Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айгүл Орынбек: Таразда түрмеде отырған өзге дін ағымындағы азамат әйеліне хабарласып, өлтіремін деп қорқытып жүр

Заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек түрмеде отырған сәләфиттер жайлы айтты. Бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов пен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке үндеу жолдады. Қоғам белсендісі түрме жайы мен сәләфтардың әлеуметтік желіге еркін кіріп, сол арқылы насихат жүргізіп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Түрмеде отырған сәләфит әйелін қорқытуда! Бас прокурор Ғизат Нұрдаулетовтің назарына! Ұлттық Қауіпсіздік комитет төрағасы Кәрім Мәсімовтің назарына! Балаларын ұрып намаз оқытқан, әйеліне хиджаб кимегені үшін талақ айтқан еркек Тараз қаласында нөмірі 26-түрмесінде отырып қоқан-лоқы көрсетуде екен! Бір қызығы күнде кешке сағат 22:00-де видеозвонок арқылы звондап, ватсаппен хат жазып өлтіріп кететінін айтады екен", - деп жазды қоғам белсендісі. 

Оның сөзінше, түрмеде отырған ер адамның байланыс жасауға да мүмкіндігі бар көрінеді. "Түрмеде отырып неше түрлі нөмірмен звондайды әпке, бүкіл туған-туыс, әріптестеріме дейін звондап мазамды алып бітті. Мен не істерімді білмеймін қорқамын, көмек беріңізші" деп инстаграмм арқылы келіншек Айгүл Орынбектен көмек сұрапты. Қоғам Белсендісі облыстық құзырлы органдарына сауал қоя отырып, оларды бақылау жұмысы туралы айтты. Түрмедегілердің жазған смс-хатын жариялады. 

"Енді менен Жамбыл облысы құзырлы органдарына сауал! Түрмеге телефон кіретінін бәріміз білеміз, түрмеде отырып қарнын кесіп, түсіріп жіберіп жатқандарын көріп жүрміз интернет арқылы. Енді әйел бала-шағасын қорқытып, үрейде ұстау бұл не масқара? Түрмедегі сәләфиттермен жұмыс істеу үшін қыруар қаржы бөлінеді, сонда Таразда теологтер түрмеде отырғандармен жұмыс жасап жатқан жоқ па? Тіпті ол сәләфиттің фейсбукте, инстаграмда парақшасы бар екен! Түрмеде отырып, елдің миын улап отырған жоқ па? Жамбыл облысының ҰҚК-і сіздер осындай жағдай түрмелерде болып жатқанын білесіздер ме? Әлде тағы да бір сәләф бір отбасыны қырып тастаған соң, қолға аласыздар ма?", - деп жазған ол өзінің  facebook парақшасында.

Дәлел ретінде сотталушының әйеліне жіберген смс-хаттарының фотосын қоса жариялаған. 

Оқиғаға қатысты Жамбыл облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі түсініктеме берді. 

"Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті көрсетілген дерек бойынша ақпараттарды есепке алу кітабына тіркеді. Қазіргі кезде көрсетілген ақпараттың растығын және сотталғанды анықтау үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Жедел іздестіру шарасы барысында сотталған азамат анықталып, одан пайдалануға тыйым салынған ұялы байланыс құралы тәркіленді. Сотталғанның айтуынша оны мекеме қоршауынан лақтыру арқылы танысы жеткізген. Жинақталған құжаттар Тараз қалалық полиция басқармасына жолданып, қазіргі таңда аталған дерекке байланысты тексеру жұмыстары жүргізілуде", - дейді Жамбыл облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі. 

Талқылау