"Ажалынан бір күн бұрын әке болатынын білді": Қаңтарда күйеуінен айырылған алматылық келіншек төрт баласын әкесіз өсіріп жатыр
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда қаза тапқан Руслан Қуатұлының жұбайы Айгүл Ахметжанова қызын әкесіз өмірге әкелді. Ерлі-зайыптылар қаңтардың бесі күні кішкентайлы болатындарын бірге білген. Бір күннен кейін Руслан Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде оққа ұшқан. Айгүл Stan.kz тілшісіне жолдасы жайлы естеліктерді бөлісіп, қазіргі тергеу барысы туралы айтты.
Айгүл Ахметжанова мен Руслан Қуатұлы 2005 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде 40 жастағы Айгүлдің төрт перзенті әкесіз өсіп жатыр.
Ал жұбайы Руслан 1982 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында дүниеге келген.
"Өзім Атырау қаласынан боламын. Бұрын политехникалық институттың мұнай және газ саласын бітірдім. Содан кейін Алматыға келіп, Русланға тұрмысқа шықтым. Өз салам бойынша жұмыс істемедім. Екекуміз Талғардан үй соқтық. Қазір сондағы саяжайлардың бірінде тұрамыз. Наубайхана, балабақшада жұмыс істеппін. Қазір декреттегі әйелмін. Ауруханадан декретке шықтым. Күйеуім бақилық болар алдында "сенен экономист шықпайды" деп, колледжге мейірбике ісіне тапсыртты. Қазір бір жағынан 3-курс студентімін. Күйеуім бір нәрсені сезгендей екен. Өзі қоймай оқуға тапсыртқызған еді.
Үлкен қызымыз 17 жаста. Талғардағы медициналық колледжінің 3-курсында оқиды. Сабағы жақсы. Жақында мемлекеттік грантқа ауысты. Одан кейінгі ұлым 12 жаста. Ол 6-сыныпта оқиды. Кіші балам беске толды. Ол балабақшаға барады. Кенжеміз төрт айлық. Әкесі оны көрмеді. Есімін Раян деп өзім қойдым. Аллаға шүкір! Балаларымның бәрі де ақылды. Әкелеріне жаман сөз әкелмейді деп ойлаймын", – дейді жалғызбасты әйел.
Әйелінің айтуынша, күйеуі өте мейірімді болған. Балаларын қатты жақсы көрген екен.
"Бәрімізді қамтамасыз етіп жүрді. Алматының халықаралық әуежайында жұмыс істеді. Қаңтардың 1-нде еңбек демалысына шыққан. Әрқашан өз отбасын ойлаумен жүрді. Біздің асыраушымыз болатын. Қолым бос деп қарап жатпаушы еді (көзіне жас алды). Сол күні қалаға таксист болуға шықты. Басында қалада не болып жатқанынан хабарымыз жоқ. Ғаламтордың бәрі сөнген. Сағат кешкі 6 шамасында хабарласқанымда, әуежай жақта жүрмін деді. Кешкі 8 шамасында, “Айнабұлақ” ықшам ауданындамын деген. Қалада осындай тәртіпсіздіктердің болып жатқандығын айтты", – дейді ол.
Руслан өз сөзінде қаладағы тәртіпсіздіктер туралы айтып, онда бармайтындығын, уайымға салынудың жөні жоқ екенін ескерткен.
"Кешкі сағат 10 шамасында телефонын мүлдем көтермеді. Осы кезде оған қайта-қайта қоңырау шалдық. Ол қоңырауымызға бірден жауап беретін. Бір кезде бейтаныс адам ұялы телефонын алып "сіздің күйеуіңіз жан тапсырды" деді. Өзім шок болдым. Жедел-жәрдем шақыру керегін айтып, жылап жібердім. Бірақ маған “қайтыс болды” деді. Күйеуімнің денесі Назарбев пен Абай даңғылынын қиылысында екендігін айтты. Сол түні барлық туыстарға және оның достарына хабарластым. Бәрі де енді қаладағы атыстан хабардар. Ешкім оны алып кетуге бармады. Сол күні бәріміз де қорықтық.
Өзім таңға дейін күттім. Әлі де болса Русланның оралатынына сендім. Тірі шығар деген үміт те болды. Өкінішке қарай, азанда оның бауыры денесін алып келді. Қасында тағы бір мәйіт болыпты. Ол жолаушысы екен. Артқы орындықтағы аман қалған. Оның түсініктемесінде күйеуім "қорықпаңдар, қазақ қазақты атпайды" деген екен. Олар кетіп бара жатып, қаладағы жағдайды әңгіме қылған. Күйеуім қазақ қазақты атпайды деген сенімде болған", – дейді Русланның зайыбы.
Келіншек күйеуінің өте еңбекқор әрі тынымсыз болғанын айтады. Бос уақытын қосымша ақша табуға арнаған.
"Көлік жүріп келе жатқанда алдарынан оқ атылған. Бірінші алдындағы жолаушыға оқ тиеді. Күйеуі көлікпен оқтан қашпақшы болған.Жолаушы жақтан атылған оқтың ізі көп. Тоқтаусыз ата берген. Көлік есіктеріндегі әйнектің бәрі шағылған. Бұрылып қашқанда оқ артқы әйнекті шағып, жолдасым желкесіне тиген оқтан тіл тартпай кеткен. Көліктің де сау-тамтығы қалмапты. Күйеуім көлікті басқара алмай, жол шетіндегі ағашқа соғылған. Көлікке де айтарлықтай зақым келген.
Жағдайды көзбен көргендер әскерилердің атқандарын айтты. Билікті асыра пайдалану бойынша іс қозғалды. Бірақ күйеуім коменданттық тәртіпті бұзды деді. Бәріне үйден шықпаулары жайлы айтылды. Сонда менің күйеуім шыққаны үшін кінәлі ме? Құзырлы мекемелер бұның барлығы да құпия дейді. Кімдердің атқанын айтпаймыз деп жатыр. Осылай прокуратура істі тоқтатты", – дейді ол.
Алматы қаласы ПД-нің жедел-тергеу тобы ҚР ҚК-нің 451-бабының (Билікті асыра пайдалану) 1-тармағының 2 бөлігінде билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану негізінде сотқа дейінгі тергеп тексеруді, ҚР Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабының (Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән жайлар) 2-тармағының 1 бөлігіне сүйеніп тоқтатқан. Бұл шешімді Алматы қаласының прокуратурасы бекіткені мәлім болды.
Айгүлдің сөзінше, балалары әкелерімен өткен әрбір күндерді еске алады.
"Күнде бала-шағамыз әкесін күтетін. Қайта-қайта хабарласып, қашан келетіндігін сұрайды. Руслан да үйге құр қол келмеуші еді. Біз отау құрғалы бері, пәтер жалдап жүрдік. Қала маңындағы саяжайдан үй салдық. Үй салып беруге үлгерді. Қаладан бір үйіміз болса екен деп армандады. Балаларымыз ертең оқуға түссе, керек болады деуші еді. Пәтер алуға тырысамыз дейтін. Талғардан қалаға қатынау бәрібір де қиын. Кішкентай қызын да көре алмай кетті. Есімін – Раян деп қойдым. Бесі күні екеуміз бірге аяғымның ауыр екенін білдік. Сол күні қатты қуанды. Бір күн ғана қуанып, артынша ажал құшты", – дейді жалғызбасты ана.
"Қазақстан халқына" қоры отбасыға қаражат бөлген. Келіншек көмек көрсеткендерге өз алғысын білдірді. Бұл ақша азда болса, бала-шағама көмек болады ғой дейді.
"Күйеуімді қайтара алмаймын. Күйеуімнің зиратындағы тасын көтеруге қайын ата-енем несие алған. Әкімшілікке барып өтініш қалдырып едім, жақында үйге келіп соқты. Күйеуімнің атындағы несиесін төледі. Жаңа босанған әйел ретінде балаларыма керек-жарақты алып берді", – дейді ол.
Кейде осыншама жазығы жоқ адамдарды атып тастағандар қалай өмір сүріп жатыр екен деген ойға шомып кетемін дейді келіншек.
“Әкесіз өмірге келген сәбилердің көз жасы жақсылыққа жеткізбейді”, – дейді ол.
"Асыраушыларымыздан айырылғанымызға бір жыл болып қалды. Қаншама ана балаларынан айырылды. Әрқайсымыздың жүрегімізде билікке деген ашу-ыза бар. Үкімет халықты тыңдап, халық үнін естуі керек. Өз халқының жайлы өмір сүруіне жағдай жасауы тиіс. Халық жапа шекпеуі керек. Балаларымыздың бейбіт күнде өмір сүргендерін қалаймын. Мұндай қасірет енді қайталанбасын. Біздің азаматтарымыздың арқасынан ешкім оқ атпасын", – дейді ол.
Айгүлдің ендігі арманы осы балаларына жақсы тәрбие беру. Үлкен қызының жоғары оқу орнына түскенін қалайды. Ұлы 7-сыныптан кейін зияткерлік не лицей мектебінде оқыса дейді. Болашақта қалада балалары үшін баспана болғанын қалайды. Тірі кезіндегі күйеуінің де басты арманы осы еді.
Қадірәлі САРЫПБЕК