"Айлығымызды көбейтсін": Жаңаөзендік жұмысшылар Нұр-Сұлтандағы еңбек министрлігінің алдында түнеп жатыр
Бұған дейін талай рет ереуілге шыққан Жаңаөзеннің "Кезби" компаниясының жұмысшылары Нұр-Сұлтанға келіп, еңбек министрлігінің алдында түнеп жатыр. 10 күннен бері далада қонып жүрген олар барар жеріміз қалмады, деп наразы. Сөздерінше, басшылары жалақыны көтереміз деп, кейін уәдесінде тұрмай қойған. "ӨзенМұнайГаз" компаниясының мұнайшыларымен бірдей жұмыс істесек те, жалақымыз олардан әлдеқайда аз, дейді кезбиліктер. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агентігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалақы мәселесін көтеріп, бірнеше рет ереуілге шыққан "Кезби" компаниясының жұмысшылары басшылық берген уәдесін орындамады, деп ашулы. Маңғыстаудан мәселенің шешімін таба алмай, жиырма төрт азамат ел астанасына келіп, еңбек министрлігінің алдында түнеп жатыр. Маңдай теріміздің ақысы адал төленсін деген олар басшылық сөзінде тұрып, жалақыны 30% көтерсін деп талап қойып отыр.
"Әлік Айдарбаев бізге Маңғыстау облысына келіп, "ҚазМұнайГаз-дың" басшысы "ӨзенМұнайГаз-ға" 30% жалақы көтеріледі. Қасындағы серіктес, мердігер мекемелерге де толықтай сол айлық көтеріледі деген. Сол сөзі сол айтылған жерде қалды. Ештеңе шешілген жоқ. Сондықтан біз соны талап етіп сұрадық. Маңғыстау облысында ешқандай шешім таба алмағандықтан, осы астанаға келдік", – дейді "Кезби" ЖШС жұмысшысы Қуатбай Темірбайұлы.
- Жаңаөзенде мұнайшылар тағы ереуілге шықты
- Жаңаөзен Қазақстандағы өмір сүру деңгейі ең төмен қала деп бағаланды
10 күн бойы министрлік алдын тоздырған жаңаөзендіктер өткен-кеткен бір шенді мен шекпенді жағдайымызды сұрамады, деп қапалы. Ал министрлік өкілі 20 күннен бері жұмысшылар талабын орындау үшін жұмыс істеп жатқандарын айтады.
"Баратын комиссияны өзім басқарып баратын болдым Жаңаөзенге оның ішінде "Кезби" мекемесіне. Басқа өңірлерден, атап айтатын болсақ, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе облысынан бір-бірден инспекторларды алып отырмын, сонымен қоса жергілікті үш инспекторды алып, жалпы он адам болып тексеріске барайық деп жатырмыз", - деп түсіндіреді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Оспанқұлов.
Министрлік бастап баратын арнайы өкілдер дүйсенбіден бастап жұмыс беріп отырған компанияда тексеру жұмыстарын бастайды. Шаруалардың наразылығына құлақ асқан министрлік бір аптаға жеткізбей мәселені шешеміз деп сендірді.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
