға басшылыққа Бақытжан Сағынтаев келді. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр